ДАҢҚЫ БИІК ДӘН АТАСЫ
Аудан тұрғындары үшін барыс жылының жөні бөлек. Себебі биыл даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Ы.Жақаевтың күріштен әлемдік рекорд жасағанына – 75 жыл болса, ақын-журналист Д.Смайыловтың – 90 жылдығы. Сонымен қатар Республика күні мен «Алтын күз – 2022» мерекелік шарасы бар. Бір сөзбен айтқанда, Шиелі жері үшін ақ түйенің қарны жарылған өнегелі іс-шаралар өтті.
Солардың бірі – ақ күріштің зергері Ыбырайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі. Оған аудан әкімі Нұржан Ахатов пен ардагерлер, ел азаматтары қатысты. Тиісінше даңғайыр диқанның туып-өскен ауылына арнайы ат басын бұрып, рухына тағзым етті. Еске алуда сөз сөйлеген аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын дәл осындай еңселі істі еңсеру ел азаматтарының мықты ауызбірлігін көрсететіндігін, бұл ең алдымен даңқты диқанның аруағына деген құрмет екендігін тереңнен толғап, тебірене айтып берді.
Солардың бірі – ақ күріштің зергері Ыбырайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі. Оған аудан әкімі Нұржан Ахатов пен ардагерлер, ел азаматтары қатысты. Тиісінше даңғайыр диқанның туып-өскен ауылына арнайы ат басын бұрып, рухына тағзым етті. Еске алуда сөз сөйлеген аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын дәл осындай еңселі істі еңсеру ел азаматтарының мықты ауызбірлігін көрсететіндігін, бұл ең алдымен даңқты диқанның аруағына деген құрмет екендігін тереңнен толғап, тебірене айтып берді.
Ауыл шаруашылық саласының өрістеуіне өзіндік үлес қосқан біртуар тұлғаны артында қалған ұрпақтары ұмытпайды. Керісінше ұлықтайды. Ы.Жақаев еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған тұлға. Ол сыр салысын баласындай баптап, мәпелеп, маңдай тер, тындырымды тірліктің арқасында биікке көтерілген нағыз еңбек адамы. Тұқымды таңдау мен баптаудың сырын білген. Қайталанбас рекорд жасаған. Оның артында қаншама ізбасарлары қалды. Бүгінде даңқты диқанның еңбегі көпке үлгі. Ел байлығын еселеу жолында өнегесі өміршең.
Сөзіміздің айқын дәлелі ретінде аудан көлемінде атқарылған игі шараларды ауыз толтырып айтуға болады. Олардың қатарында «Егінші – мәрт, жер – жомарт» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциясы бар. Ы.Жақаев атындағы ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы ашып, жүргізді. Ал ғылыми-танымдық конференцияға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірманов, қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының академигі, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Құрманбек Бәкірұлы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», ардагер Сұлтанбек Оразымбет, қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының академигі Бақытжан Әлішерұлы, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС-нің басқарма төрағасы Қамбарбек Мүбараков, техника ғылымдарының докторы Серікбай Өмірзақов қатысты.
Алғаш болып сөз алған Бақытжан Дүйсембеков «Қызылорда облысының фитосанитарлық жағдайы және зиянды организмдерге қарсы қолданылатын тиімді шаралар» мәселесі бойынша баяндама оқыса, Ғалиолла Мейірманов «Жоңышқа дақылының тұқымын өндіру технологиясы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, конференцияда Құрманбек Бәкірұлы мен Сұлтанбек Оразымбетов, «Күріштің бастапқы тұқым шаруашылығында гидропоника тәсілін пайдаланып, көшеттеп егу әдісін қолдану», «Ы.Жақаевтың күріш өсіруден әлемдік рекорд жасағанына – 75 жыл» тақырыбында баяндама жасады.
Жиын соңында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы:
– Биылғы «Алтын күз» мерекесі шаруалардың адал еңбегін, даңғайыр диқан бабамыздың рекордын ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеудің жарқын көрінісі. Біз, кейінгі ұрпақ, Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары әрі оның жерлестері ретінде атамыз шыққан биік белестерді мақтанышпен айта отырып, оған ұқсауға және оның атын асқақтатуға борыштармыз. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта берсін. Ырыс-несібесі мол болсын. Кәсіптеріңіз әрқашан табысты болып, ел ризылығы еселей берсін! Отбастарыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін. Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!, – деп ғылыми-танымдық конференцияның нүктесін қойды.
Ақ күріштің зергері атанған Ыбырай Жақаевты еске алу кеші мұнымен толастамады. Айта кетейік, аудан әкімі Нұржан Ахатов Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің жұмысымен де жіті танысты. Аудан әкімімен бірге музейге қоғам және мемлекет қайраткері Алтыншаш Жағанова, Қазақстанның «Құрметті Журналисі» Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақай да барды. Мұражайда 40-қа жуық архивтік суреттер қойылған. Сондай-ақ диқаншының қолданған кетпені, орағы, ер-тұрманын кезіктіруге болады. Одан бөлек музей қорында сақталған құнды экспонаттар, газеттік баспа бетіне шыққан мақалалар жиынтығы бар мұнда.
Ы.Жақаев саналы ғұмырында бір өзі бір дәуірдің жүгін көтеріп өткендей. Жоғарыда өткен игі шаралар біртуар тұлғаның есімін ел есінде жаңғырту мақсатындағы қадамның бір парасы ғана.
Сұлушаш МАДИЯРОВА