«Харекет» тағы бір отбасын қуантты
Қайырымдылық жасап, қолдау көрсету қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Мұқтаж жандарға жақсылық жасауды асыл дініміз де бұйырады. Осы ұстанымды өмірлік ұран еткен «Харекет» қайырымдылық қоры Құрбан айт мерекесінде тағы бір отбасыға пәтер сыйлады.
Осы жолғы сәулетті үйдің кілті Шиелі ауданы, Тартоғай ауылының тұрғыны Күләйхан Мамрееваға бұйырды. Оның екі баласы бірдей мүмкіндігі шектеулі болып туған.
Осы жолғы сәулетті үйдің кілті Шиелі ауданы, Тартоғай ауылының тұрғыны Күләйхан Мамрееваға бұйырды. Оның екі баласы бірдей мүмкіндігі шектеулі болып туған.
– Баспаналы болу әрбір жанның арманы ғой. Неше жылғы арманым «Харекет» қорының мүшелері мен шиелілік ерікті жастардың қолдауымен іске асқанда айрықша қуандым. Мен үшін күтпеген сәт болды. Ішкі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы уақытқа дейін жеке үйім болса деп тілеп келдім. Құрбан айтта тілегім қабыл болғандай күтпеген жерден баспаналы болдым. Ізгілікке толы істері тоқтамай жалғасын тапсын. Бұл қуанышымды қалай жеткізерімді де білмеймін. Сіздерге аналық алғысым шексіз. Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын, – дейді баспана иесі.
Ал осы сауапты істің басында жүрген қайырымдылық қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Мейірбек Нұрмахан қайырымдылық істер мұнымен тоқтап қалмайды дейді.
– Біздің «Харекет» республикалық қайырымдылық қорының жұмыс істегеніне бес жыл болды. Осы аз ғана уақыт аралығында 100-ден аса отбасын баспанамен қамтамасыз еттік. Құрбан айт мерекесі қарсаңында Шиелілік анаға пәтер кілтін табыстадық. Қорымызға демеушілік танытушы жандардың барлығына Алла разылығы болсын дейміз. Мұқтаж жандарға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» көмек қолын созуды тоқтатпайық, – дейді ол.
Жалпы «Харекет» қайырымдылық қоры халықтан келіп түскен пітір садақаны мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға, үй немесе жер телімін алып беруге, үй салуына көмектесуді дәстүрге айналдырған. Олай болса қаншама жанның армандарының орындалуына әрбір азамат себепкер болуға ұмтылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ш.Тілеубаев