Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕТПІС АЗ БА, КӨП ПЕ?

ЖЕТПІС АЗ БА, КӨП ПЕ?

Жетпістің белесінен желіп өткен қарымды қаламгер, қоғам қайраткері, «Қазақ журналистикасының қайраткері», әріптес-дос Ағайдар Ысымұлы туралы жүрекжарды лебіз-тілек

Әңгімені бұл күнде жетпіс жастың шыңына шығып, ерен еңбегімен елге танылып, жұртшылық құрметіне бөленіп отырған ақсақал Ағайдар Ысымұлымен алғаш танысқан кезімнен бастайын...

Қазақ университетінің қабылдау комиссиясы талап еткен құжаттарға газеттерге шыққан мақалаларымды қосып, Алматыға тартып отырдым. Мақсатым журналист болу, ол үшін журналистика факультетіне түсуім керек екенін білемін... Бірақ сәті түспеді. Келген соң өз үйімдей болып кеткен редакцияға соғып, жағдайымды айттым. Газет редакторы ­Минер ­Арысбаев «Жасыма, ештеңе етпейді. Биыл болмаса келер жылы түсесің. Бізде бір бос орын бар, жұмысқа кел. Қайта дұрыс болды, шыңдаласың» деп көңілімді көтеріп тас­тады.
Минер Арысбаев білімді, білікті, талантты азамат еді. Жаңақорғанның жігіті. Сыни мақалалар мен фельетондары және сықақ әңгімелері керемет әсерлі болатын. Облыстық, республикалық газет-журналдарда аракідік жарияланып тұратын. Корректор болып қызметке кірісіп кеттім.
Келер жылы да оқуға түсудің сәті келмеді. 1968 жылдың күзгі шақыруымен әскерге алындым. Мәскеу әскери округіне қарасты Можайск қаласындағы «Н» әскери бөлімінен бір-ақ шықтым. Екі жылдық міндетті қызметті бітіріп келген соң, бір күні редакцияға соқтым. Орнымда ашаңдау келген жас жігіт отыр екен. Менен 3-4 жас кіші көрінді. Бұрын көрмегенмін.
– Мен – Сәрсенбекпін, – дедім қолымды ұсынып. Бұрын сол орында отырып бір жылдан аса уақыт жұмыс істегендіктен бе, өзімді еркін сезініп.
– Ә–ә, – деді орнынан жымия көтеріліп. – Естуім бар, есіміңіз өте таныс, «Өскен өңірдің» бетін бермейтін едіңіз, соңғы уақыттарда көрінбей кеттіңіз...
– Екі жыл әскер қатарында болып, борышымды өтеп келдім.
– Солай деңіз. Айтқандай, «қатардағы жауынгер» деп қол қойған бірнеше өлеңіңізді оқығаным бар...
Көп ұзамай қызметтес болдық. Бұл 1971 жыл еді. Газеттің редакторы Зәкім жайлыбаев екен. Мені де корректор етіп жұмысқа қабылдады. Кезектесіп газет бетін оқып, қатесін тексереміз. Газет аптасына үш мәрте – тақ күндері шығады. Сенбі күні ауданның маңайындағы шаруашылықтарға бір күндік іс сапарға жібереді. Біз көбінесе шағын хабар, құрылыстан репортаж, егістіктен суреттеме (зарисовка) дайындаймыз. Сүйекті, күрделі, көкейкесті мәселе көтеретін мақалаларды жазуды тапсырмайтын, жазып жатсаң қарсылық та болмайтын.
Жыл сайын аудандық мемлекеттік автоинспекция шаруашылықтар мен мекемелердің техникаларын техникалық байқаудан өткізіп тұратын. Арнайы құрылған комиссияның құрамына газет тілшісі ретінде Ағайдар енген екен. Байқау аяқталған соң газетке сыни мақала жазды. Анықталған кемшіліктерді тілге тиек ете отырып, аудан техникаларының көктемгі егін науқанына дайын еместігін атап көрсетті. Көлемі жүз жолға жетер жетпес мақалада жарамсыз, жөндеуден өтпеген техникалардың қай шаруашылықтан екені, оған жауапты адамдар дер кезінде жөнделмеуінің себебі инженерлер мен механиктердің салғырттығы