Сырдың сырбаз Ұланы
«Бар пенде уақыттың уысында,
Сол білер ұрысың ба, ұлысың ба!»
Дана халқымыз «қыздың жасын сұрама, ұлдың бәсін сұрама» дейді тағы да. Сірә, отызға дейін біреудің «Сіз» дегеніне қымсынып, отыздан кейін «Сен» дегеніне тіксініп жүретін бейғам жылдардың қисынды сипаты. Бір үлкен кісінің «осы күні жасы кішілердің өзімсініп айтқан «Сен» дегенінетітіркеніп селк ете қалатынды шығардық» -дегені де осыған саяды. Неге «Сен?..», неге «Сіз!» емес дейтін ұрын ойдың сананы шабақтауын білдірер ықтимал үндестік.
Қалай болғанда да жер ортасы ауған шақтакішілердің құрметтеп, үлкендердің ілтипат көрсетерлік бедел-бағыңның болғанына не жетсін!? Оның да өрісің мен өреңнің сараланар өзіндік өлшемі бар екен. Әңгіме арқауы қоғамдық өмірде салмағы бар азамат жайлы болатындықтан аз-кем лирикалық шегініс жасап, осы тұрғыдан бірді-екілі ортаға салар өз ойымның түсіністікпен қабылдануын қалар едім.
Әрине,абырой-атақ дегеннің өз жөн жосығы, ретімен келіп жатса көпшіліктің де ойынан шығары анық. Базбіреулердің ізденіп,індетіп атақ алуға әсіре құмарлық ұмтылысынан кейде бейпайда әңгіменің өріс алып, қоғамдық пікірдің де екі жарылып жататыны жасырын емес. Иә, өмір дейтін көш керуеннің дәйім алдыңғы сапында көріну екінің біріне бұйырмаған. Әркімнің қоғамдағы орны әр кездері әртүрлі сипатталып жатуы да бек мүмкін.Бірақ бірден-бір әділ қазысы түптің түбінде уақыт дейтін құдіреттің еншісінде екенін пайымдасақ ләзім. Ол – сіз бен біздің еркімізге әсте де бағынбақ емес. «Сұрап киген тонның жылуы жоқ» демекші, өмірден алар соңғы еншісіндей, емініп сұрап алған атақтың баяны бұлдыр (мысал да жоқ емес), абыройы арзан, сипақтап не керек? Мәрмәр тақтаға аты-жөні жазылу кесімді кепілдік емес. Кешегі өткен Әзекеңнің (Исмаилов) тұстастары Нұрмахан, Бәкір, Жақанша, берідегі Серғара, Жағыпарлардың айбының мен айбарың боларлық «Әй!» деп айтары бар сұсы мен мысы барлардың аты жөндерін тас тақтадан таппайсыз. Ал аудан халқының жүрегінде екені даусыз. Кейбір көзі бар да – өзі жоқтардан, сөзі бар да – көзі жоқтардың бәрібір бәсі басым ақиқат. Дәл осы тұста, ортамызда жүрген ардагер ағамыз Сұлтанбек ағамыздың көп жылдардан бері айтып жүрген «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, құрметтілер ғана құрметке лайық» дейтін берік ұстанымын айтпай кету әділетсіздік болар еді. Елдің абыройын асырып мерейін үстем етіп жүрген елдік мүддені жоғары қоя алар шоқтығы биік, болмысы бүтін жігіттердің қарасы бүгіндері де бой көрсетеді. Қалай болғанда да қоғамдық қатынас қай кезде де мейірім-шапағат, ізет-құрметпен ғана емес, сындарлы ой, салмақты пікір, парасат пайыммен де құнды, құнарлы емес пе?
