Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азамат

Азамат

Болат Күлімбет елге жастайынан танымал болды. Оның бойындағы Отансүйгіштік, патриоттық, ұлттық сезімдері ерте оянып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Ол шындықтың шырағындай лапылдап, Шынболат ағамыздай шындық үшін шырылдап өсті. Жаста болса, республиканың Тәуелсіздік алу жолында шырылдап, елімізде құрылған қоғамдық «Азат» азаматтық қозғалысының аудандық филиалын басқарды.
Ұлтшыл болған жоқ. Ұлтымыздың бодандықтан құтылып, тәуелсіз ел болғанымызды қалады. 1986 жылы желтоқсан көтерілісі кезіндегі қазақ жас­тарын нашақор, маскүнем, бұзықтар деп айыптау туралы тапсырма беріп, барлық мекемелерде жиналыс өткізіп қаулы қабылдатар кезде, от ауызды, орақ тілді, жаужүрек-патриот Күлімбет Болат «Жоқ олай емес, алаңға шыққан қазақ жастарының талабы орынды! Ал үш күнге созылған текетірестің соңы бұзақылыққа ұласуы, ол әдейі ұйымдастырылған арандатушылардың тірлігі» – деп, дәлелдеп, өз мекемесін де айыптау қаулысын қабылдатпай қоюы – сол кезде коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған шақта көзсіз ерлік еді. Оны батылы барып айтқан осы Болат тұғын. Ол қазақ елінің тәуелсіздігін алу үшін аянбай күресті. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінде «Алғабас», «Төңкеріс», «Ақмая» және Ы.Жақаев ауылының еңбекшілері маңдай терімен тапқан адал еңбекақыларын ала алмай жүргенде Болат басқарған «Азаттықтар» араласып, мәселенің оң шешілуіне ықпал жасағанын ауыл тұрғындары ұмыта қоймас. Б.Күлімбет зейнетке шыққаннан кейін де, үйде отырмай ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Ол Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де қоғамдық жұмыс атқаруда. Болат кешегі қаңтар оқиғасына да байланысты ерлікпен парапар іс атқарды. Ол митингіге шыққан жастарды аудандық ардагерлер үйіне шақырып, қоятын талаптарын жаздырып, аудан әкімдігіндегі кездесудің сәтті өтуіне бар күшін салды. Ашулы жастар Болатты тыңдай білді. ­Аудан орталығындағы алаңдағы митингі сөйтіп, түсіністікпен бейбіт түрде тарады. Б.Күлімбеттің ел үшін күрескерлігін мақтанышпен айтуға тиіспіз. «Дарақ – тамырдан, адам көңілден нәр алады» демекші, Күлімбет әулетінде мінез бар. Ол – ел үшін күрескерлік мінез. Күлімбет Болат Мәлібекұлы 1952 жылы 25 қазан күні Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округінде дүниеге келген. 1970 жылы №45 қазақ орта мектебін, 1976 жылы Алматы Мемлекеттік Медицина институтының емдеу ісі факультетін бітіріп шығады. Мамандығы – емдеуші дәрігер. Еңбек жолын аудандық ауруханадан бастаған Болат Мәлібекұлы, 1980-1984 жылдары Қызылорда медициналық училищесінде оқытушы, Қызылорда қалалық ауруханасында бөлімше меңгерушісі болып, 1984-1994 жылдар аралығында Шиелі теміржол ауруханасында дәрігер, 1994-1999 жылдары «Ержан» жеке емдеу мекемесінде басшы қызметтерін атқарады. 1999 жылы аудан әкімі ауданда кенжелеп қалған, ешқандай материалдық-техникалық базасы жоқ «Болашақ» жанұялық дәрігерлік емханасына басшылық етуін сұрайды. Б.