ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ ПАРА БЕЛЕҢ АЛАДЫ
Сыбайлас жемқорлық - заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор зиян келтіріп отыр.
Сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни, бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі-азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті, Қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары.
Халық өз құқықтарын, оларға қарсы қандай да бір заңсыз іс-әрекеттер жасаған жағдайда қандай іс-әрекеттер жасау керектігін толық білуі тиіс. Бүгінгі күннің басты мақсаты конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясатты жүргізу, мемлекет пен азаматтардың тыныс-тіршілігінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін және оның көріністерін азайту, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту болып табылады.
«Әділдік жоқ жерде пара белең алады» деген сөз бүгінгі кезге дәлме дәл айтылғандай. «Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың» дейтін нақты ереже бар. Расымен де, заңды бұзған тұлға жауапқа тартылуы тиіс. Әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік 50 мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.