Бүгінгі әңгіме арқауы шығармашылық адам. Оларға тән тым сезімтал, нәзік те әсершіл болып келетін ерекшеліктерден де ада емес. Мүмкіндігінше қолдап, шабыт шақырарлық лебіз білдіру, сый құрмет жасау елдігіміз бен ерлігімізді паш етерлік өте құптарлық жайт. Қашаннан-ақ шығармашылық тұлғалар – өрісің, еңбек майталмандары – тынысың болған елдің айдарынан жел есетін абыройы болатыны бесенеден белгілі емес пе? Кезінде осындай өрісіңді кеңейтіп, тынысыңды ашқан өнегелі үлгіні аудан әкімі қызметінде қазіргі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы көрсетіп кеткен еді. Екі ауыз сөздің басын құраған – ақын, екі қарияның иығына шапан жапқан – атымтай болғысы келетіндер есік жағалап ентелемуші еді, бата алмайтын. Осындайда бір қушеке құрдастың ауыл клубында жағалай ілінген суреттерге қарап тұрып: «е-ее, бұл ауылдың өлгендерін көрде десек, бәрі төрде екен ғой...» дегені еске түседі. Астарлы әзіл. Азаншымыз да, базаршымыз да, қазаншымыз да араласқан «наурыз» көжемізді тауысып ішетін уақыт болғанға ұқсайды. Сүтке қанша су құйғанмен бәрібір қалқып қаймағының бетіне шықпай қоймайтыны сияқты, дәметкеннің бәрінің көңілінен шығудан да бірегейлеріміздің беделіне көлеңке түсірмеу маңыздырақ. Жаңа жыл қарсаңындағы жаппай марапаттаудан әдеттегіден біршама ықшамдалған жаңа бағыт, соны көзқарасты байқадық. Туған топырағына адал еңбек етіп абыройын асырамын деп қызу тірлікке білек сыбана кіріскен жаңа басшымыз аудан әкімі Нұржан Сәбитұлының бұл бағыттағы бастамасының да қызу қолдаушысы болатынымыз анық. Осыған дейін де көпшіліктің ықыласын аударып жүрген ілім-білім, әдебиет пен мәдениетте ерен еңбегімен ел абыройын арттырып жүргендердің орны бөлек әрине. Осы қатардан елім деп еміреніп, туған топырағына тәу етіп тәбәрік көретін, көлбеңдеп көзге көп түсе бермейтін, бетегеден биік, жусаннан аласа сұлу-сыпайы жүрісімен-ақ журналистикада, әдебиетте, жоғарғы органдардағы мемлекеттік қызметтер мен елдің қоғамдық-саяси өмірінде алған асулары мен бағындырған белестер биігінен мерейлі 70 жасына толып отырған ауданның «Құрметті азаматы» Ақайдар Ысымұлы ағамыздың ойып тұрып алатын орны бар. Бұл кісі мұндай құрметке көрнекті тұлғаларға тән көркем мінезімен, елге деген алғаусыз жанашырлығы, ыстық ықыласымен, үлкен-кішіге бірдей қалыпты мінезі, білім-біліктілігі биік парасытымен ие болғалы қашан? Арғы жағын айтпағанда соңғы он жыл бедерінде туған ауданына қатысты бірде-бір айтулы іс-шарадан тыс қалмағанының өзі көп жайтты аңғартса керек. Көбіне ол кісінің көмек қолын созған, тікелей араласуымен орындалған нәтижелі жұмыстардың бел ортасында білек сыбанып жүретініне үйреніп кеткеніміз соншалықты, сәл еңкейсе иыққа мінетін жаман әдетімізбен қатардағы қызметкеріміздей тікелей тапсырма беретін кездеріміз де аз болмапты. Бүгінгі пәтуәнің басшылардың ыңғайына бейімделіп ертеңіне өзгеріп жататын сырғытпа уәжіміз тағы бар. Мұнымызға ренжіп жататын ол ма, бар әңгімесі екі-ақ ауыз сөз: «Е-ее, жәрайды...». Ақы сұрамайтын осындай ақылды адамды тауып көр Астанадан? Әй қайдам-ау...
