Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала бидегі байыпты тірлік

Бала бидегі байыпты тірлік

Шілде айының бел ортасынан ауып барады. Егіс даласында нағыз еңбектің қызған шағы. Кетпенін иығынан тастамайтын диқандардың көзге көрінген егісін күзгі ораққа қамдап, егіс басынан шықпайтын уақыт. Осындай тынымсыз тірліктің төскейінде жүрген дала еңбеккерлерінің жұмысын көзбен көріп қайту үшін кезекті іссапармен Бала би ауылдық округіне қарай жолға шықтық.
Сары дала. Егістік басы. Көліктен түссең саф таза ауа жұтып, сергисің. Ауылдың ауасы бәрібір өзгеше ғой, шіркін! Дала ­дихандары қызу еңбек істеп қайнаған тіршілік жанданып жатыр. Шаруашылықтың техникалары сақадай сай. Таң бозарып атқаннан, кеш қарайғанша осы қызу тіршілік. Еңбегін сүйетін ерлер мол өнім алу үшін барын салуда.
Бүгінде Бала би ауылдық округіндегі «Бала би – 2004» шаруа қожалығына ­Пернебай Күзембаев төрағалық етеді. Иә, туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де атамекен – алтын бесігіне қарыздар. Өйткені, азамат бойындағы құнды қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағы арқылы дариды. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Біз сөз еткелі отырған Пернебай Күзембай да осындай абзал азамат. 1990 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп, 1991 жылы Алматы Сәулет құрылыс академиясына оқуға түседі. Жастайынан етін еңбекке пісірген П.Алтынбайұлы Алматы қаласында жүріп шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Бизнес алаңына кішкентай адыммен енген ердің ісі жанданып, берекесі артады. 30 жыл Алматы қаласында түрлі бизнес­пен айналысып, сол жердің тұрғынына айналады. Шиелілік азаматтар ат басын бұра қалса, «жақыным, бауырым» деп қанатының астына алып, қамқорлық таныта кететін асыл қасиетін көпшілік аузынан тастамай айта жүреді. Оның қарапайымдылығы әрбір сөзінен-ақ байқалады. Қойған сұрағымызға байыппен, тұщымды жауап бергені оның өз ісін жетік білетінін аңғартты.

Туған жердей жер болмас
Ал кәсіпкердің туған елге келіп қызмет етуіне мына жағдай түрткі болған.
– 2017 жылы Талаптан ауылдық округінің азаматтары хабарласып, туған жерге келіп қызмет жасауға шақырды. Сөйтіп, көптің айтуымен ауылдағы игерусіз жатқан шағын егіс алқабын қайта қолға алуға бекіндім, – дейді Пернебай Күзембай.
Содан соң 1985 жылдың аяғына таман жем-шөп қорын жинақтау мақсатында қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының тау жақ беткейіндегі «Оқшы ата» мазаратына қарама-қарсы орналасқан бұрынғы суармалы егістік алқабын ашады. Енді ғана қолға алына бастаған егістік жер Кеңес үкіметі құлаған сәтте қараусыз қалып қойған екен. Кейіннен тәуелсіздік жылдары кезінде 1990-2000 жылдардың тұсында қайта кішігірім күріш егумен айналысып бастағанымен көпке бармай тұралап қалады. Ен дала иесіз жатпасын деп көрші ауылдың диқандарына өткізгенімен жер игілігін көрген адам болмайды. Қаншама жылдан бері қараусыз қалған жердің тоз-тозы шығып, қалың жабайы жиде, шеңгел қаптаған. Тозған жерді тазалап ашады. Одан бөлек ауыл сыртындағы кезінде қараусыз қалған жерлерге тыңнан түрен салды. Шаруашылық барлық жерді тазартып, жыл сайын егіс көлемін кеңейту үстінде.
– Менде өзімнің кіндік қаным тамған жерге өз үлесімді тигізу мақсатында осы егістік алқабын қайта инженерлік жүйеге келтіріп, каналдарды тазалау жұмыстарынан бастадым. Қолы қимылдағанның қыр асатынын алдыңғы буын ағаларымыздан көріп өстік. Сыр елі алтын дәні ақмаржанымен дүйім жұртқа танылған киелі мекен. Жері құнарлы да қасиетті. Тамшы да тама-тама көл болатыны секілді шағын істің де берекесі бар. Еңбегімізге қарай еселі ризығымыз да жоқ емес. 2004 жылдан бері «Бала би 2004» кооперативі өз жұмысын бастады. Шаруашылықта 15 адам еңбек етеді. Одан бөлек 10 адам арнайы келісімшарт арқылы жұмыс жасайды. Оның ішінде өзімнің інілерім Серғазы мал-жанға қараса, ал Ерғазы бақша өнімдерін күтіп баптайды. Ал Нұрғазы шөп бригадирі болып жұмыс істейді. Сонымен бірге қос ұлым да шаруашылық жұмысына қолдан келгенше көмегін беріп келеді. Шіліңгір шілденің ыстығында таңның атысынан кештің батысына дейін дала еңбегімен шұғылдану оңай емес. Каналдың да суы бірқалыпты дей алмаймыз. Мәселен, былтырғы су тапшылығына байланысты күріштіктің көлемі қысқартылды. Биыл 70 гектарға күріш, 50 гектарға жаздық бидай, 50 гектарға жоңышқа егілді. Өнім жаман емес, – дейді шаруашылық төрағасы.
Аталған қожалық жаздық бидайды толық аяқтаған. Жаздық бидайдың әр гектарынан 10 центнерден өнім берген. Десе де, дала жұмысын дер кезінде атқарып, берілген уақытты тиімді пайдаланған еңбеккерлер күріштен мол өнім алудан үмітті.

