Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтаулы мұғалім

Мақтаулы мұғалім

Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек, мұғалім біліктілігі, бұл еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілдігі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады.
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді Бақытжамал Қалдыбек 1994 жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін үздік дипломға бітірген. 1994 жылы еңбек жолын №214 орта мектепте бастады. 27 жылдық еңбек өтілі бар Б.Серқұлқызы шәкірт тәрбиелеу жолында мол тәжірибе жинаған кәнігі маман.
«Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Бақытжамал Серқұлқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді» дейді әріптестері.
Мектепішілік сайыстардан бастап, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстар, ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындармен оралып, алғыс хаттармен марапатталып жүрген Бақытжамал Серқұлқызы мектеп абыройын асқақтатып, аудан мектептері ішінде ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің секция жетекшісі. Бұл бағытта да тәжірибелі маман аудан ұстаздарына тәжірибесімен бөлісіп, жылдар бойы көмек беріп келеді. Алтыннан да бағалы ойлары мен ақыл-кеңесін айтудан, іс-тәжірибесін дәлелдеп, жастарға үлгі көрсетуден шаршаған емес.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Қалдыбек Бақытжамалдың 2017 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты әзірлеген «Білім берудің жаңа мазмұны – мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін дамытудың басты шарты» республикалық әдістемелік жинаққа жұмыстары енді, 2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа Бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған халықаралық ғылыми конференцияда жасаған баяндамасы үшін І дәрежелі дипломмен мараптталды.
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Шәкірттері ҰБТ- жоғары балл жинап, жоғары оқу орнын аяқтап, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүр.
Өмір жолы өнегеге толы, шексіз, шетсіз биік шыңды бағындыратын ұстаз мәртебесі қашанда ұлы. Білім саласында біліктілігін арттырып, бар ілімін шәкіртінің санасына құятын, қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұлағатты жол. Осы жолда өз еңбегінің жемісін шәкірттерінің жетістігімен байланыстырған Б.Серқұлқызының ұстаздық өнегесі өзгеге үлгі болуға лайық.

Г.ӘБДІХАНИ
04 қазан 2022 ж. 796 0