Ел мұраты – егемендік
Егемендік туралы декларацияның қабылдану тарихына көз жүгіртсек, сол дәуірдің ізі, көтерілген мәселелерге орай пікірталастар, адамдардың көңіл-күйі парақтары сарғайған басылым беттерінде сайрап жатыр. Біздің «Сыр бойы» газетінің «Ленин жолы» деген атаумен шыққан соңғы кезеңі сол декларация қабылданған 1990 жылға сәйкес келеді. Сол жылғы қыркүйектің 18-дегі нөмірде Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация мәтіні жарияланып, жоба талқылауға ұсынылған.
«Демократиялық өзгерістердің тағдыры мен бағыты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуының перспективалары едәуір дәрежеде осы мәселелердің сарабдал шешіміне байланысты. Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны талқылап қабылдау ерекше, тарихи орын алады» деп басталыпты Қазақ ССР Жоғарғы Советінің төрағасы Е.Асанбаевтың баяндамасы.
Декларация жобасын дайындауға білікті авторлар, заңгерлер, түрлі сала мамандары, ғалымдар тер төккен. Жұмыс барысында республика Үкіметінің, кейбір қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары мұқият зерделенген. Жоғарғы Совет Президиумында, президенттік кеңестің кеңейтілген мәжілісінде екі рет егжей-тегжейлі талқыланған. Декларация жобасының негізгі мазмұны мемлекеттілікті сақтау, қорғау жөніндегі шараларды қамтуымен ерекшеленді.
Е.Асанбаевтың баяндамасында осыншалықты ауқымды актінің қажеттігі неге байланысты туындап отырғанына жауап беріліпті. «Басқа одақтас республикалар сияқты Қазақ ССР-і – ССРО Конституциясына сәйкес егеменді социалистік мемлекет. Бірақ ол тек қағаз жүзінде ғана «мемлекет ішіндегі мемлекет». Шындық мынадай: қоғамның тіршілік қызметінің барлық салаларындағы шектен тыс орталықтандыру басқа одақтық республикалар сияқты Қазақ ССР-нің нақты егемендігінің формальді болып шығуына апарып соқтырды. Олардың тәуелсіздігі мен егемендігі барынша азайтылды» делінген онда. Сонымен қатар республикалардың ішкі және сыртқы саясатының барлық мәселелерін орталықтың тәптіштеуі кеселді практикаға айналғаны айтылған.
Декларация жобасының мазмұнын айқындаған өзекті сәттері қандай болды? Бұл сұрақтың да жауабын сол уақытта басылымдарда жарияланған мақалалардан табуға болады. Ең алдымен, бұл декларация – ел егемендігінің иесін, республиканың Одақпен және оның құрамындағы басқа мемлекеттік құрамалармен өзара қатынасын реттейтін ережелер.
Жобаға сәйкес Қазақ ССР-дегі мемлекеттік өкіметтің ішкі және сыртқы қарым-қатынаста басымдығы, дербестігі, толық билігі болады. Мұның өзі тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатты жүргізуге, өкіметтің шектен тыс орталықтандырылуынан құтылуға, ведомостволық монополизмді жоюға, халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік береді. Егемендік тиімді құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз етілген соң, мемлекеттілікке қарсы кез келген зорлық-зомбылық әрекет кімнен шықса да заң бойынша қудаланатыны көрсетілген.
Осы құжатты дайындаған авторлардың бірі Сұлтан Сартаев басылым тілшісі Әділхан Бәйменовке берген сұхбатында:
– Одаққа енетін барлық республикалар өздерінің егемендігі туралы декларация қабылдады. Негізгі тұжырымдарға келер болсақ, біздің егеменді республикамыз Қазақ ССР-і Одаққа ене отырып, республиканың саяси егемендігі, экономикалық егемендігі, әлеуметтік-мәдени салаларда да егеменді болуы керек. Егеменді мемлекет болғаннан кейін жеріне де ие болуы тиіс. Біз қазір декларацияда жердің, судың, жер қойнауы байлығының, өсімдіктің, жан-жануарлар дүниесінің бірден-бір иесі республика деп келісіп отырмыз, – дейді.
Декларация жобасы басылым бетінде қызу талқыланған. «Аумағына бес Франция сыйып кететін ұлан-байтақ республикамыздың егеменді болуы қай қырынан алсақ та, орынды деп білемін», «Декларация республика халқын томаға-тұйықтықтан праволық қоғамдастыққа алып шығатын, саяси бағдарымыздың негізгі құжаты болуы тиіс. Біз қиындықты, правосыздықты, әділетсіздікті, қиянатты аз көрген жоқпыз. Ендігі тілегіміз – соның бәрінен ұрпағымыз аман болса екен» дейді сол жылдардарғы оқырмандар.
«Еңсеңді көтермей, егемен болмайсың» атты «дөңгелек үстелге» қатысқандардың ой-орамдарына мемлекеттік тіл мен жер туралы теріс пікірлердің сол тұста тым өрістеп кеткені негіз болған.
«Ленин жолының» 27 қазандағы нөмірінде Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжілісі туралы ақпарат жарияланып, онда «Қазақ ССР Жоғары Советінің қазанның 25-дегі таңертеңгілік мәжілісінде Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасын жетілдіру жөніндегі комиссия атынан оның төрағасы С.З.Зиманов сөз сөйледі. Жоғарғы Советтің кешкі мәжілісінде декларация жобасы статьялар бойынша талқыланды. Оның әрбір статьясы жекелей дауыс беру арқылы қабылданды. Жоғарғы Совет Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны толығымен қабылдады. Қазақ ССР президенті Н.Ә.Назарбаев пен республика Жоғарғы Советінің төрағасы Е.М.Асанбаев депутаттарды, мәжіліске қатысушыларды Советтік Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғамен құттықтады» делінген. Қысқа ғана хабар 1990 жылдың 25 қазаны қазақ тарихындағы ерекше күн екенінен осылайша хабар беріп тұр.
Осыдан кейінгі 30 қазан күнгі нөмірдің бірінші бетіне әдеттегіден ерекше дизайнмен, ірі қаріптермен декларация мәтіні жарияланыпты. Декларация «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып, Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып, Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып, iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып, Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды» деп басталады.
Осылайша облыстық басылым оқырмандары декларациядан егемен мемлекетінің қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi екенін оқып білді. Ел территориясы бөлiнбейтініне және оған қол сұғылмайтынына, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайтынына қанықты. «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал – Республика территориясындағы бүкiл ұлттық байлық Республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болады» деген жолдарды оқып, азаттықтың ауылы алыс еместігін ұқты. Бұл декларация Одақтық шарт жасау, Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егемен мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болатынын көріп, құжаттың маңызын түсінді.
Осыдан 32 жыл бұрын болған тарихи оқиғаның, яғни мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданған сәттің куәгерлері бүгінде арамызда. Олар өз естеліктерін БАҚ-та жариялауда. Бір айға жуық уақыт талқыланған декларация жобасының халық үшін де, билік үшін аса маңызды болғаны сол кездегі жарияланымдардан, талқылаулардан байқалады. Бұл тәуелсіздікке бір қадам, яғни бір жылдан сәл асатын уақыт қалған кез еді. Сондықтан егемендік туралы декларацияны тәуелсіздікке тұғыр, негіз болған құжат деуімізде мән бар.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»
https://syrboyi.kz
«Сыр бойы»