Техника тілін меңгерген
Бүгінде қожалықта К-701, ХТЗ 17221, ­Беларус-2022, TORUM 750, MacDon, МТЗ-80, 82, камаз, зил секілді алып техникалармен толыққан. Ал мұндай жағдайда сол алып техникаларды тізгіндеп жүрген жандарды айтпай кету мүмкін емес. Солардың бірі комбайншы – Бақдәулет Жолдас. Ол 1995 жылы туылған. Техникаға құштар болып өскен маман осы шаруашылықта биылдан бастап еңбек етуде. Шаруашылыққа келісімен «TORUM 750» алып техниканы әп-сәтте меңгеріп алады. Бүгінде осы шаруашылықтың озат жүргізушісі атанған.
– Негізі, адамның не нәрсеге де талабы болуы қажет. Талап пен мақсат болмаса адамның титімдей нәрсеге қол жеткізем деуі бос әурешілік. Алдыңғы буын ағаларға ілесе жүріп, білмегенді үйреніп, мол тәжірибе жинадым. Өзім секілді еңбекке енді араласқан жастарға үнемі «адал нәрсенің берекесі бар» деп айтып отырамын, – дейді Бағдәулет.
Техника тізгіндеген келесі азамат ­Алпыспай Өміров. 1966 жылы туылған. Осы шаруа қожалығында 5 жылдан бері жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, білікті маманға айналған.
– Жасымыздан тракторға отырдық. Содан «ХТЗ-82»-ні, бұрынғы комбайн мен тракторлардың түр-түрін жүргіздік. Уақыт өте келе қазіргі шетелдік техникаларды да игеріп алдық. Мен «MacDon» комбайынын тізгіндеп жүрмін. Олармен жұмыс істеу қолайлы, көп сынбайды. Орта жолда тоқтап қалып, берекеміз қашпайды. Егін алқабының сәніне көзіміз тоймай, кешке дейін тоқтамай жүреміз, – дейді майталман механизатор.
Ауыл шаруашылық техникаларының тілін меңгерген тағы бір азамат Табиғат Дінәліұлы. 1969 жылы осы ауылда дүниеге келген жігіт ағасы түрлі техникаларды меңгерген. Осы жылдан бері «Бала би – 2004» шаруа қожалығында майталман механизатор болып еңбек етіп келеді.
Кез келген адам үшін еңбек қасиетті ұғым. Қарапайым отбасында тәрбие алып, еңбектің қадірін ес беліп, етек жеңімді жинағалы ұғынып келемін. Кішкентай кезімнен әкемнің қасында жүріп, көлік жөндеуді жетік меңгердім. Техника тілін түсіну маған қиындық туғызбады. Тапсырылған істі жауапкершілікпен орындап, нәтижеге жету шаруашылық мүшелерінің әрқайсының басты мақсаты. Таза еңбек пен маңдай тер адамды игілік пен қоса бақытқа жеткізетініне көзім жетті. Еселі еңбегіммен туған жеріме, туған ауылыма тамшыдай болса да пайдам тисе, еңбегім үлгі болса мен үшін бақыт пен мәртебе, – деді ол.
Сондай-ақ сөз арасында техниканың білікті маманына айналған Нұрболат Жұманазарұлы, Райымбек Әбдразақовтарды айтпай кету мүмкін емес. Себебі шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне осындағы әрбір азаматтың үлесі ұшан теңіз.

