Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨКЖИЕГІ КЕҢ ҰЙЫМ

КӨКЖИЕГІ КЕҢ ҰЙЫМ

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні. «Кәсіподақ – сенімге тірек, қорғанысқа кепіл» атты кәсіби мерекелік кеш №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектепте аталып өтті.
Кәсіптіодақтардың бас­ты мақсаты – еңбек ұжымы арасындағы тұрақтылықты сақтау, жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір ретінде қоғамның қазығына айналу. Кәсіподақтардың тарихы ­Батыс Еуропа және АҚШ-пен тығыз байланысты. Себебі бұл ұйым ХVІІІ ғасырдың аяғында осы елдерде пайда болған. Германия мен Еуропаның басқа елдерінде ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары құрылған. Ал Қазақстанда кәсіподақтар 1905-1907 жылдары өз жұмысын бастады. Жұмысшылардың, қызметкерлердің, ұжымшар еңбекшілерінің әлеуметтік сақтандырылуын басқару қызметі, шаруашылық есептегі санаторий мен демалыс үйлерінің бәрі солардың қарауына берілді. Әрбір кәсіподақ халық шаруашылығының қызметкерлерін біріктіріп, ұйымдаса жұмыс істеуге ықпал етті.
Иә, кәсіподақ ұйымы дегенде біздің көз алдымызға үнемі әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіріп, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беретін, жалғызбасты аналарға қолдау көрсететін, жұмысшылардың еңбек демалысын лайықты өткізуге мүмкіндік беретін ұйым елестейді. Расында, бүгінде еліміздегі кәсіподақтардың басым бөлігі рухани бағытта шара өткізіп, еңбеккерлерді лайықты демалысқа жіберумен айналысады.
Сонымен мерекелік шараның шымылдығын аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті төрағасы Гүлбану Рантайқызы ашып берді.
– Кәсіподақ қызметінің негізгі жұмысы кәсіподақ мүшелерінің, еңбекшілердің құқығы мен мүдделерін қорғау. Жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру әрі әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы біздің кәсіподаққа аудан бойынша 5477 адам мүше. Оның ішінде 40 мектеп, 3 мектептен тыс мекеме және балабақша бар. Оған қоса, 1154 сала ардагерлері біздің қамқорлығымызда. Бүгінде кәсіподақ ұйымы үлкен ауызбіршілікпен жұмыс істеп келеді. Бүгінгі мерекемен барша әріптестерді шын жүректен құттықтаймын. Ел үшін еселі еңбек ете беріңіздер. Сіздерге шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Биыл 7 ардагер шипажайға емдеу орындарында жолдама арқылы демалып келді, – дейді Гүлбану Тәжбенова.
Мұнан соң аудандық білім бөлімінің бас маманы Талғат Уалиханұлы барша кәсіподақ ұйымының мүшелерін және ардагер ұстаздарды құттықтады. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы аудандық кәсіподақ төрағасы қызметін абыроймен атқарған ардагер Рысдәулет Ибрагимұлы да өзінің жүрек жарды ыстық лебізін жеткізді.
Одан әрі бір кездері мұғалім болып, қоғамдық жұмыс атқарған, бастауыш кәсіподақ ұйымының ардагерлерімен сырлы сұқбат жүргізді.
Шараның легі жас ақын Шыңғыс Құдайбергеннің арнауына ұласты.
Мерекелік шара барысында еңбек жолын енді бастаған жас мамандарға кәсіподақ билетін табыстады. Сондай-ақ мерекелік шарада бірқатар сала қызметкерлері марапат төрінен көрінді.

Шапағат Тілеубаев
17 қазан 2022 ж. 223 0