Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЙЛАУ СЕРПІН БЕРЕДІ

САЙЛАУ СЕРПІН БЕРЕДІ

Барыс жылы еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Жаңа Қазақстан. Екінші республика. Бұдан былайғы өмірімізде өзгеріс болатынын әйгілейтін осы бір тұжырымдар әрбір қазақстандықтың жүрегінде сенім алауын тұтатып, көңіл көкжиегін кеңейтетіні анық.
Жалпы әлемдік аренада өзіндік сара жолы қалыптасқан еліміз үшін кезектен тыс сайлау өткізу жат емес. Бұған дейін 1991, 1999, 2005, 2015 және 2019 жылдары алты рет өткен жалпыхалықтық Президент сайлауының басым бөлігі кезектен тыс өткені белгілі.
Расында, «Қаралы қаңтардан» кейінгі жаңа дәуірге қадам басқан еліміз үшін биылғы Президент сайлауы серпілудің, сергудің бір тетігіндей әсер етері анық.
Себебі саяси өмірдің жанды ауыртар кейбір қадамдарын өзінше болжап, басқаша ұғынатын халқымыз саясаттағы белсенділіктің қажеттілігін сезінуде. Оған Мемлекет басшысы ұсынған Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеудің ықпал еткенін мойындауымыз керек-ақ. Яғни, кім болса да бір мерзімнен артық ­сайланбауы тиіс екенін түсінген жұрт бірауыздан қолдау білдіріп, Конституцияға енгізілер өзгерістің маңыздылығын терең түйсінді.
Президент сайлауына 15 күн қалды. Осыған орай ауданда №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аудандағы 40 сайлау учаскелерінің төрағалары, төраға орынбасарлары, хатшылары қатысқан оқу болып өтті. Семинар түрінде өткізілген бұл шара сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің барлық процесінен хабардар етті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев Президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктерін, оны қаржыландырудың негізгі тетіктеріне байланысты интерактивті пікірталас өткізді. Облыстық сайлау ­комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов дауыс беру тәртібі, оның қорытындыларын анықтау, практикалық кейстерді талдау тұрғысынан жан-жақты түсінік берді. Сондай-ақ аудан прокуроры «Сайлау бостандығының кепілдіктері. ҚР сайлау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық» тақырыбында хабарлама жасады.
Семинардың екінші бөлімінде сайлау алдындағы үгіт жүргізудің тәртібін түсіндірген Сырдария аудандық сайлау комиссиясының төрағасы ­Балшекер Өтегенованың хабарламасынан кейін семинарға қатысушылар сайлауға қатысты сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының доценті, психология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аяғанова «Жанжалдарды басқарудың практикалық құралдары. Тиімді коммуникацияларды құру әдістері» турасында пікірталас өткізді. Қатысушылар семинар соңында тақырыптық тест тапсырып, арнайы сертификаттарға ие болды.
Қазір сайлауға түсетін үміткерлердің кім екені анықталды. Жоғарыда айтқандай биылғы сайлаудың бітімі басқа. Әрбір күн ертеңгі тарих екенін ескерсек, 15 күннен кейін өтетін сайлау келешекте жұртшылықтың айта жүрер керемет кезеңінің боларына бек сенімдіміз.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

07 қараша 2022 ж. 321 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031