Еңбегі еселі күрішшілер
Егіннің судан қалмауын қадағалайтын маман күрішшілер Бақыт Қалтаев, Құрманәлі Алшынбаев, Шамшиддин Нұрғали, Ырысбек Әбенов сияқты еңбегі – ерек, болмысы – бөлек ағаларымыз өзіне тән қарапайымдылықтың арқасында ауыл азаматтарының ілтипатына бөленіп, сый-сияпаттарына кенеліп жүр. Еңбектері халықтың ыстық ықыласымен жоғары бағаланған.
– Қазір күріштің «Лидер» сорты суға бас­тырылып тұр. Егінжайға орақ түскенше оны күтіп-баптап, тыңайтқышын беріп отырамыз. Оның өз әдіс-тәсілі бар. «Күріш суымен ырыс» дегендей биыл су тапшы болады дегені рас. Алайда төраға Пернебай Алтынбайұлының ұтымды ұйымдастыруымен суды уақытылы жеткізіп отырдық. Күріш бітік шығуы үшін суын дұрыс қоя білу керек. Себебі мол өнімге қол жеткізуде судың маңызы зор. Яғни, күріштің шығымы берілген суына байланысты болады. Әзірге судың келуі бір қалыпты. Қазақта «Балапанды күзде санайды» деген. Қазір барлығы ойдағыдай жүріп жатыр. Ұйымдастыру жұмыстары да, еңбеккерлердің ауызбіршілігі де жақсы, – дейді білікті күрішші Б.Қалтаев.
Мұнан соң жоңышқалықтағы буылған шөпті арнайы көліктерге тиеп жатқан жігіттердің жанына бардық. Бұл жерде ­Болат Маханбетов, Асқар Қожаев, Нұрбек Тұрғанбайұлы, Қайрат Құдайбергенов секілді шөпшілер жоңышқа тасу ісімен айналысып отыр.
Иә, әрбір түйір дән диқан үшін төгілген тердің өтеуі болып көрінетіні рас. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық. Әрбір күрішші жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді. Нағыз диқан болу үшін тынымсыз ыждаһат керек болса, ал күрішші болуда одан екі есе ынта керек. Егіс басындағы тынымсыз тіршіліктің куәсі болып, дала диқандардың еңбегін көзбен көрдік. Ала жаздай атыз жағалап, егін еккен диқандардың еселі еңбегінің жемісін көрер күн де жақын. Шаруашылықтың қамбасы алтын астыққа толып, мерейлі мерекелерінде абыройы артатына сенім мол.

