Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАЛАР ЖЫЛЫНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

БАЛАЛАР ЖЫЛЫНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Бала тәрбиесі мемлекет идеологиясының маңызды бір саласы іспеттес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауының да түп-төркіні де осы болса керек-ті. Балаларға айрықша көңіл бөлінетін барыс жылында не жоспарланып, қандай істер атқарылмақ?
Балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің бастауы
Ел Президенті жаңа жылдық құттықтауында ресми түрде «Балалар жылын» жариялап, өскелең ұрпақтың жақсы өмір сүруі мемлекеттің басты міндеті екенін атап өткен-ді.
«Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші ­отырысында кітапханалардың заманауи қызметін ұйымдастыру арқылы замана көшіне бейімделген саналы ұрпақты тәрбиелеуді тапсырған болатын. Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, отбасылық кітап оқу дәстүрлерін қолдау, балалар жазушыларына қолдау көрсету, заманауи кітапханалық қызмет түрлерін ұсыну арқылы оқырман мәдениетін көтеру мақсатында 2021 жылды – «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялады, естеріңізде болса.
Бұл бастама орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, шығармашылық интеллигенция және қоғамдастық, мәдениет және білім беру саласының өкілдерінің тарапынан қолдау тауып, балалардың кітап оқуына ең қолайлы һәм қолжетімді бірден-бір орын – кітапханалар екенін ескере ­оты­рып, жобаны іске асырудың негізгі базасы болып белгіленді. Осы орайда кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Қоса кеткен жөн, министрлік ағымдағы жұмыстары аясында былтырғы «Балалар әдебиеті жылындағы» жобаларын жалғастырады.
Былтырғы «Балалар әдебиеті жылы» қарсаңында «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бюджеттік бағдарламасы аясында шығатын балалар қаламгерлерінің шығармаларының саны артып, 40 атау бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет 120 мың дана таралыммен басып шығарылды.
Еске салсақ, кейінгі онжылдықта министрліктің қолдауымен 169 атау бойынша балалар әдебиеті 384 000 таралыммен басып шығарылды. Тиісінше кітапханаларға тегін таратылды. Республикалық бюджеттен он жыл ішінде 424 млн теңге қаражат бөлінсе, ал 2021 жылы бөлінген қаражат 227 млн теңгені құраған.

Веб-сайт жұмысы жүйелі
Өткен жылы ел астанасында үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылған «Жас қаламгер» оқыту мектебі өз жұмысын бастаған-ды.
Аталған жоба жас дарын иелері мен кәсіби ақын-жазушылар арасында кәсіби байланыс орнатып, мектеп жасындағы болашақ ақын-жазушылардың шығармашылық өнердің қыр-сырын меңгеруіне септігін тигізеді. Былтыр іске қосылған «Дана бала» балалар әдебиеті веб-сайтының контентін қазақстандық авторлардың толық мәтінді кітаптарымен толықтыру жұмыстары жалғасады. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби подкасттар әзірленіп, таратылады. Айта кетейік, бұл сайтта 90 жылдардағы қазақ қаламгерлерінің 22 кітабы (жыр жинағы, әңгімелері мен повестері) сандық нұсқаға аударылып, электронды кітапхана қорында ұсынылған. Алдағы уақытта қазақстандық балалар және шетелдік ақын-жазушылардың 200-ге тарта толық мәтінді шығармалары жүктеледі.

Балаларға базарлық
Мәдениет және спорт министрлігі биыл қоғамда мүмкіндігі шектеулі талантты балалардың шығармашылығын таныс­тыруымыз қажет деп шешті. Осыған орай былтыр Нұр-Сұлтан қаласында іске асырылған «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған NewАрт балалар шығармашылығының фестивалін» өңірлерде жалғастырмақ. Яғни аталған фестиваль аясында өңірлерден мүмкіндігі шектеулі жас дарын иелерінің шығармашылығы көпшілікке таныстырылады. Бұл қолөнер, ән айту, бейнелеу өнері, т.б. жанрларын қамтиды және жоба аясында талантты жастардың көрмесі, республикалық байқау өткізіледі.
Биыл «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауы мен Astana Piano Passion республикалық жас пианис­тер конкурсы өткізілмек. Жалпы халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мен оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған түрлі акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бұл жұмыстар көпшілікке арналған «Бір ел – бір кітап», «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» республикалық акциялары аясында жүргізілмек. Бұл шаралардың ерекшелігі – көрсетілген акциялар тек кітапхана оқырмандарын ғана емес, түрлі өндіріс орындары мен басқа да қоғамдық ұйымдардың қатысушыларын қамтиды.
Кітапханалардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Әжемнің ертегілері», «Отбасыммен кітап оқимыз» және т.б. театрландырылған білім беру онлайн-жобасы да іске асырылады. Ал Ұлттық кітап палатасы «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауын өткізуді жоспарлап отыр.

С.МАДИЯРОВА

29 тамыз 2022 ж. 856 0