Бас прокуратура сайлау науқаны талаптарын бұзған үшін қандай жаза қолданылатынын түсіндірді
Бас прокурорының орынбасары Жандос Өміралиев сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу талаптарын бұзғаны үшін заңнамада қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтып берді.
«Президенттің кезектен тыс сайлауы өтетіні туралы жарияланған сәттен бастап, Бас прокуратура сайлау науқанының барлық кезеңдеріне қатысты әр деңгейдегі прокурорлар үшін негізгі міндеттер мен ұйымдастырушылық іс-шараларды айқындады. Кеше облыс прокурорларымен жеке кеңес өткізіп, оларды сайлау туралы заңнама нормаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге бағыттадық. Бүгін сағат 18:00-де ең белсенді кезең – сайлау алдындағы үгіт басталды. Оны өткізу тәртібі «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттелген», - деді Ж. Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясында өткен жианлыста.
Ж. Өмірәлиев белгіленген нормаларды сақтамау жауапкершілікке әкеп соғатынын айтты. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте сайлау алдындағы үгіттің тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін 9 бап көзделген. Олар: сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу (102-бап – 15-35 АЕК айыппұл); сайлау алдындағы үгітті жүргізу құқығына кедергі келтіру (103-бап – 20-50 АЕК айыппұл); БАҚ арқылы сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзу (112-бап – 2-50 АЕК айыппұл); Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт жүргізу шарттары «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабында белгіленген.
Сонымен бірге, анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 113-бабы (25 АЕК) бойынша әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады. Үгіт материалдарын қасақана жою, бүлдіру (114-бап – 15 АЕК айыппұл); сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргiзу шарттарын бұзу (120-бап – 10-30 АЕК айыппұл); сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу шарттарын бұзу (122-бап – 20-30 АЕК айыппұл) да құқықбүзушылық болып саналады.
Сайлау құқықтарына қол сұғатын осы және басқа да әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша өндірістерді қозғау прокурордың айрықша құзыретіне кіреді. Істерді сот қарайды. Бірақ азаматтар өздерінің сайлау құқығын бұзған жағдайда өз бетінше тікелей сотқа да жүгіне алады. Бұл жағдайда аталған санаттағы істерді бірден сот қарайды, бірақ міндетті түрде прокурор қатысады.
«Әкімшілік жазамен қатар сайлау заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жаза та көзделген. Ол сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіруге қатысты, Қылмыстық кодекстің 150-бабы – 100 АЕК айыппұлдан бастап, түзету жұмыстарын, бас бостандығын шектеуді қоса алғанда, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Екінші құрам – сайлау құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу, ол үшін Қылмыстық кодекстің 151-бабында 4 мың АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салу не түзеу жұмыстары немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы белгіленген. Қазіргі уақытта сайлау науқаны құқықтық шеңберде өтіп жатыр. Сайлау заңнамасын бұзу фактілері тіркелген жоқ», - деді Ж. Өмірәлиев.
https://ortcom.kz