бәрі, бәрі нақты көрсетілді. Мақаласына «55 аз ба, көп пе?» деген тақырып қойды. Сол тақырыппен газетке шықты. Ертесіне ұжым елең етті. Бұрындары мақала тақырыбы «Жөндеу жұмысы баяу жүргізілуде», «Егіске әзірлік нашар», «Жөндеу жұмысында сапа жоқ», тағы да басқа осы секілді бірыңғай хабарлы сөйлемнен қойылатын. Бұған өзіміздің де, оқырманның да көзі үйренген. Тосын тақырып шынында да, жұртшылық назарын бірден аударды. Оқырманнан әрі сұрап, әрі ойландырып тұр. Аудан шаруашылықтарында барлығы 55 техника жөндеуден өтіпті. Басқасын айтпағанда, 9-11 гектарға (1978-1972 жылғы көрсеткіш) күріш егіледі, соны қамтамасыз етуге аталмыш техникалардың қауқары жете ме, жетпей ме? Сұрақ осылай төтесінен қойылған. Бұл газет үшін жаңалық, оқырманды мақаланы оқуға тартудың бір тәсілі болды.
Ақаңның тағы бір ерекшелігі, қолына түскен мәліметті тиісті орындармен хабарласып нақтылап алған соң, бірден машинкаға баратын. Хатшы қызға ­дауыстап айтып отырып (диктовка жасап) бастыратын. Жұмысы қарбалас аудандық газет үшін бұлтаптырмайтын әдіс. Әрине, бірден диктовка жасау әр тілшінің қолынан келе бермейтіні де рас.
Тағы бір үлгі боларлық әдеті – ешқашан жұмыстан, кезекшіліктен, мекеме іс-шараларынан кешікпейтін. Досқа адал, ісіне мығым, әріптестеріне сыйлы болды. Осындай ерекшеліктерін ескерген редколлегия мүшелері Ағайдарды әдеби қызметкерлікке жоғарылату туралы редактордың ұсынысына бірден келісті.
1972 жылы Ағайдар журналистика факультетінің күндізгі бөліміне ­ауысып, Алматыға қоныс аударды. Редакция қызметкерлерінің ішіндегі жасы кішісі екеуміз едік. Бір үйдің баласындай болып жүрдік. Қимай қоштастық... Араға бір мүшелдей уақыт салып маған да Алматыға көшуге тура келді.
1984 жылдың қақаған қысында Алматыға қоныс аудардым. Тура желтоқсан айының 15-і күні болатын. Алдын ала сатып алып қойған үйімізге азын-аулақ затымызды қойдық. Негізгі мүліктерді контейнерге тиеп, пойызбен жібердік. Тұратын үйімізді ақтап, сырлап, жеңіл-желпі жөндеу жұмысын жүргізбекші болдық. Жөндеу біткенше Ағайдар досымыздың Мехпоселктегі шағын екі бөлмелелі пәтерінде тұрдық. Біз – үш баламыз, ­зайыбым және мен бесеуміз, Ақаңдарда адам басы алтау, он біріміз үш аптадай бірге өмір сүрдік. «Көңіл сыйса, бәрі сияды» деген рас екен. Дегенмен Ағайдардың ақжарқын, ашық көңілінің кеңдігі ғой бұл. Сол кездері Ағайдар аға басылым – «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде істеп жүрген.
Міне, Ағайдар Ысымұлы туралы сөз болғанда есіме осы оқиғалар түседі алды­мен...
Ол 1975 жылы Университетті бітірісімен Қазақ телеарнасына қызметке орналасты, араға уақыт салып еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» ауысты. Келе келе Жоғарғы Кеңес – Парламент, Сенат аппаратында, Әділет министрлігінде, Қазақстан Республикасының Премьер­ Министрі кеңсесінде жауапты қызметтер атқарды. Мемлекеттік қызметте жүргенімен қолынан қаламын тастамады. Әсіресе, аудан тарихына қатысты маңызды мәселелерді, өңірдің дамуына атсалысқан тарихи тұлғалар төңірегінде көп қаузады. Оның қолынан жарық көрген «Есабыз әулие», «Шиелі», «Мұстафа Шоқай. Түркістан үшін», «Мұстафа Шоқай. Түркістан жолы», «Жылдар ізі», ­Нартай Бекежанов туралы «Сүлейлердің сүйрігі», академик Шахмардан Есенов туралы «Шахмардан» т.б. кітаптары осы сөзіміздің айғағы. Ғылыми-зерттеу, аударма салаларына қосқан үлесі де аз емес, жетерлік. Осы орайда оннан аса әлемнің ірі ойшыл ғұламаларының еңбектерін қазақша тәржімалап ғылыми айналымға қосқанын, әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақша сөйлеткенінде тілге тиек еткеніміз ләзім.
