Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалықты ту етсек

Тазалықты ту етсек

Еліміздің әр азаматы жыл сайын 400 келіден астам қалдық шығарады, ресми полигондарда 45 млн тоннадан астам қоқыс жинақталған. Әңгіменің ауанын түсініп отырған боларсыздар...
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың борышы. Осы орайда ұйымдастырылып жүрген сенбіліктер аудан тынысының кеңеюіне үлесін қосуда. Аудан әкімі Нұржан Ахатов бастаған тазалық жанашырлары соңғы бірер аптаның ішінде айналаны тазартып, Шиелінің келбеті келісті болуы үшін тер төгуде.
Атап өту керек, тазалық шарасына қатысушылар қажетті құрал-жабдықтар, қолғаптар және қоқыс салатын қаптармен қамтамасыз етіліп, 11 техника жұмылдырылды. Сенбілікке мекеме, кәсіпорын, дербес бөлімдер, теміржол мекемелері, аурухана ұжымдары мен кəсіпкерлік нысандар жəне кент тұрғындары белсенді атсалысуда.
Жол жиектеріндегі шөптерді шабу, аяқ су арықтарын тазарту, көшелерді қоқыс қалдықтарынан тазалау және әктеу, сырлау жұмыстары жалғасып жатыр.Қала берді кенттің орталық көшелері мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Аудандағы жаппай жүргізілген науқандық санитарлық тазалық жұмыстары кезінде кент орталығының өзінен 30 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.
Бірақ әлі де болса тұрғындардың кей жағдайда салғырттық танытатыны көңіл көншітпейді. Керек десеңіз, құзырлы органдар коммуналдық қалдық тастап, ластағандарға айыппұл көлемін арттырды. Алайда біздің елдегі салынатын айыппұлды шет аймақтармен салыстыруға да келмейді. Шетелдерде мұндай жағдайда салынатын айыппұлдың көлемі едәуір салмақты. Мәселен, Сингапурда көшені ластау өрескел қылмыс болып саналады. Егер тамақ қалдықтарын лақтырсаңыз, тіпті абайсызда түкіріп қалсаңыз 100-ден 1000 долларға дейінгі көлемде айыппұл төлейсіз. Осыдан кейін көшеге түкіріп көріңіз?! Сіріңкенің шырпысы жатпайтын тазалық болады, әрине. Ал француздарда ол тіпті аспандап тұр. Олар аталған мәселені 1500 еуро айыппұл салумен реттеп отыр. Біздің елде абайсызда түкіру былай тұрсын, қолдағы қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне апарып тастаудың өзі қиын жұмыс. Сондықтан заңсыз қоқыс тастағандарға айыппұл құнын әлі де арттыру керек секілді.
Аудан тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе?! Жасыратыны жоқ, үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, ал көпқабатты пәтерлердің жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндердің куәгері сіз бен біз. Сол үшін ондай келеңсіздікке алдағы уақытта жол бермесек екен. Тазалығымен ерекшеленген қандайда бір көрініс жанға жылу сыйлайды емес пе? Жанымызға рахат, көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалақ шараларына бәріміз белсене, бірлесе қатыссақ нұр үстіне нұр болар еді. Ауданды гүлдендіріп, көшелерді көркейтеміз десек санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн болар. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармасақ игі.

P.S.: Адамзатқа ерекше әсер ететін образ жасаудың көркемдік амал-тәсілінің бірі – аллегория. Аллегория бойынша түлкі – қулық-сұмдықтың, ­арыстан – зорлық-зомбылықтың, қасқыр – жауыздықтың, қоян – қорқақтықтың, есек – ақымақтықтың, бүркіт – қырағылық пен қайсарлықтың, аққу – адалдық пен тазалықтың, махаббаттың кейпінде бейнеленіп жатады. Осы персонаждар арқылы адамдарға тән мінез-құлық, іс-әрекет астарлап, бипаздап әсерлі жеткізіледі. Олай болса, неге аққудың тазалығын бойымызға дарытпасқа?

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
08 тамыз 2022 ж. 249 0