Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨШЕДЕН АС ІШЕРДЕ АБАЙ БОЛАЙЫҚ

КӨШЕДЕН АС ІШЕРДЕ АБАЙ БОЛАЙЫҚ

Соңғы екі жылдың көлемінде аудан айналасында көптеген шағын асханалар мен ауқаттанатын орындар, кішігірім дәмханалар бой көтерді. Қолжетімді бағада түскі ас ішуге қолайлы орындардың бағасы аудан халқы үшін тиімді. Эстетикаға толы, әдемі орындар да жетерлік. Француздық стильдегі кофеханалардың да бірнешеуін кезіктіресіз. Асқазанды аспен толтырамын дегендерге жанға жайлы, көңілге қонымды мұндай орындардың жан баласына керемет әсер сыйлайтыны сөзсіз. Дизайыны адам баласын магнитше тартатын орындардың сырты да дәмі тіл үйірер тағамдары да тұрғындардың көңілінен шығатыны рас. Дегенмен, тұрғындардың күнделікті кафелер мен ресторандардан тамақтана бермейтіні бесенеден белгілі. Себебі, элиталық асханаларға күн сайын баруға көбісінің қалтасы көтере бермейді. Әсіресе, қарапайым саудагерлер түскі уақытта базар ішіндегі асханалардан немесе дүңгіршектерден ас ішетіні жасырын емес. Ал сондай орындардың санитарлық ахуалы қалай?
Түстік уақытта Әбдіманап Шорабаев базарына жол тарттық. Біздің бұл жолғы мақсатымыз – базар ішіндегі асханалардың қазіргі ахуалын бақылау болды. Сондықтан, базар ішіндегі шағын асханалар мен дүңгіршектерді көзбен көрмекке бекіндік. Сөйтіп, ең әуелі кішігірім дүңгіршектерді сырттай бақылап, тез дайындалатын тағамдарды қалай әзірлейтіндерін сырттай бақыладық. Көзбен көргеніміздей, әлгі дүңгіршектегілердің дені фаст фуд әзірлегенде санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамайтын болып шықты. Мәселен, сол уақыт аралығында «Арзан» сауда орталығындағы түстік сатып алатын мұндай орындардың қызметкерлері арнайы қолғапты мүлде киген жоқ. Яғни, сатушылар ашық тұрған орында бір реттік қолғапты пайдаланбай келушілерге гамбургер, самса, шауырма сияқты талғажау болатын дәмділерді ұсынып жатты. Көрер көзге жиіркенішті әрине. Бірақ тұрғындар мұндай дүңгіршектерден арзан ауқат сатып алуға машықтанып алған. Себебі, бағасы да қолайлы. Дәмі де тәтті. Сондықтан да болар, тұтынушылар бұл жердегі санитарлық талаптарға аса назар аудара қоймайды. Айналадағы көліктердің түтіні жүректі айнытып, шаңы шығып жатса да, терезесі ашық тұратын фаст фуд орындарының саудасы қызып тұр. Ал кішігірім асханалар ше?
Иә, базар маңында да саудагерлер мен тұтынушыларға арналған кішігірім асханалар көп. Бірақ мұндай орындарда да жағдай мәз емес. Бірі санитарлық талаптарға сай келмесе, енді бірінде ас ішіп отыру мүмкін емес. Өйткені, асханалардың іші тым тар. Интерерін айтпаған күннің өзінде, біразының ұсқыны қашқан. Тіпті, кейбір асханалардан қол жуатын сұйықтық пен киім ілгішті мүлде кездестірмедік. Демек, базар ішіндегі асханалардың қазіргі хәлін көңіл көншітеді деп айту қиын...
Қазіргі кезде дімкәс емес адам табу – қиын. Елімізде пандемея басталғалы бері жағдай тұрақталғанымен, ел ішінде эпидахуал қайта өршиді деген сыбыс тарап жатыр. Вирус жұқтырып аламыз ба деп алаңдаған тұрғындардың бүгінгі хәлі тіпті қуантпайды. Расында осындай кезде вирустар тез таралып, ауру лезде жұғып кетуі бек мүмкін. Мәселе неде? Мәселе – алдымыздағы аста...
«Байдың асын байғұс қызғанады» деп жүрмеңіздер. Бұдан «байғұсқа» келіп-кетер ештеңе жоқ. Кәсіпкердің нәсібін тоқтату да ойымызда жоқ. Біздікі тек санитарлық талаптардың дұрыс сақталғанын баса назарда ұстау. Себебі, елімізде «тәж вирус» тағы да басталып кету қаупі бар. Ал вирус тамақтану орындарында көп болатынын айтпасақ та білесіздер. Санитарлық талаптар сақталмаса, індеттің елге қайта келмесіне кім кепіл? Ауру – астан. Әрбір адам тазалықты өзінен бастауы керек десек те, базардағы дүңгіршектер мен асханалардың бұл істе тиянақты болғаны жөн. Мұндай орындарға тұрғындар күні-түні ағылып келетін болғандықтан, сатушылар тазалықты сақтап, санитарлық талаптарды орындаса деген ұсыныс біздікі. «Көрген көзде жазық жоқ» дегендей, көріп тұрып жазбай, сатушыға айтпай кету бізге де сын болар дедік...

Сымбат СҰЛТАН
12 қаңтар 2023 ж. 282 0