Есірткісіз өмір ғажайып

Жалпы адам өмірі өлшеулі екенін барлығымыз білеміз. Бірақ осылай есірткі пайдаланатындар өз қолымен өмірін қысқартып, болашағына балта шауып жатады. Өкініштісі, тәуелсіз елде есірткіге тәуелді болып отыр көбісі. Есірткімен достасқанның аяғы жақсы болмайтынын біле тұра қилы-қилы тағдырға ұшырасып жатамыз. Тіпті есірткі пайдаланатындардың арасында өрімдес жастар да, орда бұзар жасқа келген ер-азаматтар да жетіп артылады. Әрине, олардың ойынша есірткіні пайдалану өмірді керемет етіп өткізу шығар. Бірақ есірткісіз өмірдің әлдеқайда ғажап екені жасырын емес. Есірткі тұтынатын адамдардың болашаққа ұмтылысы, ертеңгі өміріне сенімі, жинаған білімі мен ілімі, тіпті емен-жарқын араласатын ортасы да, оны шын сезіммен жақсы көретін жақындары да болмайды. Барлығы зиянды затқа әуес адамнан аулақ жүруге тырысатыны ақиқат. Ал салауатты өмір салтын ұстанып, жарқын болашаққа қол созатын адам армандарына қол жеткізіп, биікті бағындырады. Оқу-білім үйреніп, күн сайын өзін жаңа қырынан тани бастайды. Әрине, жақсылыққа ұмтылатын адамдардың қасында әрқашан жақсы адам жүреді. Сен өзің қоғамда қалай әрекет етсең, ісің солай жүзеге асады. Жаһандану заманында жаңашылдықтың, білім мен ғылымның жаршысы болу- жастардың міндеті. Бұл тұрғыда «Жас бала жас шыбық секілді. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» деген Мағжан Жұмабаевтан асып ештеңе айта алмаймыз. Қазақтың мыңжылдық тарихына көз жүгіртсеңіз, ата-бабаларымыз зиянды затқа әуес болмақ түгілі, есім-сойын да білмейтін еді. Ал ұрпақтары біз ше? Хас батыр қазақ деген рухты елдің ұрпағымыз деп айтуға лайықпыз ба? Ал лайық болсақ ең алдымен өз-өзімізді қолға алып, тек есірткі ғана емес күллі зиянды заттардан аулақ жүрейік. Өз қатарластарымызға және жастарға есірткісіз де ертеңімізді ғажап етіп өткізуге болатынын дәлелдейік.
Еламан Кенжеш, Шиелі ауданы,
Алғабас ауылы №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің
8 сынып оқушысы
8 сынып оқушысы