Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық саласының үздігі

Денсаулық саласының үздігі

Өзгенің қуанышын өзінікіндей қабылдайтын жандар бар. Сондай дархан көңілді, жайсаң жанның бірі сала майталманы, білікті гигиеноист – аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы, денсаулық сақтау ісінің үздігі Мария Сұлтанқызы.Ол жоғарыда аталған мекемеде 37 жыл өнімді еңбек етіп, биыл зейнеткерлік демалысқа шықты.
Өзіне жүктелген талап үдесін абыроймен алып шыққан Мария Асуова аудандық санэпидстанциясы бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі болды. Сонымен қатар коммунистік партия мүшесі қатарына өтіп, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бас­тауыш партия ұйымының қатарына өтті. Өзінің туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосу мақсатында табан тіреген жан мекеме құжаттарының заңдылығына, жұқпалы және паразиттік ауруларды төмендету үшін өзекті мәселелерді қаузады. Айта кетейік, жалпы білім беретін мектептерде медбике штатының ашылуына, апатты білім ошақтары мен балабақшалар орнына жаңа ғимараттар салуға ықпал жасады.Мария Сұлтанқызы балалар тағамының сапасы мен балалар ойыншығының қауіпсіздігі турасында баспасөзге мақалалар жазып отырады. Бір сөзбен айтқанда, балғындардың денінің сау болып өсуіне көңіл бөлді.
Жауапкершілігі мейлінше ауыр, өмірі үнемі қыл үстінде жүретін, кез келген уақытта жұқпалы аурудың құрбаны болып кету қаупі бар саладағы басшылық қызмет адамды қайрай түседі. «Өзімді еңбек зейнетіне зор құрметпен шығарып салған аудан басшыларына дән ризамын», – дейді ол.
Марапат жағына келер болсақ, денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқаны үшін аудандық денсаулық сақтау бөлімі басшысының, ДСБ кәсіподақ комитетінің, аудандық комсомол комитетінің, аудан әкімінің, аудандық «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясы филиалы төрағасы бірінші орынбасарының, облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының, ҚРДСМ ДСК төрағасының құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Елеулі еңбегі үшін», «Шиелі ауданы 90 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарын иемденді. Ең айта кетерлігі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы қолынан дәрігерлер үшін мерейлі мәртебінің бірі болған «Денсаулық саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Бүгінде зейнетке шықса да, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсенділік танытып, ат салысуда. «Ана сезімі» қоғамдық қорында ерікті қатарында жұмыс атқарып келеді. Иә, ақ адал еңбегінің жемісін көріп отырған сал ардагері Мария Асуоваға саладағы 37 жыл, мемлекеттік қызметтегі 19 жыл төккен маңдай теріңіз ақталсын деген тілегіміз бар.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
22 тамыз 2022 ж. 515 0