Күйеуден бата сұрама
Бата – кез келген адамнан сұрала бермейді. Оның да өз жөн-жоралғысы бар екенін естен шығармауымыз керек. Мәселен, күйеу бала – табақтағы асқа бата жасамайды. Бата жасаса әдепсіздік ретінде көріп, орнын білмеген білімсіз күйеу саналады. Бұл бұрыннан келе жатқан қазақтың жөн-жосығы.
Тіпті үй иесінен жасы үлкен жездесі болса да сол үйге күйеу болғаны себепті одан бата сұрамайды. Оған кешегі заманның қым-қиғаш болып тұрған сәттерінде қауым жұртты қызыл тілімен асыраған Жанқабыл шешеннің мына оқиғасы дәлел.
Тіпті үй иесінен жасы үлкен жездесі болса да сол үйге күйеу болғаны себепті одан бата сұрамайды. Оған кешегі заманның қым-қиғаш болып тұрған сәттерінде қауым жұртты қызыл тілімен асыраған Жанқабыл шешеннің мына оқиғасы дәлел.
Бірде Жанқабыл шешеннің қайын жұртынан бола тұра бір жігіт келіп бата беріңіз деп қолқа салыпты. Жанқабыл шешен жезделік әзілмен:
–Сен әлгі қырық тоғыз үйлі туыстан екенсің ғой, – дейді.
–Иә, ата! – дейді жігіт.
–Онда мынаны айтшы, сенің ауылыңда он – оңбаған, тоғыз – тоймаған, сегіз – сергелдең, жеті – жетесіз, алты – алаңғасар, бес – берекесіз, төрт – төбелтас, үш – үсіп өлген, екі – елірме және жөні түзу біреу бар деп естіп едім. Сен қайсысынан боласың?
–Білмеймін, ата, – дейді жігіт.
–Ендеше ауылыңа барып, ақсақалдарыңнан сұрап соны біліп кел! Сосын саған жақсылап бата берейін, – дейді шешен.
Жігіт сөз астарын түсінбей, ауылына келіп ақасақалдарға айтады. Сонда олар:
–Әй, жөнді білмеген жетесіз неме! Жездең сені оңдырмай қатыған екен. Енді айыбыңды біз төлейтін болдық! Есіңде болсын, ұғып ал! Жанқабылдың жолын қусаң – біздің елге күйеу. Ал қазақ күйеу баладан бата сұрамайды, – деген екен.
Қыз қартайса – құдағай, күйеу қартайса – құда деп, мерейін көтергенімізбен, межеден өтпей, мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан салтымыздағы жоралғыларды жонып түземегеніміз дұрыс.
Күйеу – қайын жұртына бата бермейді. Себебі көне көз қариялардың айтуы бойынша бата бергенде қол жайып отырған елдің бар ықыласы бата берген кісіде, ол кісінің айтқан жақсы тілегінде болады. Алладан ол кісінің айтқан тілегін, сөздерін бар ниетімен тілеп тұрады. Ал бата беру барысында жөнсіз сөздер айтылып кетсе қабыл болып кетеді деген сақтық болуы керек. Бұрындары ауызы жеңіл, жөнсіз әзіл айтатын кей күйеулер батасының ішіне теріс сөз, жөнсіз тілектер айтса керек. Сол себепті қазақ сақтықпен оларға рұқсат бермеген. Әр ру, әр тайпа өз жұртын өзі басқарып, ақсақалдары бата береді.
Күйеуден бата сұрамаудың тағы бір себебі – өз ұрпағы жоқ болып,қыз ұрпағы билемесін деген ырым. Күйеуді төрге шығармауы «есіктен кіріп, төр менікі деме, шаңырағыма ие болар өз ұрпағым бар» дегені.
Одан өзге қазақта күйеу бала қайын атасын жерлемейді деген де ырым бар. Мұның мәні мынада болса керек. Жаугершілік заманда қазақ қызды дұшпаннан алған. Оған қалмақтан, жоңғардан алған әйелдер айғақ. Екі ру бір-бірімен араздасып жатқанда да қыз беріп, құдаласып, алауыздықты тоқтатуға тырысқан. Халқымыздағы «Күйеу – дұшпан» деп, оны жөн-жоралғылардан шет қалдыратыны осыдан шыққан. Бірақ қазір заман бөлек. Жаугершіліктен, ру мен рудың алауыздығынан адамыз. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) күйеу баласын ерекше сыйлағанын білеміз. Тіпті Пайғамбарды қабіріне күйеу баласы Әзіреті Әли қойған, денесін жууға қатысқан. Сондықтан ырымның да естісі мен ескісі барын естен шығармаған жөн.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