Ақайдар Ысымұлы қан-қасап соғыстан кейінгі елдің енді ес жинап етек жинай бастаған 1952 жылдың борандатқан ақпанында дүниеге келіпті. Қарапайым шаруаның қайбір оңды күйі бола қойсын, сонда да болса алдында төрт бірдей перзентін жер қойнына тапсырған әкесі Ысымның тілеуі қабыл, ұлды болған қуанышында шек болмапты. Қыстай қараңғы кепеге байлаған семіз ту қойын алып ұрып, анасына қалжа жегізіп, кішігірім той жасаған көрінеді. Айдарынан жел есіп желпініп өссін деп ырымдаған шақалағына Ақайдар деп ат қойып, қожаға қол беріп намазын қаза қылмапты дейтін іргедегі Ақтоғаннан Ахет тақуаны шақырып құлағына сыбырлап азан шақыртыпты. Мәсі тіктіріп киерсіз деп ұсынған екі орам былғарыны қойнына қысқан жарықтық, бар ықыласымен ұзақ күбірлеп батасын беріп бет сипағанға ұқсайды. Бірақ, үмітін үкілеген қайран әкенің қуныш-жұбанышы тым ұзақ болмапты.Қорасанға қой атап жүріп көрген кенже ұлының тұлымшағы желбіреген 4 жасында ауыр науқастан көз жұмып кете барыпты. Буыны қатып есейгенін көре алмайтынын білген отағасы кеудесіне соңғы рет мінгізіп мейірі қанып ұзақ иіскепті де, «Құдай қаласа үлкен адам болар...» деген асыл арманын құдай қосқан қосағы Ақбөпеге аманаттапты. Ахаң 1959 жылы әуелі №214 «Қызылдиқан» бастауыш мектебіне барады. 1963 жылдан №157 «Алғабас» орта мектебінде оқиды. Оқушы кезінен аудандық «Өскен өңір», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне мақалалары шығып көзге ерте түседі. 1969 жылы мектеп бітірген балғын жас, бала күнгі арманын арқалап Алматы аттанады. Анасының «бір сиырды сатып қаражатыңды қамдап берейін, базарға дейін шыдасаң қайтеді?» дегеніне де қарамай, 200 сом көршіден алған қаражатын қалтаға басып, діттеген пойыздан кешігіп қалса да үйге қайта оралуды жаман ырымға балап тау қопарар құлшыныспен ілінген пойызына аяқ артыпты. «Пойызға мінген сайын есіме түседі» - деп осынысын айтып рахаттанып күліп алатын Ахаң, артынша мұңды сарынмен қоңыр даусын соза өлең оқиды:
Аттанып ауыл–анадан,
Оқуға кеттім қалаға.
Жабыла маған қараған,
Жалтаңдай кеттім далаға.
Жарбиған жаман тон-тұмақ,
Жабысып кетті үстімде.
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде!..
Қоңыр шабаданы тілерсегін соққан қалақтай қағылез баланың ішінде жанайын деген жасындай бір бұла күштің алға жетелеген сәтті қадамын осылай өрнектейді өзі. Содан бері ол тек алға ұмтылып келеді, шегінген жері жоқ. Айтпақшы бір кері шегінген жері болыпты. «Қошқардың шегінгені – жеңілгені емес» дегендей, КазГУ-дің журналистикасына күндізгі бөліміне өте алмай сырттай бөлімін уақытша қанағат еткен.
Ол 1969-1972 жылы күндізгі бөлімге ауысқанша 3 жыл аудандық «Өскен өңір» газетінде тілші болып қызмет атқарды. Шегінісі – жеңілісі болмапты, керісінше газет жұмысына төселіп қаламы ұшталған, ысылған, журналистік қызметтің қыр-сырына қаныққан кадр болып қалыптасуына үлкен септігін тигізгенге ұқсайды.
