Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ГАЗ БАЛЛОНДЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС ҚОЛДАНАСЫЗ?

ГАЗ БАЛЛОНДЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС ҚОЛДАНАСЫЗ?

Бүгінде Шиелі кенті мен Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н. Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов ауылдары, яғни аудан халқының 68 проценті көгілдір отынын пайдалануда.Ал жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын Еңбекші, Жиделіарық, ­Бестам, Ақтоған елді мекендерін газбен қамтамасыз ету бойынша жобалар тиісті министрліктерге тапсырылған. Сондай-ақ, Алмалы­ мен Телікөл ауылдық округтерін газдандыру үшін жасалған жоба-сметалық құжаттар сараптама қарауында.
Жалпы айтқанда қазіргі күні 6 елді мекен от жағып, газ баллонды қолданады. Жылыту маусымы басталған сәттен бастап газ баллондарды дұрыс қолданбағаннан жарылыс болып, жазатайым оқиғалар тіркелуде. Әлбетте бұл қынжылтатын дүние. Дегенмен газды дұрыс қолдану не қолданбау әр адамның өз жауапкершілігінде. Осыған байланысты жайттарды қаузамақпыз.
Сонымен ауданда жыл басынан бері 25 өрт оқиғасы тіркелген. Жалпы елімізде өрт санының 20 процентке, ал өрт кезінде адамдардың қаза болуы 32,5 процентке төмендепті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Иә, жауаптылар осылай жанды жұбатады. Ал біз естіп, көріп жүрген оқиғалар жоқ емес. Жыл басынан бері шолып көрсек, ақпан айының 2-сі күні Қызылорда да газ баллон жарылып, баспана қираған. Отбасы мүшелері зардап шеккен. Ал өткен жылы қалада 27 литрлік газ баллоны жарылып, салдарынан 4 адам қаза болған. Қала берді 144 шаршы метр жер өртке оранды. Осы тамыздың 14-і күні Ақмолада тағы да сол газ баллоны жарылып, 1 адам көз жұмған.
Көп жағдайда жарылыстың орын алуына газ баллонын толтырарда қауіпсіздік талаптарының ескерілмеуі себеп. Мәселен, ереже бойынша газ баллонының тек 85 проценті сұйық газбен толтырылуы міндет. Одан көп болса жылы жерге кіргенде қысым артып, жарылып кету қаупі туындайды. Осы тұста айта кеткен жөн, таттанған, пішіні бұзылған, төл құжаты жоқ баллондарды тұрмыста пайдалануға тыйым салынған. Өкініштісі, біздер мұны ескере бермейміз.
Нақтылай кетсек, тұрмыстық газ аспаптары мен жиһаздың арасындағы қашықтық 0,2 метрді яғни, 20 сантимерді құрауы тиіс. Ал газ құрылғысының үстінен ілінген жиһаз болса, онда арасы 70 сантиметрден кем болмауы міндетті. Газ баллондарына арналған жапсарлай салынған құрылыстар мен шкафтар құлыпталып, желдету үшін жалюзимен жабдықталып, «Өртке қауіпті газы бар баллондар» деген ескерту жазумен қамтамасыз етілген жөн. Бұны білгендеріңіз абзал.
Қорыта айтсақ, бұл мәселеге салғырт қарауға болмайды. Газ желісі ұйымдары мен газ толтыру пунктерінің иелері тұтынушыларға сатылатын әрбір тұрмыстық баллонға кепілдік сапа талонын беруге міндетті. Сондықтан талап етіңіз. Тағы бір маңызды ереже автомобильдік газ құю станцияларында тұрмыстық баллондарды толтыруға болмайды. Баллондарды қолдану кезінде тетікті ашық қалдырып кетіп, немқұрайлылық танытпаңыз. Соның салдарынан жан түршігерлік оқиғалар орын алуы мүмкін. Газ құрылғыларын қолданарда сақтық шараларын мейлінше естен шығармағандарыңыз ләзім. Егерде төтенше жағдай орын алатын болса, 101 және 112 нөмірлеріне хабарласуды ұмытпаңыздар.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
17 қазан 2022 ж. 227 0