Алматы облысында кәсіпкер 8 баланың анасына баспана сыйлады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Көксу ауданында меценат-кәсіпкер көп жылдан бері баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып келген Солтангазиевтар отбасына баспана сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
8 баланы тәрбиелеп отырған Гүлзира мен Нұрахметті қуантқан көксулық жомарт кәсіпкер есімін құпия қалдыруды жөн санады. Ол 10 жылдан бері шиеттей бала-шағамен баспана тауқыметін тартып келген отбасыға аудан орталығы Балпық би ауылының Қазбек би көшесінен тұрмысқа жайлы 5 бөлмелі үйдің кілті табыстады.
Гүлзира мен Нұрахмет Солтанғазиевтер 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеуде. Кенже ұлдары туа біткен сал ауруына шалдыққан. Гүлзира Қазтайқызы бала күтімімен үйде отыр.
Жолдасы Нұрахмет жалдамалы құрылысшы.
«Бүгін міне қолы ашық жандардың арқасында баспаналы болдық. Бұл жаңалықты хабарлағанда сенбедім, түс деп ойладым. Бізді осында әкеп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымда шек болмады. Бәрінен бұрын балаларым бақытты. Енді олар армандағандай өз бөлмесіне қол жеткізеді. Барлығына көп рахмет. Менің отбасыма қолұшын созып, көмектескен жандарға алғысымды білдіремін», - дейді Гүлзира Қазтайқызы.
Айта кетейік, бұл аудан кәсіпкерлерінің бастамасымен беріліп жатқан төртінші үй. 2018 жылы Мұқаншы ауылында тұрмысы төмен екі отбасыға және жуырда Қызылтоған ауылында көпбалалы отбасыға пәтер кілті табысталған болатын.
www.inform.kz