Ағайдар Ысымұлы – қоғам қайраткері. 2020 жылы республикалық «Мұқалмас» тәуелсіз байқаушылар бірлестігін құрды.Ол 2021 жылы 10 қаңтарда өткен парламент сайлауын бақылады. Ұйымның сол кездегі жетекшісі Ағайдар Ысымұлы бақылаушыларға қысым көп болғанын, ­сайлау әділ өтпегенін мәлімдеді. Кейінгі кезде «Мұқалмас»бақылаушылар бірлестігі қайта тіркелді, енді олар тек сайлау ғана емес, жалпы биліктің әрекетіне бақылау жасайтын болады. Қоғамдық ұйымның республиканың әр өңірінен ашылған 24 филиалы бар және жаңа басқарма мүшелері де әділет министрлігінде тіркеуден өткен.
Тіл мәселесі қай кезде де маңызды. Әсіресе мемлекеттік тіліміз егемен ел атанғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, еңсесін көтеріп, бойын жаза алмай келеді. Бұл бұлтартпас шындық. Тіл туралы Ағайдар да жеріне жеткізіп талай жазды. «ҚазТрансОйл» АҚ Мемлекеттік тілді дамыту секторының бас менеджері болып жүргенде ана тілімізге қатысты бірқатар игі шараларды жүзеге асырды да.
Сол толғамдарының бірін оқып көрейік: «...Ал адамдық фактор дегеніміз не? Қазір қуанарлығы – барлық деңгейдегі басшылықта, мемлекеттік қызметте, кеңес заманында армандағанымыздай, басым көпшілік қазақтардың өздері. Өкініштісі кеңес дәуіріндегі ұлтсыздандыру саясатының қазір нағыз өз жемісін беріп тұрған шағы, сондықтан мамандардың көпшілігі орыс тілді, тиісінше басшылық тұтқаны жаппай ұстап отырғандар да солар. Осы орайда байқалған бір құбылыс – қазақ тілін үйренуге, енгізуге ықылассыздық, кедергі көбінесе сол ұлттық рухынан айырылған, болмысы жаттанған іс басындағы қазақтар тарапынан болып келеді. Адамдық фактор дегеніміз осы. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Сөзі бұзылған адамның ойы да бұзылады» деген данышпандық тұжырым алдымыздан шығып отыр» деп ашына жазды әріптесіміз.
Ақайдар Ысымұлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Қазақстанның мәдениет қайраткері», «Магистральдық құбыр көлігінің Құрметті қызметкері», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» тағы да басқа медаль, төсбелгілері бар. Әрқайсысы жүректі дүр сілкінтетін осы атақ-абырой өздігінен келді ме? Әрине, жоқ. Ұзақ жылғы атқарылған ерен еңбектің, төгілген маңдай тердің жемісі бұл. Қазір тілекшілердің көбісі мерейтой иесіне 100 жас тілейтін дәстүр пайда болды. Солар бірдеңені біліп айтып отырған шығар. Мен де әріптес досыма бір ғасырлық өмір тілеймін, сол жасқа жеткізетін денсаулық сұраймын Жаратқан Иемізден!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
халықаралық «Михаил Шолохов» медалінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі, Шиелі ауданының Құрметті азаматы

18 қаңтар 2023 ж. 409 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930