Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҢДАЙЫНА БҰЛБҰЛ ҰЯЛАҒАН

ТАҢДАЙЫНА БҰЛБҰЛ ҰЯЛАҒАН

Қазақтың ән өнерін бүкіл әлемге танытқан сахнаның гүлі, ұлттың үні болған ән падишасы, халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына биыл – 100 жыл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «2022 жылдың бірінші қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның, КСРО-ның халық артисі, Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Роза Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шет елдердегі әнсүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін іс-шаралар қабылдауды тапсырдым» деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес қазір игі істер мен ізгі шаралар легі жалғасуда.
Сыр өңірінде туып-өскен Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнері қазынасына ерте кенелген. Әкесі Тәжібай бақуатты кісі болса керек, алғашында татардың қызы Мәриямға, сосын «ізіңді басар ұрпақ керек» деген үлкендердің айтуымен Ақкүріш есімді қазақ қызына үйленеді. Мәриямнан – ұлы Ыдырыс, Ақкүріштен Роза апамыз дүниеге келді. Аумалы-төкпелі кезеңде отбасы Ташкентке қоныс аударады. Әкесі Тәжібай кенеттен қайтыс болып, тетелес бауыры ­Ыдырыс әскерге шақырылып, хабарсыз кетіп, әулетті асырау бойжеткен Розаға түседі. Ол Қызылорда пединститутындағы оқуын тастап, Ташкенттегі тоқыма институтына ауысады. Өз бетінше ән айтуын тастамайды. Сондай әдетімен бір күні үйдің ауласын сыбызғыдай сызылған дауысымен ән салып жинап жүргенде, оның дауысын сол маңайдан өтіп бара жатқан Ташкент филармониясының директоры Мухитдин Кари-Якубов естіп қалып, қатты таңданып, филармонияға жұмысқа шақырады. Бағланованың талантын тап басып, танымал болуына себепкер болған бірден бір жан – осы Кари-Якубов.
Жас әнші филармонияның ән-би ансамбліне әнші боп қабылданады. Одан әрісі Мәскеу консерваториясына жолдама беріледі. Тап осы кезде соғыс басталып, Роза соғыс аяқталғанша солтүстік және батыс майдан шептерінде әріптестерімен бірге жауынгерлерге концерт беріп жүреді. Варшавадағы концерттің бірінде әйгілі қолбасшы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, маршал Константин Рокоссовский жас әншіні «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттайды.
Роза Бағланованы Мәскеуден елге қайтарған Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұбан Молдағалиев. Қаламгер әншіні бірінші рет Мәскеуде өткен концертте көріп, арнайы танысып, сол жерде қаракөз қарындасына «елге қайт» деп қолқа салады. Ағалық ниетін жылы қабылдап, әнші де елге оралады. Алғашында Қазақ опера және балет театрында, Қазақ филармониясында шығармашылық жолын қалыптастырды. Өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болады.
Әншінің жүз жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өзі жарты ғасыр бойы ән шырқап, жемісті еңбек еткен «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына Роза Бағланованың есімі берілді. Туған жері Сыр елінде әншінің ескерткіші ашылды. Бұған дейін Қазалы ауданында Роза Бағланова атындағы 300 орындық мәдениет үйінің алдына әншінің ескерткіш-бюсті қойылған еді. Еліміздің өңірлерінде әнші есімімен аталатын бірнеше көше бар.
Өткен жылы «Хабар» телеарнасы әншінің өмірі мен өнерін қамтыған «Бұлбұл» телехикаясын экраннан көрсетіп, көрермендерімен қауыштырды. Бұрынырақта Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Біздің Роза» фильмін түсірсе, 2011 жылы «Ах, Самара-городок!» деректі фильмі жарық көрген болатын. Әрине, ән әлемін әлдилеткен әнші туралы көркем туындылардың көп болғаны қуантады.
Таңдайына «бұлбұл ұя салған» қазақ қызы әлемнің 54 елінде өнер көрсеткен. Ол орыс, венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан және бірнеше тілдегі әндерді де нақышына келтіре орындаған.
Роза Бағланова – «Халық қаһарманы» атағына ие болған қазақтың жалғыз әншісі. Сондай-ақ ұзақ жылдық еңбегі үшін «Тарлан» қоғамдық және «Дәнекер» халықаралық сыйлығымен, «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен марапатталды.
Қазақтың қабырғалы өнерінің айдын аспанында алтындай жарқыраған, ел-жұртының рухани игілігі жолында сәнді сазды, ерке назды өнер сәулесін шаша беретін қайталанбас ғажап дауыс иесі Роза Тәжібайқызының тұлғасы жыл өткен сайын биіктей бермек. Аты аңызға айналған әншінің қасиетті есімі әрбір тыңдарманның жүрегіне берік ұялап қалары да сөзсіз.
Иә, әлем көгіне қазақ әнін асқақтатқан Алаштың ардақтысы Роза Тәжібайқызын 100 жылдығында қалай жазсақ та, қалай дәріптесек те еш артықтық етпейді. Оның әншілік және азаматтық тұлғасы жылдар өткен сайын даралана берері сөзсіз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деп осындайда айтылса керек.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
29 тамыз 2022 ж. 415 0