ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ – ПАРЫЗЫМЫЗ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» бірыңғай ұлттық экологиялық акциясын өткізуді ұсынған болатын. Бағалы бастама аудан тұрғындарының тарапынан да қызу қолдау тапты.
Аудан орталығында мұнтаздай тазалықты мұрат тұтқан акцияның алғашқы кезеңі мейлінше ұйымшылдықпен өтті. Сенбі күні мемлекеттік қызметшілер, білім берушілер, белсенділер мен еріктілер және басқа да мекемелер жұдырықтай жұмылып, шағын шаһардың іші мен сыртын тап-тұйнақтай етіп тазалады. Аталған акцияның негізгі мақсаты – өздері тұрып жатқан елді мекенді түрлі қоқыстан тазарту ғана емес, жалпы жұрт, қалың қауымның бойындағы экологиялық мәдениетті жетілдіру.

Кенттің орталық көшелері соңғы кезде тез ыбырсып кететін болған. Оған себеп келімді-кетімді кісінің көптігі және олардың тәртіп пен тазалықты сақтай бермейтіні. Ұйытқыған жел де далада шашылып жатқан полиэтилен пакеттер мен қағаздарды ұшырып алып келіп жан-жаққа шашып тастайды. Жұмыс жетерлік. Тазалайтын жердің аумағы атшаптырым. Әйтсе де, «жас келсе іске» деген емес пе, алғашқы бетте-ақ бойларында күш-қуаты тасып тұрған жас толқын етпісірім уақыт ішінде кент көшелерін жалтыратып тазалап шықты.
– Үлкендеріміз табиғатты тазалау перзенттік парызымыз екенін жастайымыздан көкірегімізге тоқып отыратын. Өз басым осындай иманды шаруаға қатысуға әрдайым әзірмін, – дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» кеңесшісі Ынтымақ Қаппаров.
Тазалықты сақтау – парызымыз. Айта кету керек, күні бүгінге дейін ауданның тазалығы мен кенттің көркі үшін тегеуірінді жұмыс жүргізіліп келеді. Өз өлкесінің өңі жарқырап жайнап тұрғандығын қалайтын аудан тұрғындары осындай бағалы бастаманы іле қолдап, бар күш-мүмкіндіктерін жұмылдыруда. Ізгі ниетті іс жалғасын тапса, Сыр өлкесі мен Шиелінің арасында кең көсілген дала сәуірдің ақ жауыны жуғандай ажарлы кейіпке енер еді.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