Күлімбет іскерлігі, біліктілігі арқасында бір жылда «Болашақ» емханасын аудан ғана емес, облыс деңгейінде алдыңғы қатарлы емханалар санатына қосады. Ол өзінің жеке «Ержан» емдеу мекемесін жауып, мемлекет мүддесін жеке мүддеден жоғары қойып, «Ержанның» материалдық-техникалық базасын «Болашақ» емханасының балансына өткізіп «Болашақ» емханасының жұмысын жандандырып тағы бір ерлік, азаматтық, адамгершілік жасағаны бар. Ел мүддесін қорғауда алдына жан салмайтын Болат Мәлібекұлы Шиелі аудандық мәслихатының І, ІІ, ІІІ шақырылымдарының депутаты болды. Өзінің ойын, пікірін, айтар сөзін ашық айтып, «Бетің бар, жүзің бар» демейтін Б.Күлімбет біреуге жағар, енді біреуге жақпас, ол азаматтық жолынан таңған емес. Оның кейбір ағаларынан, құрдастары мен замандастарынан ерекше айырмашылығы жағымпаздықты жаны қаламайды. Оның беделіне айналған турашылдығы мен табандылығы, бір сөзділігі. Әңгіменің де, істің де, жұмыстың да, сұрақ пен өтініштің де сыйпақтамай тоқетерін айтуы. Жалтақтамайтыны – өз мамандығын жетік меңгерген білікті дәрігер. Халық емшілігін де ізденімпаздықпен қолданып жатады. Б.Күлімбет 2002-2008 жылдары Шиелі аудандық емхана бас дәрігері болып істеген кездері, емхана жұмысына көптеген соны жаңалықтар енгізіп, Шиелі ауданы медицинасы облыста алдыңғы қатарлы мекемелердің бірінен саналады. 2008 жылдан зейнетке шыққанша Ы.Жақаев ауылдық емханасын басқарған Б.Күлімбет, ауыл тұрғындарының сүйікті дәрігеріне айналды. Адал қызметімен жұрттың құрметі мен алғысына бөленеді. Медициналық көрсеткіштерге сәйкес Қазақстан Рес­публикасы «Ең саламатты ауыл» конкурсында жеңімпаз деп танылады. Осылайша Болат Күлімбет тек қана дәрігерлік қызметімен ғана емес, сонымен қатар жоғарыда айтқанымыздай еліміздің қоғамдық-саяси қызметтеріне де белсенділік танытты. Оның осынша жұмыстарға белсене араласуына отбасының берекесі, өмірлік жары, ауданға танымал терапевт-дәрігер Тұрсынай Сейтпенбетқызының зор септігі болғанын Болаттың өзі де жасырмайды. Тату-тәтті жұп, қос дәрігер отбасының да, мекемелерінің де құты болғанын көрсетеді. Болат пен Тұрсынай ынтымағы жарасқан Шиелі кентіндегі өнегелі отбасының 6 немере мәпелеп отырған атасы мен әжесі. Өздері 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп жетілдірді. Жетпіс жастың желкенін желбіретіп, ескегін есе бастаған Болат Мәлібекұлы әлі тың, ширақ, жаздай кент ардагерлерін ұйымдастырып сырттан егін егеді, балық аулайды, аңға да шығып қояды. Бірақ барлығы да заң аясында, демалыс үрдісінде. Болат Күлімбеттің халқына жасаған қызметтері атаусыз қалған емес. Облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының және аудан әкімшілігі тарапынан да алған грамоталары мен алғыс хаттары бір төбе. Оның кеудесінде Халықаралық «Гиппократ» ордені, «Медицина саласына қосқан үлесі үшін», «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдары жарқырап тұр. Ал оған ең ыстығы Болат Күлімбеттің «Қазақстан Республикасының «Алтын дәрігер» атағымен марапатталуы болса керек. Ол оның мамандығына, атқарған қызметтеріне лайық берілген жоғарғы һәм айрықша баға болатын. Біздің белсенді ардагеріміздің айтары мен алар асулары әлі алда. Өнегелі өмірі жастарға, қоғамға үлгі болып қала береді.

Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
26 қазан 2022 ж. 306 0