Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛ МЕН САНА

ТІЛ МЕН САНА

Оқу-ағарту министрлігі келесі оқу жылынан бастап, оқушылардың қазақ тілінен емтихан тапсыратынын айтты. Нақты айтсақ, қазақ тілі пәнінен емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары тапсырады. Мұндай өзгерістер келесі (2023-2024) оқу жылынан бастап енгізіледі.
Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Олар да осы пәннен емтихан тапсыруды жалғастырады. Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, өздері құрастырады. Бұл пән бойынша қорытынды бағалар 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады. Дұрыс, оқушылардың мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны дұрыс екендігін алға тартады сала мамандары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі халықаралық қатынас тіліне айналуы қажет» деп атап көрсетті. Бұл негізсіз емес. Заман өзгеріп, өркениет ұзаған сайын бұл нақты айқындалып, көзге көрініп келеді. Қазақ тілі Алтын Орда, Дешті-Қыпшақ дәуірінде де халықаралық қатынас құралына айналғанына тарих куә. Біз бір мемлекет, бір ел, бір халықпыз.
Ал бүгін де біз қоғамның қажеттілігімен қабылданған «Көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының өміршең болуына бәріміз мүдделі болуымыз керек. Өйткені қай елге барсаңыз да, ең алдымен, адамның көзіне әдемі безендірілген, қатесіз жазылған жарнама мен елді мекен атаулары түседі. Енді қабылданған заңға сәйкес, көшедегі, маңдайшадағы жазулар мен көрнекі ақпараттар қазақы ұғымда сауатты жазылып, тайға таңба басқандай жарқырап тұруы тиіс. Өйткені елдің елдігі маңдайшадағы жазудан басталады.

25 қараша 2022 ж. 313 0