Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЖЫРАСУ – АРДАН АТТАУ МА?

АЖЫРАСУ – АРДАН АТТАУ МА?

Отбасы – киелі ұғым, ол әрбір адам баласының кішігірім отаны. Отбасы – өмірдің мағынасы, мәні мен сәні. Сондықтан да, қазақ халқы қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Атам заманнан бері келе жатқан дәстүріміз осы ұғымға иланады. Иә, үйлену қашанда оңай. Ал, үй болу ше? Ойланып қаламыз. Шын мәнінде үй болу неге қиын? Бұл, ең алдымен, қоғам алдындағы жауапкершілік. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаңырақ көтеруге бел буған жастардың көбісі осы бір жауапкершілікке немқұрайды қарап кеткендей сезіледі.
Отбасы құндылығы азайып, ар-ұят, намыс, ождан секілді қазақ халқы жанынан қымбат санаған қасиеттер кеміп, қоғам санасы уланғаны ащы шындық. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жетім-жесір, жауапсыз әке, «көкек ана» көбейіп, бұл мәселе қазіргі уақыттың асқынған дертіне айналды. Қырық жыл қырғын болса да, ажал жетпей шаңырағын шайқалтпаған әкелер, тағдырдың қанша тауқыметін көрсе де мойымай, баласын мойынына салып жүріп жеткізген аналар көп еді бұл елде. Өкінішке қарай, тағдырдың ыстығы мен суығын бірге көтеретін жандар азайды.
«Осыншама отаудың шаңырағы неге шайқалды» деген сұраққа отбасылық мәселемен айналыспайтын жандар да жобалап жауап бере алар-ау. Дегенмен, ғалымдар соңы міндетті түрде ажырасуға апаратын 13 түрлі себепті атайды. Ал, статистиканың беретін дерек пен дәйегі жыл сайын өзгеріп отыратыны сөзсіз. Біз де ажырасудың өзіндік себептерін іздеп көрдік. Сонымен...

Ажырасуға не себеп?
Ойланып қарасақ, тұрмыстағы жандар тек бір себеппен емес, түрлі жағдаяттармен ажырасып жатады. Көп жағдайда үйдегі қаражаттың аздығы ажырасудың басты факторы болып табылады. Ол рас.
Ал, одан бөлек, бір-бірін құлай сүйіп қосылған жастардың арасындағы сезім бар жоғы 5 жылға созылғандықтан, көп ұзамай ажырасып жатады. Сезім суыса арадағы сыйластықтың қалмайтыны бесенеден белгілі емес пе? Ал, сыйластықтың жібі үзілсе, шаңырақ шайқалып, түтіні түзу желбіреген үйдің күйрейтіндігі белгілі. Ажырасуды ардан аттау деп ойлайтын бұрынғы аға-жеңгелеріміз отбасын сақтап қалуға барын салды емес пе?
Қазір қыздар тұрмыстың тауқыметіне шыдас бере қоймайды. Әсіресе, ауылдық жерге келін болып, ақ босаға аттаған арулар ауылдың өмірінен қашады. Бұрындағы «Сиыр сауып, жүн түту сенің мойныңда» деген әндерді бүгінгі бұрымдылар тіпті естігісі келмейді. Қаланың өмірін құп көрген қылықтылар қиындықтың қамытынан қашады. Одан бөлек, ауылдағы ағайынның сөзіне шыдамай, ажырасуға дайын тұрады. Ата-енені баққысы келмейтін келіндер, күрсініс білдірсе, кім жақтырсын? Қиыншылыққа қалтаның жұқалығы, қаражаттың жоқтығы тағы қосылады. Міне, бұл әйел затын ажырасуға алып келетін басты себептер. Ал, ер азаматтарды тізбектеп көрсек...
Жас шағынан тұрмыстық өмірге ерте араласқан еркектердің 40 проценті көбіне ажырасып жатады. Бұл статистикалық дерек. Дегенмен, жастықтың буымен отау құрған ер азаматтың ажырасу себебі нақты ол емес. Ажырасқан қыздардың айтуы бойынша, еркек біткеннің есіктен ентелейтін бірнеше жаман әдеттері бар. Олар: маскүнемдік, құмар ойын ойнау, мезгілсіз қыдыру, жауапкершілікті сезінбеу, және жұмыссыздық. Иә, былай қарасақ, шындық осы. Расымен, отбасын құруға батыл шешім қабылдаған ер азаматтар көп жағдайда жауапсыздық танытып жатады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Десек те, үйленген соң үйден алыс­тап, маскүнемдікке салынып, отбасында жанжал шығаратын жігіттер жоқ емес. Мұндайда тауқымет зардабын тартатын ерлі-зайыптылар емес.
Әрине, ажырасулардың түрлі себептері болғанымен қатып қалған бір сценарийі жоқ. Мына бір жағдайға қараңызшы. Біраз жыл бұрын күйеуінен кетіп қалған бір көршіміз араға алты жыл салып қайта қосылды. Бұл оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай. Баласы тілі шығып, құлдыраңдап жүгіре бастағаннан-ақ, әкесін сағынып, ауладан әрі-бері өткен ер-азаматтарға қарап отырады екен. Түсі жылы, жақсы киінген, жібі түзу бір адам көріп, ол жылышырай қабақ танытса болды: «Сіз менің әкемсіз бе?» деп сұрайды...
Баласының мұндай қылықтарын үнемі сыртынан бақылап отырған анасы ақыры жүрегі шыдамаған болуы керек, ұлы үшін бұрынғы күйеуінің барлық кемшіліктері мен қылықтарын кешіруге мәжбүр. Дәл осы оқиға біздің әрқайсымызды ойлантуы тиіс.

