Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйлену оңай, үй болу қиын

Үйлену оңай, үй болу қиын

Соңғы уақытта елімізде керегемізді кеңейтеміз, шаңырағымызды шаттыққа бөлейміз деп дүркіретіп той жасап, артынан құрған шаңырақтары шайқалып бір-бірін түсінбей ажырасып жататын жастар жиілеп барады. Тіпті осы келеңсіздікке күнделікті құбылыс ретінде қарап мән бермей келеміз. Бөгде елдің есіргендеріне еліктеп ата салтымыздан аттап, ажырасуды сәнге айналдырып алғандаймыз ба? Сонда «адал неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымның мән-мағынасы жоғалып бара жатқаны ма?
Қазақ әуелден-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық еді. Өткенімізге зер салсақ, қазақта ажырасу деген ұғым болған емес. Өйткені «қайтып келген қыз жаман» деп келген қызды апа-әжелері жер-жебіріне жеткізіп сөгіп алатын болған.Сол кездің жастары да «қызым қайтып келді», «ұлым ажырас­ты» деген сөз естіртпеген. Шаңырақ көтерер жастарға ауылдың абыз кеуде ақсақалдары «Қосағыңмен қоса ағар», «Арман еткен тілектеріңе жетіңдер, ел ішінде үлгілі отбасы болыңдар», «Барған жеріңде бағың жансын» деп ақ батасын берген. Қыз бала өзге әулетке бақ болып еніп, барған үйдің ошағының түтінін түтетіп, отын сөндірмеуді мақсат тұтқан. Ал ұл бала отбасының тірегі мен ұл-қыздарының асқар тауы, жарының қорғаны болған.Баяғының жастары қанша қиыншылықты басынан өткерсе де біріне-бірі сүйеу болған. Отбасы – ынтымақ пен берекенің алтын қазығы десек, cол бір ыстық ұяның өркені жайылып, өрісін кеңейтіп, отауының тыныштығын сақтап жүрген отбасылар аз емес. Ұлағатты ұрпақ өсірген ақ жаулықты аналарымыз бен шаңырақтың айбарындай ақылы кемел аталарымызды көргенде марғау көңіліміз марқайып қалары белгілі.
Ал бүгінгінің жастары айдай әлемге жар салып үйленіп, некелесіп, екі елді туыс қылған соң араға жыл салмай ажырасып жатқанын көргенде жадыраған көңілің су сепкендей басылатыны анық. Бабаларымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп текке айтпаса керек. Қазіргі кезде қасиетті некеге немқұрайды қарап жүргендер жетерлік. Ең сорақысы, жастар виртуальды некеге көшті. Шетелден келген бұл індет бізге де еніп келеді. Әлеуметтік желімен танысып, тез арада некеге отыру сәнге айналды. Ғаламтор арқылы қауышып бақытын тапқандар да баршылық. Бірақ басым көпшілігі көп ұзамай айырылысып жатады. Бір-бірін түсінбей жүрген қоғамда танымай үйлене салғандардың тағдыры алаңдатарлық мәселе. Оны ойлап жатқан жандар жоқтың қасы.
Бұрындары бесіктен атастырғандар бақытты ғұмыр кешіп жатты. Ол кезде екі нәрестені бесіктен атастырғанда ата-ананың қандай кісілер екенін білген. Осы тұрғыда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей қазір әке-шешесі тұрмақ отау құрған екі жас бірін-бірі танымай ажырасуда. Сондай-ақ ажырасқандардың әр түрлі себептері болады. Солардың ішінде көп кездесетіні мінездің жараспауы, көзге шөп салу және ішімдіктің салдарынан екен. Отбасылық құндылықтарын жіті түсініп, «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегендей ақылмен ұрыс-керіс, жанжалдың алдын ала білейік. Ең сорақысы, бұзылған некенің салдарынан ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас үзіліп, тіпті бір-бірін танымайтындай деңгейге жетуі мүмкін. Өзгенің қаңсығын таңсық қылып, ұлттық салт-дәстүрімізді жоғалтып алмайық. Отбасы тағдыры – ұлт тағдыры екенін естен шығармауымыз керек.

Шапағат Тілеубаев
08 қараша 2020 ж. 3 729 0