Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыстың қос солдаты

Соғыстың қос солдаты

Бұрнағы күні аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық ардагерлер, әйелдер кеңестері, облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі Шиелі аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Боздақтар рухына мың тағзым» атты Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алуға арналған танымдық іс-шара өтті. Сонымен қатар «Ұмытылмас ерлікті ұмытпайды ұрпақтар» атты Ұлы Отан соғысының ардагерлері Оразбай Досанов пен Әбілқасым ­Палымбетовты ұлықтау рәсімі жасалды.
Алдымен Шиелі ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майдан даласында оққа ұшқан, соғыстан аман келіп, ыдыраған халық шаруашылығын қалпына келтіруге жан аямай еңбек етіп, дүниеден өткен боздақтар туралы видеофильм көрсетілді. Сондай-ақ қалың көрермен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері аудандағы соғыстың соңғы солдаты ­Сәрсенбек Байжановтың ғұмырнамасымен танысты.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының қос ардагері 1922 жылы туылып, 19-20 жастарында 1941 жылы соғысқа аттанып, төрт жыл бойы от пен оқтың арасында неміс фашистеріне қарсы соғыста ерлікпен бірнеше қалаларды азат етуге қатысады. Екі дос ұрысты Москва түбінен бастап 1945 жылы көктемде ­Берлинде жеңіспен аяқтаған. Жараланып, мүгедектік алса да екеуі де аман-есен елге оралып, еңбек майданына араласып, партия, кеңес, шаруашылық, ішкі істер органдарында басшылық қызмет атқарып, халықтың құрметіне бөлене білді. Өмірінің соңына дейін туған жеріне қызмет етіп, екеуі де бір жылда 1999 жылы дүниеден өтті. Бұл қос ардагерге қатысты тағы бір таңғаларлық ерекшелік, балалары ержеткен соң екеуі құда болып Оразбай Досановтың ұлы Әбілқасым Палымбетовтың қызына үйленген. Олар Шиелі ауданына белгілі азаматтар қоғам қайраткері Нәйла ­Палымбетова мен өз ісінің білікті маманы Асылбек Досанов, бүгінгі шараның басты ұйымдастырушылары да осылар.
Майдангерлерге арналған шараға қоғам қайраткері Ж.Бодықбаев, ұзақ жылдар Шиелі ауданында, облыста мемлекеттік қызмет атқарған Б.Жәукебаева, облыстық ардагерлер кеңесінің атынан К.Ермағанбетова қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Шара соңында жастарға патриоттық тәлім-тәрбие берер оқиғалар айтылып, рухани әсер сыйлады.

«Өскен өңір» ақпарат
14 қараша 2022 ж. 330 0