Шаруа қожалықтың жұмысы ­жанданып келеді.
Негізінен ауыл тұрғындарының дені тірлігін төрт түлікпен байланыстырған. Егістік алқабынан шыққан соң, әрмен қарай ауылдан 7-8 шақырым жерде орналасқан «Күзембаев Алтынбай» шаруа қожалығының жұмысымен осы кооперативтің төрағасы П.Алтынбайұлы таныстырды. Іргесі 2002 жылы қаланған қожалық төрт түлікті тіршілік көзі деп біледі. Негізінен олар ірі қараны семіртіп, сату ісін қолға алыпты. Бастамасы жаман емес дейді кәсіп иесі. Міне, осындай игі ісімен ел құрметіне бөленген ­Пернебай ағамыз бала кезінен төрт түліктің асыл тұқымдық түрін өсіруге құмар екенін біріміз – білсек, біріміз – білмейді екенбіз. «Күзембаев ­Алтынбай» шаруа қожалығының иесі Нұрғазының қорасында таза қанды 8 айғыр, 55 жылқы, 20 бие мен 150-ге жуық Алатау тұқымдас мүйізді ірі қара бар. Сонымен қатар мүйізді ірі қараны селекциялық әдіспен бағып, түрлендіріп отыр. Одан бөлек Алматыдан қазақтың ақбасты Алатау пародасын алып келген.
– Қожалықта егілген жоңышқа малдарға жем ретінде жұмсалады. Өзім бала кезімнен төрт түлікке құмармын. Яғни, бала кезден бұл істің қыр-сырын жетік меңгергенмін. Сондықтан бейнеті көп кәсіпті таңдап алғаныма өкінбеймін. Ең бастысы айналысып жүрген кәсібім өзіме ұнайды. Алдағы жоспарым ірі қараны асылдандырып, өнімді молайту. Мал баққанға ғана бітеді демекші, берекелі кәсіптің шырайын келтіргеніме шүкір, – деді ол.

Сәйгүліктің сырын білер жас атбегілер
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ бәйгеге қосар жылқыны жаратуға ерекше мән берген. Бүгінде іске мығым, тиянақтылығы мен табандылығы бар Ерасыл мен Мейрамбек Алтынбаевтар таза қанды сәйгүліктерді баптауды қолға алған. Бұлар баптаған талай сәйгүліктің додада маңдайы жарқыраған. Қызуқанды, салт-дәстүрді дәріптеп, халқымызда бар құндылықты бағалай білетін жастармен сөйлескенде расымен жігерленіп қалдық. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмейтініне сүйсініп, ат әбзелдерін биікке қойып, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, жаңғыртып жүргеніне қуандық.
– Атбегілік – үлкен өнер. Бүгінде біз бәйгеге ат қосып жүрміз. Жүйрік аттардың мінезі де қыран құстардың мінезіндей. Бәйге аттарына айрықша бап керек. Жеке ұсталып, көбіне қора маңында бағамын. Сонымен бірге тай кезінде оның тегіне көбірек назар аудару керек. «Тайында таптап мін. Құнанында қақтап мін. Дөненінде сақтап мін» дейді қазақ. Тайында аттың аяқ алысын байқаймыз. Құнанында ысылдырамыз. Дөненінде белді ат бол­ғандықтан оны сақтап, барынша тиімді пайдалануға күш саламыз. Қысқы шілдесін, жазғы шілдесін жегізіп, қайтадан суытып таң асырамыз. Жылқымен жұмыс жасау адамды жалықтырмайды. Қайта одан сайын ынталандыра түседі», – деді жас атбегі Ерасыл.
Мұнан соң шаруа қожалықтың басындағы жасыл желекті көзіміз шалды. Бұнда 1000 түп бау-бақша көшеті жайқалып тұр. Бірлігі жарасқан ұжымның берекелі тірлігіне ауыл тұрғындары дән риза. Оған себеп – қайырымдылыққа да үлес қосуы. Көмекке мұқтаж жанның жоқ-жітігін жеткізу, әсіресе карантин кезінде көпке қол созған шаруашылыққа елдің алғысы шексіз. Одан бері де игі істер жалғасын табуда. Былтыр қыркүйек айының өзінде шаруашылық есебінен 250 үйге ақкүріш таратылған. Мұндай қамқорлыққа риза еңбеккерлер қалай алаңсыз жұмыс істемесін?
Ендеше, иен даланы игеріп, молшылық майданына айналдырған диқандарға қырман тасысын, еңбектеріңіз жана берсін дейміз!

Шапағат Тілеубаев
19 шілде 2022 ж. 811 0