Айтылған мәселе аяқсыз қалмайды
Аудан әкімі Н.Ахатовтың төрағалығымен өткен мәжілістің ауаны осыған саяды. Яғни айтылған мәселелердің орындалу барысы сұралып, нақты нәтиже талқыланды.
Күн тәртібінде қаралған 3 мәселенің алғашқысы 2022-2023 жылғы жылу беру маусымының өту барысына байланысты болды. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Мұхтарұлы өз баяндамасын оқып, атқарылып жатқан жұмыстардың легімен таныстырды. Қыстың қатты ызғары сезіліп, күн суыған соң аудан халқы көмір іздеп кеткені анық.
Күн тәртібінде қаралған 3 мәселенің алғашқысы 2022-2023 жылғы жылу беру маусымының өту барысына байланысты болды. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Мұхтарұлы өз баяндамасын оқып, атқарылып жатқан жұмыстардың легімен таныстырды. Қыстың қатты ызғары сезіліп, күн суыған соң аудан халқы көмір іздеп кеткені анық.
Осыны екерген аудан әкімі тиісті сала басшысына «Кенттегі 4 көмір қоймасының тек біреуінде, жеке кәсіпкер «Жаңа тас» мекемесінде ғана көмір бар, қалған үш қоймада неге көмір жоқ?», «Мен аудан орталығы мен елді мекендерді аралағанда көмірдің жоқтығына байланысты тұрғындардан наразылықтар түсті. Қазірде халық бір қап шұбаркөл көмірді 1000 теңгеден сатып алуға, ортадағы делдалдардың қалтасын қалыңдатуға мұқтаж болып отыр. Неге алдын ала талдау жасамайсыздар?», «Аудандағы әлеуметтік нысандарға жеткізіліп жатқан көмірлердің сапасы қандай?» деген сауалын қойып, қатаң тапсырмалар берді.
– 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымын өткеруге аудан бойынша 147 нысан әзірлік үстінде. Атап айтар болсақ, 67 білім саласы, 39 мәдениет және спорт, 41 денсаулық саласындағы мекеме өткізуде. Әлеуметтік салаға қажетті 13,5 мың тонна көмірдің бүгінгі күні 6,1 мың тоннасы нысандарға таратылды. Қажетті 765,2 тонна сұйық отынның 260 тоннасы нысандардың сыйымдылығына қарай таратылып берілді. Ал аудан тұрғындарына 23 мың тонна қатты отын қажет болса, шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін 19,6 мың тонна көмір келді. Алайда шілде айында келген көмір қызып, жеке кәсіпкер «Жаңа тас» мекемесі 11 мың тоннасын «Гежуба Шиелі цемент» зауытына сатқан. Сондықтан тұрғындарға қажетті қатты отынның мөлшері төмендеген. Бүгінде кәсіпкер қоймасында 1250 тонна көмір бар. Қатты отынның тоннасы 14950 теңгеден сатылуда. Көмір түсіретін 4 теміржол тұйығының барлығында таразы орнатылған. Аудандағы көмір тасымалымен айналысушы кәсіпкер «ЖК Нұрманов» пен «Жаңа тас» кәсіпкерімен көмір бағасын 15 мың теңгеден асырмау жөнінде меморандум жасалынды, – деп жауап қатты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Баядилов.
Бұл күндері өзектілігін жоймай тұрған екінші мәселе – әскерге шақыру. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Руслан Шарипаев күзгі әскерге шақыруды ұйымдастыру жұмысының барысы жайында баяндама жасады. Барлық мәліметке мұқият зер салған аудан әкімі «ағымдағы жылы күзгі мерзімді әскерге азаматтарды жөнелту бойынша Тартоғай, Сұлутөбе, Талаптан, Жуантөбе ауылдық округтері бойынша 15 проценттен кем орындалып отырса, Ақтоған, Бәйтерек, Еңбекші, Қарғалы ауылдық округтері бойынша әскерге мүлдем азамат жолданбаған. Яғни көрсеткіштері 0 процентті көрсетіп тұр. Бұл дегеніміз жұмыстың өте төмен деңгейде жүргізіліп жатқанын байқатады» деп, ауыл әкімдері мен қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысына тапсырмалар жүктеді. Нақтырақ айтар болсақ, Отан алдындағы борышын өтеудің маңыздылығы, әскерден жалтарғандарға көрілетін жауапкершілік пен әскерге барғандарға берілетін жаңа мүмкіндіктерді тұрғындарға кеңінен түсіндіруді қолға алу керектігін баса айтты.
Мәжілістегі 3 мәселе – «Халық үніне құлақ түретін үкімет» аясында әкімдердің халықпен кездесу өткізуі, кері байланыс орнатуы төңірегінде өрбіді. Бұл ретте аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев баяндама жасады. Аудан әкімі Н.Ахатов барлық ауыл әкімдері мен сала басшыларына халықпен өткізілген кездесулерде айтылған мәселелер орындалуын ескертіп, көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтынын жеткізді.
Сонымен қатар мәжіліс барысында полиция бөлімінің бастығы Дәулет Сүлейменұлын полковник шенін алуымен құттықтады. Оған қоса біршама уақыттан бері бос тұрған аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымына Дана Смаханұлын отырғызды. Сондай-ақ аудандық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы лауазымына Ғабит Рүстемұлы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы лауазымына Бақберген Аманбекұлы тағайындалды.
Г.ДҮЙСЕБАЙ