Ажырасу саны артпасын
Биыл қаңтар мен сәуір айы аралығында республика бойынша 5680 отбасы ажырасты. Оның 4600-і қала тұрғындарының ажырасу көрсеткіші болса, екі мыңдай отбасы ауыл тұрғындары. Ал өткен жылы 50 мыңға жуық отбасы ажырасқан. Ажырасқандардың көбі жас отбасылар. Сонда дәм-тұз жараспауының себебі неде?
Шаңырақтың шайқалып, отбасыдағы сенімнің сетінеуі – әлеуметтік мәселе. Өмірде отау құрып, алайда белгілі бір себеппен отбасының ойраны шығып, өкініш өзегін тіліп, жігерін жасытқан, тіпті тіршіліктен түңілудің аз-ақ алдында тұрған жастармен тілдессеңіз, ажырасудың негізгі себебі – мінез-құлықтың жараспауын алға тартады. Екіншісі, әлеуметтік-тұрмыстық жайт. Психологтардың пайымдауынша, жастардың бойында отбасына деген жауапкершілік аз. Олар тұрмыстың қиыншылығынан қашады. Тіпті кеше ғана дүниеге келген сәбиді кім бағады, сенің ата-анаң ба, әлде менің ата-анам ба деген сауалдың өзі тығырыққа тірейтіні тағы бар. Одан соң уақтылы баспаналы бола алмау, сәбилерін балабақшаға орналастыра алмау, жалақының аздығы, табысы мол жұмыс таппау, сайып келгенде қаражаттан қиналуы, осының барлығы ошақтың отын сөндіретін өмірдің өкпек желі. Осыған қатысты Зейнеп Ахметованың түйдек-түйдек ойларын ортаға тастығымыз келіп отыр.

Қазір ажырасу өте көп. Оның әртүрлі себебі бар. Біріншісі – жастардың бүгін таныса салып, ертең үйленетіндігі. Бірін-бірі жете танымайды, алдағы күндерінің қалай болатынын ойланып жатпайды. Жастар лезде үйленетін болғандықтан ата-аналары да амалсыздан асығыс тойын жасайды. Тойдың үстінде бірін-бірі жаңа танып жататындар бар. Екінші себеп – пендешілік, екі жастың арасына заттың түсуі. Қыздың жасауына ананы әкелесің, мынаны әкелесің деп шарт қояды.
Қазіргі заманның тағы бір үлкен трагедиясы – несие алып той жасау. Тойдан түскен ақшамен оны жауып тастаймын деп ойлайды. Олай болмайды. Ешкім уыстап ақша әкелмейді, әркім шама-шарқына қарай апарады. Сөйтіп тойдың шығыны өтелмейді. Содан баласына «сен үшін несие алып той жасадым, сен төле» дейді ата-анасы. Жастар бір жаққа барғысы келеді, киім алып кигісі келеді. Содан реніш басталып, жастардың арасына сызат түседі. «Сенің әке-шешең, менің әке-шешем, сенің кредитің, менің кредитім» деп тартысып, таласады. Оған шыдай алмай келін төркініне кетеді. Анасы болса «ішіме сыйған балам сыртыма да сияды, ондай жарымаған жерге бармай-ақ қойғаның дұрыс» деп қызын үйге кіргізіп алады.
«Тасын ала берсе, тау да таусылады». Біз бір-ақ күнде құрыған жоқпыз. Аз-аздан ұлттық құндылықтарымыздан айрыла бастадық. Батыс келіп жалаңаштандырды, шығыс келіп тұмшалады. Қазақ қайда қалды сонда? Қадір-қасиетіміз қайда кетті? Қазақта бәрі болды: тәлім-тәрбие, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дала заңы. Осының бәрінде имандылықты тірек етті. Қазіргі діншілдер келінге сәлем салуға болмайды, ол құдайға серік қосу дейді. Ата-бабамыз «Жаманға жалынба, адамға табынба» деген.
Қазақ ешқашан адамға табынбаған. Алайда келін сәлем салу арқылы келген жеріне құрмет көрсетеді. Шариғаттың қай жерінде келін құрмет көретпесін деп жазылып тұр? Сондықтан айтқан сөздің бәріне көзсіз сене беруге болмайды. Бір жаратушы күштің бары рас. Ол алдымен адамның жүрегінде болуы керек. Жүрегіңде иманың болса сені жаман іске жібермейді, арам нәрсеге қол созғызбайды.
Асыра діншілдер дінді ұлттың үстіне шығарғысы келеді. Онда ұлт жойылады. Олардың арманы сол. Оларда дәстүр, заңнан бұрын дін басым. Шариғатпен ұстағысы келеді. Екі сөздерінің бірі о дүние, қит етсе, күнәһар боласың дегенді алға тартады. О дүниені ойлай беретін болсақ, не үшін өмірге келдік? Құдай не үшін жаратты? Бізді жер бетіне көбейсін, өсіп-өнсін деп жіберді. Олардың сөзіне қарасаң анау болмайды, мынау болмайды. Барлығынан тосқауыл. Біз олардың тосқауылдарымен жүрер болсақ, өз жолымыздан жаңыламыз. Қазақ өзінің тәрбие жолын қалыпатастырған дана, текті, рухты, тағдырлы халық. Алып бәйтерек сияқты тамыры тереңге кеткен, шайқалса да құлауы қиын. Халқымыздың басынан не өтпеген? Ұлттық қадір-қасиетіміз мықты болмаса осы күнге жетпейтін едік. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп, айтатынын айтып қалады қазақ. Ақиқатына жетеді. Бір ауыз сөзге тоқтам жасайды.
ТҮЙІН. Отбасы құндылығы Адам ата Хауа анадан бастап, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кең ауқымды, құнды, құпиялы, нәзік те, айтулы, ұлағатты құндылық. Отбасы құндылығы – баға жетпес қазына. Жас ұрпаққа жанды тәрбие, өмір бойы өзекті өнеге екенін әрбір ұлтым дейтін есті ата-ана, өскелең ұрпақ, естен шығармай шыңдай түсуіміз ләзім. Отбасында үнемі тазалық, тәртіп, ар-ұят, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге мейірім, әрбір мүшеге ынтымақты береке, бірлік ауадай қажет. Қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен отбасы құндылығы, жан-жақты тәрбиесімен бір дәуірлік ұрпақ қана емес, тұтас ұлт өмір бойы ұстанатын қағида.
Сұлушаш МАДИЯРОВА