Амангелді Сейітханның айтқандары
«Шіркін, Зидан қазақ болғанда ғой!», «Ан мықты ма? Кан мықты ма?», «Гол кірмесе кірмесін, тек Дюгарри аман болса екен», «Бір голдың болатыны сөзсіз бүгін, дәл қай минутта екенін айта алмаймын», «Барысша атылып, кенеше жабысты», «Түйенің қос өркешіндей жарасып келе жатқан Фло мен Каннаваро», «Қырық жыл қорғаныста ойнаппыз. Мүмкін шабуылдау керек пе еді?», «Былай қарасаң, екі қол, екі аяқ біздің де футболшыларда бар, иә?», «Аюдың апанындай қақпа тұрғанда, алақандай ғана маңдайшаға тигені несі депті ауылдағы бір апамыз», «Ойбай-ау, Мұхтархан ұйықтап жүріп осылай бокстасса, оянып кетсе, онда не болады?»
Көптеген дүбірлі додадан тікелей репортаж жүргізген танымал спорт комментаторы Амангелді Сейітхановтың осы секілді көптеген қанатты сөздері әлі күнге дейін жанкүйерлердің жадында. Біз төменде спорт журналисінің орамды ойларын қалдырдық.
Біздің ауыл фольклорға жақын болды. Қазір білмеймін, өйткені ол жақтан кеткелі біршама уақыт болып қалды. Ата-апалардың тойы, одан кейінгі буынның, жастардың отырысы салтанат болып өтетін. Бірінші кезекте – өнер. Ата-апалар діни қиссаларды, ауыз әдебиетін көбірек айтса, жастар да шығармашылық орта сияқты. Кез келген туған күн, кішігірім той-томалақ әсерлі өтетін. Әпке-жездеміздің отырыстарына көрермен ретінде баратынмын. Өйткені онда бәрі айтылады, неше түрлі ойын болады. Менің санамда қалған көрініс – осы.
Біз кімбіз? Жауап көп. Біреуі әлімсақтан мұсылманмыз дейді, біреуі қазақпыз дейді. «Мен – мен едім» дейді. Ал сайып келгенде, біз кімбіз? Zero. Нөлміз. Біз ешкім емеспіз. Абай «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» дейді. Одан артық қалай айтуға болады? Рас. Бізді де Алла тағала жаратты. Тіршілік кешеміз. Жер бетінің қожайыны сезініп кетеміз, бірақ ең әлсіз жаратылыс екенбіз. Күн суыса – шыдамаймыз, күн ысыса – тағы шыдамаймыз. Аш та жүре алмаймыз. Шөлден қаталаймыз. Ұйқыға да әлсізбіз. Біз шынында да әлсіз пендеміз.
Біз ата-ана құрметтеуден чемпион емеспіз. Қайта сол ата-ана бізді құрметтеумен өмір бойы келеді. Кішкентай кезіңнен бастап бала шағыңа, бозбала кезіңе, тіпті шау тартқаныңа дейін еркелетіп, өмірден өтіп жатыр. Бұрындары осы көрініс бар еді. Қазір біз, балалар әке-шешенің қадіріне жетуді тіпті ұмытып кеттік.
Мен өзімді үйірінен адасып қалған адам сияқты сезінемін. Жапан түзде жалғыз өзім жортып келе жатырмын. Мен ешкімді түсінбеймін, мені ешкім түсінбейді.
Журналист Есет Тулештің жазбасы