Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Энергияны үнемдеу – ғаламдық мәселе

Энергияны үнемдеу – ғаламдық мәселе

Бүгінгі таңда әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі – ғаламдық жылыну. Ғалымдардың пайымдауынша жер бетіндегі климаттың өзгеруі айтып келмейтін апаттар мен шиеленістерге алып келуі мүмкін. Осы орайда осынау ғаламдық мәселенің алдын алуға қарапайым халық қалай үлес қоса алады?
Ғалымдардың айтуынша, адамзат ХХ ғасырға дейінгі 60 мың жыл бойы жұмсаған энергия көздерімен салыстырғанда бүгінге дейін одан он есе көп мөлшерде дәстүрлі энергия ресурстарын пайдаланып қойған. Уақыт өткен сайын жұмсалатын энергия көлемі артып, тұтынушылар жылдан-жылға өсіп келеді. Олардың үлесіне 2030 жылы мұнай сұранысының 80%-і тән болса, оны тұтынудың мөлшері 2/3 есе өсетіні анықталып отыр. Көмірсутек қорларын барлау және оларды өндірудің тиімді әдістері бар болғанымен мұнай және газды толығымен алмастыра алатын жаңа энергия көзі әлі табылған жоқ. Егер алдағы кезеңде қолданылатын деңгей сақталатын болса, көмір қоры 250 жылға, мұнай 40 жылға, ал табиғи газ 65 жылға жетеді деп болжануда. Сондықтан мұнай мен табиғи газ және көмірге деген сұраныс күн сайын көбейе түспек. Оларды жеткізу аралығы артып, тасымал құны да жоғарылай берері сөзсіз.
Ал энергияны үнемдеу проблемасы – суды үнемдеумен тығыз байланысты екенін қарапайым халық ескере бермейді. Өйткені суды тұтынуды азайту түпкілікті өнім – таза суды алу және оны тұтынушыға жеткізуге қажетті энергия ресурстарын азайтуға алып келеді. Оны үнемдеуді тұрмыста қолданбас бұрын оны тиімді есептеуді жолға қою қажет. Суды үнемдеудің ең тиімді тәсілі крандардың ақаусыздығы. Өйткені сіріңке талынан сәл қалың су ағыны арқылы тәулігіне 300 ­литрге дейін су ағуы мүмкін. Егер осылай бір ай бойы жалғасса қанша судың шығын боларын ойлап көрдіңіз бе? Қарапайым ереже ретінде душ қабылдау арқылы сіз ванна қабылдаумен салыстырғанда суды тұтынуды екі есеге азайта аласыз. Душ қабылдау кезінде судың тұрақты ағыны міндетті емес. Кір жуу машинасында мүмкіндігінше суды берудің қажетті деңгейін белгілей отырып пайдаланыңыз. Ыдыстарды жуу кезінде кранды үнемі ашық қалдырмаңыз. Толықтай ашық краннан сіз ойлағаннан көп су ағатынын есте ұстаңыз, яғни минутына 15 литр. Бұл жағдайда тек қалтаңызды ғана емес, осы ысырап болып жатқан судың обалын да ескеріңіз. Өйткені «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпағаны ақиқат.
Бүгінде энергияны шекті мөлшерде тұтыну – экономикалық тиімділікке оң әсерін тигізеді. Осыған орай Қызылорда облысында да энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру бойынша 2022 жылға арналған жол картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Биыл облыста көше жарықтандыру шамдарын ауыстыру мақсатында 4 жоба қарастырылған болатын. Қазіргі уақытта 2 жоба толық аяқталып, 614 энергия үнемдегіш шам орнатылды. Сонымен қатар осы жылы 15 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Ал Жаңақорған кентінің электр желілерін қайта жаңғырту үшін арнайы қаржы бөлініп, қуаттылығы 10/0,4 кв болатын электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі таңда басқарма тарапынан ­«Алматы проект энерго строй» ЖШС-мен Шиелі кентіндегі электр станциясын қайта жандандыру туралы жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мұстафаев.
Халықты электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін сала мамандары ұдайы ізденіс үстінде. Ол анық. Себебі энергияның тапшылығы өрісімізді тарылтып, түрлі апаттың туындауына себеп боларын жоғары да айтып өттік. Ал облыстық электр тарату торабының жұмысы да тікелей тұрғындарды электр энергиясымен қамту болып табылады.
– Біздің мекеменің басты міндеті – облыс тұрғындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету. 2020 жылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша ­аудит жүргізілген болатын. Осыған сәйкес 2026 жылға дейін арнайы жоспар бекітілді. Бүгінде «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы 11,95 кабелдік желілерінің 90 проценті жөндеуден өтсе, мекемеге соңғы заманауи вакумдік ажыратқыштар орнатылды, – деді Қызылорда электр тарату тораптары АҚ-ның Даму жөніндегі басқарушы директорының міндетін атқарушы Нұржан Күздібаев.
Қорыта келгенде, энергияны үнемді пайдалану сіздің ішкі мәдениетіңіз бен санаңыздың биіктігін көрсететін қасиет. Сіз энергияны үнемдеу арқылы өз ақшаңызбен қатар ел экономикасының да артуына үлес қосасыз. Әрі өзіңіздің адамгершілігіңіз бен тиянақтылығыңызды байқатасыз. Кез келген дінде де ысырапшылдыққа жол беруге қарсы екенін жақсы білетін шығарсыз. Демек үнемшіл болу сараңдықтың емес, адамдықтың белгісі екенін ұмытпаңыз.

Г.ӘБДІХАНИ
15 қараша 2022 ж. 539 0