Статистика не дейді?
Статистикаға сүйенсек, көбінесе ажырасуға 5-10 жыл бірге тұрған, 30-34 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар барады. Он шақты жыл бірге тұрғандардың арасында әрине, бала болатыны белгілі. Алайда, осы аралықта олардың бір-бірінен көңілдері қалып, бірге құрған қиялдарының кемесі күйрейді. Психологтардың айтуынша, әр 10 жыл сайын туындайтын мұндай отбасылық дағдарыстарды жеңуге бүгінгі адамдардың жігері жетпей жатыр.Осы мәселеде Статистика комитеті ұсынған кес­те­лерге көз салсақ, ауылдық жерлерге қарағанда, қала тұрғындары арасында ажырасулар екі есе көптігін байқаймыз. Сонда ауылдағылардың өмірі қаладағылардың тұрмысынан жақсарып кеткені ме?! Бұл жерде мамандар қалалықтардың ішкі еркіндігі әлдеқайда жоғары екендігін алға тартады. Ажырасуға бел байлаған қалалықтар миллион халқы бар мегаполиске сіңіп, жеке өмір сүрудің жүз түрлі айласын біледі. Ал, әлі де «Ел не дейді? Ағайын-туыстан ұят болады» дейтін ауылдың жайы белгілі.
Бала демекші, республика бойынша 2018 жылы жеті айда 32 мың адам ажырасса, оның 19 мыңында бала бар. Сирек жағдайда ерлі-зайыптылар бір перзент үшін ажырасуға мәжбүр болып жатса, көп жағдайда кетісетін жұптарды бірнеше баласы да ұстап қала алмай отыр. Дегенмен, мына бір дерекке көз салайықшы, заңгерлер соңғы жылдары ажырасып кеткеннен кейін балаларын өзі бағуға тырысатын әкелердің саны ұлғайғанын алға тартады. 2000-2010 жылдары бұл көрсеткіш 30-40% болса, қазір − 70%.
2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке заңдастырылса, 48 мың ерлі-зайыпты ажырасқан.
Өткен жылы Қазақстанда азаматтық хал-актілерін тіркеу (АХАТ) органдары 128,8 мың некені заңдастырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6% аз.
128,8 мың некенің: 85,8% – моноэтникалық некелер, 14,2% – этносаралық некелер, 88,8 мыңы немесе 68,9% – қалаларда, 40,1 мыңы немесе 31,1% ауылдық жерлерде тіркелді, ерлердің 83,5% және әйелдердің 85% бірінші рет некеге тұрды, ажырасқаннан кейін қайта некеге тұрғандар: ерлер – 15,4%, әйелдер – 13,5%.
Өткен жылы ең көп неке Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Ең азы – Солтүстік Қазақстан облысында. Ерлердің 36,1% 25-29 жасында үйленеді, әйелдердің 43,7% 20-24 жасында тұрмысқа шығады.
Ал, еліміздегі эпидахуал кезінде республикадағы әр екінші отбасы ажырасқан. Бұған нақты себеп жұмыссыздық болған. Бұл көрсеткіш 2021 жылы айтарлықтай ­азайып, оң нәтиже берді. Былтырғыға қарағанда биыл ажырасқандардың саны төмендеген.
2020 жылы Қызылорда облысында 2693 адам некеге тұрған болса, олардың ­208 -і­­­­ ажырасқан. Бұл көрсеткіш 2021 жылы өзгеріп, 2805 адам заңды некеге тіркелген болса, оның 137-сі ажырасқан. Ал, Шиелі ауданында 2021 жылы 570 адам шаңырақ көтерсе, 17 ерлі-зайыптының шаңырағы шайқалған. Ажырасу дерегі бойынша 2020 жылы бұл көрсеткіш 41 адамды құрады. Одан бөлек ажырасу жағынан көршілес аудандардың статистикасын Қазалы ауданы бастап тұр. Бұл өңірде 2020 жылы 52 жан ажырасса, 2021 жылы 21 ерлі-зайыптының некесі бұзылған. 2021 жылы Арал ауданынан 16, Жалағаш 1, Жаңақорған 30, Қармақшы 27, Сырдария ауданынан 9 ерлі- зайыпты ажырасқан.
Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықта екенбіз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзінде ажырасу деңгейі 10 процентке жетпейді. Тәжікстанда тіпті төмен. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады екен. Ал, қазақстандық этнографтар бұл лаңның бізге XX ғасырдың орта тұсында келгенін айтады. Тіпті, 50-інші жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 80-інші жылдары әрбір төртінші, ал 90-ыншы жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. Ал, қазір екінің бірі.

Сымбат СҰЛТАН
22 қаңтар 2022 ж. 531 0