Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент те газет оқиды

Президент те газет оқиды

Соңғы жылдары «Баспасөз құралдары, оның ішінде газет-журналдар өз ықпалын жоғалтып, оның оқырмандарының саны кеміп барады» деген түсінік қалыптастып келеді. ­Дегенмен газет-журналдар әлі күнге дейін сенімді, тексерілген ақпарат тарататын негізгі бұқаралық ақпарат көздерінің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де мерзімді басылымдарды үзбей оқитынын айтқан.
Мәселен президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәли «Egemen Qazaqstan» басылымына берген 2019 жылы сұхбатында Мемлекет басшысының қай газеттерді жиі оқитыны туралы мәлім еткен болатын. Онда «Egemen Qazaqstan», «Айқын», «Astana aqshamy» газеттерін күнделікті оқиды. Олардан басқа «Ана тілі», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Алматы ақшамы» секілді апталықтарды қарап, бақылап отырады. Егер жақсы мақалалар, сұқбаттар шықса, асықпай оқып, астын сызып, тіпті кейбіріне қатысты бұрыштама соғып жатады. Мерзімді басылымдарға шыққан сыни немесе проблемалық мақалаларды оқып, құзырлы органдарға арнайы тапсырмалар беретін кездері де болады, – деген болатын.
Жақында бұл ақпаратты Мемлекет басшысының өзі де растады. «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының сол кездегі тілшісі ­Жайна Сламбектің «Сіз күнделікті қандай ақпарат көздерін пайдаланасыз? Теледидар, мерзімді басылым, әлеуметтік желілер...» деген сұрағына мемлекет басшысы:
– Мерзімді баспасөзді үзбей қараймын. Бұл – менің бұрыннан қалыптасқан дағдым. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты нақты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал, теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал әлемдік державаларының ішінен ­Ресей президенті Владимир Путин  «Известия», ­«Коммерсантъ», «Вокруг света» газеттері мен Forbes журналын оқитынын айтса, Американың экс-президенті Дональд Трамп «Нью-Йорк Таймс», «Нью-Йорк Пост», ал қазіргі президенті Джо ­Байден «Вашингтон Пост» газетін күнделікті үзбей оқып ­отыратынын сұқбаттарында айтқан.

Мемлекет басшысы газет көтерген мәселелерді шешуге тырысады
Газет бетінде көтеріліп, Мемлекет басшысының назарын аудартқан мақалалар қатарына «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген Маңғыстау ­облысында орналасқан Бозжыра шатқалының етегіне қонақ үй салу мәселесін айтуымызға ­болады. Аталған мақаланың нәтижесінде Мемлекет басшысы жобаны қайта қарауды ұсынып, қонақ үй басқа аумаққа салынатын болғаны есімізде. ­Сонымен бірге «Egemen Qazaqstan» газетінің қазан айындағы нөмірінде Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін алтын-қазушылардың бей-берекет ластап жатқаны жазылған мақаланы да ­президент ескерусіз қалдырған жоқ. Құзырлы органдар мен облыс әкімдігіне тапсырма беріп, кәсіпкерлерге айыппұл салынғаны бар. Айта ­берсе, мұндай мысалдар жетерлік. Бас­тысы, бұл әрекетімен ­президент көптеген өңір, аудан ауыл-аймақ басшыларына үлгі көрсетіп отыр.

БАҚ бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек
Онымен қоймай өз жолдауында да БАҚ өкілдеріне басымыдылық беріп, «Ең бастысы, ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы шарт. Қит етсе, өткір сын айтса, қудалауға ілікпеуі тиіс. Бұл қағидат кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы журналистердің төл көзқарасы болуы қажет. БАҚ бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын», –  деді президент.
Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бір емес, бірнеше заң жобасынан тұратын топтаманы әзірледі. Арасында «БАҚ туралы» 1999 жылғы 23 шілдеде қабылданған қолданыстағы заңды түбегейлі ауыстыратын жаңа заң жобасы да бар. Әкімшілік кодексіне түзетулер енгізетін өзге заң жобасы ақпарат құралдары өкілдерінің сауалына жауап бермейтін, ашық өтуі тиіс жиналысты жауып тастауға әуес шенеуніктер үшін жаңа жаза түрін енгізбек. Жаңа заң қабылданса, мемлекеттік органдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері сайтта, электронды Үкіметте заңмен талап етілетін ақпаратты орналастырмағаны, оны уақытылы және толық ұсынбағаны, сондай-ақ БАҚ сұрауына жауап бермегені үшін тәртіптік жаза сыртында, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бұл дегеніміз президенттің БАҚ-өкілдеріне, оның ішінде жазбаша басылымдарға құрметі ерекше деген сөз. Сондықтан газетті «жойылып кетеді» деп санау әбестік. Газет қай заманда да елмен бірге жасап, түйіткілді мәселелердің түйінін әрмен қарай тарқата беретін болады.

Рамазан ӘНӘПИЯ
28 маусым 2022 ж. 772 0