Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК ИЕСІ

МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК ИЕСІ

Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Өмірге сәби алып келіп қана қоймай, оған тағылымды тәлім беріп, мейірім-махаббатын төгеді. Әулеттің ұйытқысы болып, шаңырағының береке-бірлігін сақтаушысына айналады. Бұл қазақ ел болғалы бері ақ жаулықты аналарымыздан келе жатқан үрдіс десек артық айтқанымыз емес. Осы ізді жалғап, он баланы дүниеге алып келген алтын құрсақты ананың бірі – Мария Орынбайқызы.
Ол 1950 жылы 15 қыркүйекте Ақмая ауылында дүниеге келген. 1969 жылы 7 қараша күні көршілес Төңкеріс (қазіргі Ш.Қодаманов) ауылына келін болып түседі. Жары Көшербай Боранов екеуі берекелі де мерекелі шаңырақтың иесі атанады. Анамыз он баланы дүниеге алып келген батыр ана. Бірақ тағдырдың жазуымен бір баласынан ерте айырылады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өсіріп, жеткізген 7 ұлы мен 2 қызы бүгінде өмірден өз жолын тапқан жандар.
Әрбір жанұяның өзіне тән тәлім-тәрбиесі, өнегесі, алға қойған мақсат-мұраты болады. Мен де жолдасымның отбасына келін болып, босаға аттағанымда сол үйдің ерекшелігін, адамдарының мінез-құлқын түсініп, терең меңгеремін дегенше екінші анамның (апамның) қолдауы зор болды. Ыстық ықылас танытып, аналық мейіріммен табалдырық аттаған күннен бастап, жанашырлықпен қамқорлық жасап, білмегенімді үйретіп, әр нәрсенің мән-жайын түсіндіріп, алға жетелеп отыратын. Ол «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді. Сендер тату болсаңдар мына ағайындылар бір-бірінен ешқашан алыстамайды» деп келіндерін үнемі татулыққа шақырып отыратын. Анамыздың мықтылығы, кеңдігі мен мол мейірімінің арқасы болар, келіндер арасында ешқашан түсініспеушілік орын алған емес.
Мен бұл әулеттің алтыншы келінімін. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді» демекші, менен кейінгі келін екеуміз алдымыздағы апалы-сіңілідей сыйластығы жарасқан тату-тәтті 5 абысынымыздың ізімен жүріп келеміз. Ал анамыздың айтқан өнегелі сөздері біздің де өз балаларымызға айтатын өсиетімізге айналары сөзсіз.
Өмірінің соңғы жылдарында денсаулығы сыр беріп, ауырып жүрсе де, өмірге деген құлшынысы керемет болды. Ешқашан мойы­май, күйзеліске түспей, өмірді сүйе білді. Құрсағын жарып шыққан 9 ұл-қызынан 26 немере, 6 шөбере сүйді.
Жыл сайын 15 қыркүйек күнін әулетімізбен ерекше күтетінбіз. Бар ағайын-туыстың басы қосылып, анамыздың туған күнін атап өтуші едік. Бірақ өмір біз қалағандай бола бермейтіні рас екен. Анамыздың биылғы туған күнінде құшағын гүлге толтырып, қуанышқа бөлеу бұйырмапты. Дәл осы күні жүз күндік асын беріп, Құраннан дұға бағыштадық. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы болса керек. Егер көзі тірі болғанда әулетіміздің ұйытқысы, шаңырағымыздың шаттығы 72 жасқа толар еді.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы! – деп, Төлеген Айбергенов жырлағандай, бізге бар жылуын сыйлаған анамыздың аялы алақаны ұмытылмайды.
Аналарымызды бар кезінде бағалайық, сыйлайық, қастерлейік, құрметтейік!

Перизат КЕҢЕСБАЕВА,
келіні
19 қыркүйек 2022 ж. 317 0