1975 жылы Университетті бітірісімен екінің бірінің қолы жете бермейтін Қазақ телеарнасына қызметке қалуы да, үлкен ортаға сіңісіп кетуіне де осы аудандық газеттен алған тәлім-тәжірибенің ықпалы болғаны сөзсіз. Кейінірек еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстандағы» қызметінде жүріп 1990 жылы Жоғарғы кеңеске (Парламент) сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шаухамановпен балама негізде сайлауға түскен батыл қадамы шаңқай түсте найзағай ойнағандай әсер еткен. Енді қалай? Кешегі Шиелі көшесінің шаңын балағымен сыпырған жалбыр шаштың азуы алты қарыс партиялық функционермен иықтасып шарға түсуі көпшілікті ойран-асыр еткен тосын жаңалық болатыны заңды құбылыс. Қылышынан қан тамған Кеңес заманын құрдымға жіберетін сәулелі шуақтың самалы ескенін көпшіліктің әлі ұғына қоймаған тағдыршешті тарихи кезеңіне тура келген кезекті мәжбүрлі шегінісіндей. Бірақ, әрине жеңіліс емес еді. Бойына қара күш дарыған дүниеден мезгілсіз кеткен кешегі кетпенші Ысымның тұяғының жетіліп, тұлпар шығамын деген тегеурінді талпынысы жергілікті билікті әжептәуір әуре-сарсаңға салғанымен, ауыл ақсақалдары қызу қолдағанға ұқсайды. Ардагер Жаназар Ахметов:
– Осы ауылдың, тек осы ауыл ғана емес, ауданның халқы тұщы су ішіп отырса, егісіне суды мол алып, ырысқа кенеліп отырса, құлаштай кетпен шапқанда күпәйкесінің сыртына қырау тұрған, каналдың түбінен лақтырған топырағын өтелекте тұрған жәрдемші екі адам одан әрі тартып әкетуге үлгере алмайтын, қайратын сарқа жұмсап ерте кеткен Ысымға, Ысымдарға қарыздар. Сол қарызымыздың өтеуі болсын, үмітімізді ақтайды, Ысымұлы Ақайдарды депутаттыққа ұсынайық, – деп облыс басшылығының ыңғайына жығылмай мінез көрсеткен екен. Осылайша, балама сайлау үрдісін алғашқы болып ел өміріне енгізу абыройы бұйырыпты. Мұның өзі мазмұнды ғұмыр баянының үлкен жеңісі болғаны даусыз.Жанайын деп тұрған шырағының тұтанған тұсы еді. Ахаң Жоғарғы Кеңес – Парламент, Сенат аппаратында, Әділет министрлігінде, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі кеңсесінде жауапты қызметтер атқара жүріп қаламын суытпаған нағыз журналист, қарымды қаламгер ретінде де мойындалған тұлға. Жарықтық Шерағаңның журналистің өте ауыр еңбегін бейнелеп: «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ,» дейтіні бекер емес. Ахаңның мемлекеттік қызметте жүріп те жазған дүниелері аз емес. Қоғам өмірінің сан саласында жанрдың барлық түрінде дерлік қалам тартыпты. Терең тақырыптық талдамалдардан бастап, көркем очерктер, жедел репортаждар, халықаралық памфлеттер жазыпты. Әдебиет және өнер сынына да атсалысқан санаулы қаламгерлер қатарында. «Есабыз әулие», «Шиелі», «Жылдар ізі», «Әлуетті әулет. Династия Ашляевых», Нартай Бекежанов туралы «Сүлейлердің сүйрігі», «Мұстафа Шоқай. Түркістан үшін», «Мұстафа Шоқай. Түркістан жолы», академик Шахмардан Есенов туралы «Шахмардан», өзіміздің Махамбетқали Тұрсанұлы туралы «Сырдың бас ақыны» жинақтарын шығарғанын атап өтсек орынды. Ғылыми, зерттеу, көркем очерктер мен танымдық мақалалары оннан аса жинаққа енген. Саяси, ғылыми, көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп, Әл Фарабиден бастап Томас Джефферсон, Ибн Халдунға дейін оннан аса әлемнің ірі ойшыл ғұламалары еңбектерін қазақша тәржімалап ғылыми айналымға қосқанын, әлем әдебиетінің классиктері – ағылшын Чарльз Диккенс, Нобель силығының лауреаты француз Франсуа Мориак, жапон Кобо Абэ шығармаларын қазақша сөйлеткенін айтпай кетуге болмас. Осының бәрі толғақты ой, ерен еңбектің жемісі деп айтпасқа амалымыз жоқ.
Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ, 2016 жылдың жазында 38 жасында жалғыз ұлы Зейнәбілі мезгілсіз дүниеден өтіп ойсыратып кеткен ауыр сынаққа да душар болған ағамыз соңғы жылдары бойын қайта тіктеп, ес жинағандай алдағы жылдарға да өзінің шығармашылық жоспарларымен ой бөліскені бар. Өшкенін жағып, өлгенін тірілткендей болып дүниеге келген кенжесі Сұлтан Әли жүрегіне шуақ, бойына қуат құйыпты. Өткен жаз ауылға әкеліп аунатып-қунатып, сүндетке отырғызып тойын жасап қайтты. Жер ортасы ауған шақта, айдарынан жел есті деген осы болса керек.
Ел ағасын мақтау мақсат емес, онымен мақтану – парызымыз.
Исабек Сәрсенбайұлы