Шиелі үздік аудан атанды

Балапанды күзде санайтын берекеге бай мезгілде дала еңбеккерлерінің кеше жұмысы қорытындыланды. Үздіктері анықталып, мерейі үстем болды. «Алтын дән – 2022» мерекелік іс-шарасына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, дала ерлерін марапат биігіне шығарды. Сонымен қатар 12 темір тұлпардың кілті диқандарға табыс етілді. Нақтылайтын болсақ, Сырдариядағы «Мағжан және К» ЖШС өз озаттарына 5, «Ақжарма және К» фермерлік шаруашылығы 2, Жалағаштағы «Таң ЛТД»м серіктестігі 3 және Қармақшыдағы «Жаңа жол» ЖШС 2 автокөлікті өз озаттарына мінгізді.
Ырыс пен берекеге толы күз келгелі ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразылауға көшті. Сыр өңірінің аграрлы саладағы серпінді жұмысы биыл да қарқынды. Мұны дала еңбеккерлерінің жұмысын таразылап, абыройын асырған «Алтын дән – 2022» мерекесі дәлел.
Облыстың үздік еңбеккерлерінің басын қосқан салтанатты шарада «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының Шиелі өндірістік учаскесінің гидротехнигі Әлияр Сейітов, «Алтын Дән Шиелі» шаруа қожалығының директоры Асқар Бердібаев, «Мақсат» шаруа қожалығының көкөніс өсірушісі Мақсат Ташматов, «Әшірбеков» шаруа қожалығының жатка машинисі Мархабат Ізбенов, «Ақмая» шаруақожылығының бригадирі Гүлсім Дәрібаева марапат төрінен көрінді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА