«ЯПУРАЙ» ӘНІНІҢ ӘЛЕМІ ӨЗГЕРЕК
«Тақиялы періште». Осы фильм жайлы сөз қозғасақ болды, баласына қалыңдық іздеген қазақ анасының күлкісі еске түседі. Яғни, Әмина апамыздың ерекше күлкісі фильмнің фишкасы болса, ондағы орындалатын қазақтың халық әні байлығы. Атақты режиссер ғана емес, әнші Шәкен Аймановтың қайталанбас дауысы талайды таңқалдырғанын жасыруға келмес. Солардың бірі – ерекше мәнерде орындалатын халық әні «Япурай».
Өзі мәнін бүгінде жоғалтпаған кинодағы әндердің көбі сол туындыны түсіру барысында жазылғаны туралы ақпарат бар. Жоғарыда айтқан «Япурай» әні дәл осы фильмде ерекше мәнерде орындалған. Аталған әннің шығу тарихы, орындаған әншілер, халық арасына тараған түрлері жөнінде тере берсе бір кітапқа жүк шығар. Осы әнді Затаевичтен бастап, Илия Жақановқа дейін ерекше тоқталып жіті зерттеген, тұжырымды пікірлер айтқан. Ынтығып шырқаған әнші де жоқ емес. Затаевичке жеткізген ескі әншілер Шомбал Доспамбаев пен Ғалымжан Шыңғалиевтен бастап Иса Байзақов, Ришат Абдуллин, Ермек Серкебаев, бертінде Димаш Құдайбергенге дейін орындап келеді. Радионың мұрағатында Құрманбек Жандарбеков жаздырған нұсқа да сақтаулы тұр екен.

Затаевич туындыны Орал өңірінен, екі әншіден екі түрін жазып алған деседі. Екеуінде де «Я, пірім» аталған. Кейбір зерттеушілер «Япырай» деп те атайды. Айналып келгенде, үшеуі де дыбыстық өзгеріске ұшыраған бір сөз сияқты. Қазақтың «Япырай, ә!» таңғалған сөзі айналып келгенде «Я, пір-ай, ә?!» дегені емес пе? Әннің танымалдылыққа ие болғаны сонша, желілерде шетелдік музыканттар да мелодиясын романс ретінде тартып жүргенін көргенбіз.
Енді бұл әнге Шәкен Аймановтың не қатысы бар десеңіз, айтайық. Атақты «Тақиялы періштенің» ортасында «Япурайдың» шырқалуы тегін емес. Және ол жалғыз-ақ нұсқада емес, әуелі домбырада, одан кейін операда Серкебаев орындайды. Ал домбырадағы негізгі нұсқаны Шәкен Аймановтың өзі шырқаған көрінеді. Көз көргендерден естуіміз бұл. Киноны көріп отырғанда елеусіз өтіп кетуіңіз кәдік, себебі оқиғалар тізбегі жетелеп, көңілді күлкі билеп алмай ма? Дәл сол ән шырқалар тұстың өзі күлкілі. Әлгі әнді шырқайтын адам Тайлақтың шешесіне қарата «менің әкем жас күнінде сіздің шешеңізді көргенде сөзсіз ғашық болар еді...» демей ме, ол кісінің жары жоғын біліп. Әнде орындаушылық мәнер мен дауыс өзгеше, көңілді үн тереңдігі баурайды. Және домбыраны қағысы өзгеше, мүлде тамаша. Дауыс жайлы, жаймашуақ, байыпты естіледі де домбыра асықтырып, соның соңынан қуып келе жатқандай әсерге қалдырады. Ғажабы да сол. Орал өңірінен жазылған әннің табиғатын домбыраны шерту дәстүрі байқататындай. Құдды бір ауылдың тынық, жайлы кешінде ғашығына асыққан жүректің алқынысын естуге болады. Әрине бұл ғажап.
Сонымен қатар әннің сөзі туралы да түрлі пікірлер айтылады. Бір әңгімелерде Мағжан Жұмабаевқа телушілер басым. Белгілі күйші Секен Тұрысбек: «Осы секілді «Япурай» әні қандай керемет! Тек Мағжан сынды классиктердің ғана қолынан келеді ондайды тудыру. Ал біз оны оп-оңай автордан жұлып ала саламыз да, халықтікі дей саламыз. Мағжан Жұмабаевтың «Жазығын» да көп жұрт біле бермейді, міне, нағыз ұлт үшін туған, қайталанбас туынды деп мен соны айтар едім. Мағжан атамызда көп ән болған». Бұл бір факт.
Ән де халықпен бір түлеп, заманмен бірге жаңарып, жасарып отырмай ма?
Жаз болса жарқыраған көлдің беті,
Көгеріп көрінеді, япурай, алыс шеті.
Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын
Шайқайды жас баладай, япурай,
желдің лебі.
Алтын бу айна көлдің бетін жабар,
Ақ сәуле көктен төніп, япурай,
маржан тағар.
Есіме ақ сәулемді алған кезде
Ақ моншақ жылт-жылт етіп, япурай,
жерге тамар.
Әнді қара сөзбен оқып шықсаңыз да, бойды шымырлатып, тоқ жүріп өткендей болады. Кім жазса да азабынан ғажап жасағаны сезіліп тұр.
Сұлушаш МАДИЯРОВА