Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тосап жабу маусымы ашық. Бірақ...

Тосап жабу маусымы ашық. Бірақ...

Жарқыраған жаздың бірінші айын да тәмамдауға жақынбыз. Бұл мезгіл жеміс-жидек пен көкөністің молайып, бағасының да айтарлықтай төмендейтін уағы. Әрбір әйел заты нақ осы мезгілде пысық келіншектер қыстың қамын жасап, түрлі тосаптар мен салаттарға қоймасын толтырып алады. Бала күнімізден анамыздың жанында жүріп банкі жабу деген науқанын көріп өскен біздер оның пайдасын қыста көретінбіз. Себебі қыста суық тиіп, қызу көтерілгенде дәріханалардағы қымбат дәріден гөрі табиғи жолмен жасалатын тосап пен тәтті компоттардың, күтірлеп тұрған тұзды қияр мен көкөніс салаттарының пайдасы мол.
Қарт Қаратау етегіндегі Еңбекші ауылының инабатты келіні Гәкку Жеңісқызының соңғы 2 жылда банкі жабуға деген қызығушылығы артқан. Оның ауласындағы шағын бақшасында қазір жеміс пен көкөністің көп түрі өседі. Пысық келіншек жаз бойы жегеннен артылғанын қайнатып, қысқа дайындап қоюды әдетке айналдырған.
– Мен осы ауылға келін болып түскеніме 2 жылдан асты. Бастапқыда банкі жауып, тосап қайнату дегенге қызығушылығым болмағандығын жасырмаймын. Туыс абысын-келіндеріміз келіп бақшадағы жемістерден алып кетіп, қысқа банкі жабатынын айтты. Содан бері «Мен де неге осылай жасамаймын? Дайын бау-бақшадағы табиғи өнім ғой» деген ой болды. Сөйтіп әлеуметтік желі арқылы, одан қалды таныс келіншектерден банкі жабудың құпиясын сұрастыра бастадым. Басында бір-екеуі жеуге жарамсыз болып қалғанымен, кейінгі жапқандарым тәуір бола бастады. Солай жеміс-жидек, көкөністер өнім бергенде отбасымызбен қысқа дайындықты бастайтын болдық. Биылғы әзірлікті бастап та кеттім. Бұрындары компот жаппайтынмын. Қазір соны қоссам ба деп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.
Қыста дастарханды түрлі салат, дәмдеуіштерсіз елестету қиын-ақ. Алайда Гәккудың айтуынша, дәмдеуіштерді сатып алғанша, қолдан жасаған жақсы сезім береді, тіпті дәмі де ерекше болады. Мақаламыз мардымды болу үшін Гәккуден «лечо» деп аталатын салатты дайындаудың қыр-сырын айтып беруін сұрадық.
– «Лечоны» дайындау арнайы қабілетті талап етпейді. Күзде жинап алған немесе сатып алған көкөністерден көптеген дәмді тағам мен консервіленген салаттар жасауға болады. «Лечо»– венгердің дәстүрлі тағамы. Оны әзірлеу кез келген келіншекке таңсық жағдай емес шығар. Ұғынғаным, ең бастысы көкөністің сапасы жақсы болуы керек екен. Себебі екінші сұрыпты өнімдер соңғы нәтижеге кері әсерін береді. Сондықтан жыл сайын «лечоға» жақсы піскен көкөністерді қолдануды тырысамын. Бір құпиясын айта кетейін «лечоны» көп қайнатудың да қажеті жоқ. Бұрыш кішкене қатты болуы керек, сол кезде тағам дәмді болып шығады. Хош иісті шөптер лечоға ерекше дәм береді. Қызанақ пен бұрыш ақжелкен, райхан, майоран және тимьян секілді шөптермен үйлесімін табады. Біле білсеңіз, оларды жаңа кезінде емес, кептірілген күйде қолданса, салат жақсы сақталады. Қызанақ етті болған сайын, «лечо» дәмді бола түседі. Ал бұрыштың көгін де алса болады. Ол керісінше лечоға түр береді. Жасалған өнімдерді банканы зарарсыздандырмай жайдан-жай құя салсақ, еңбегіңнің бос кеткені. Алдымен банкі мен қақпақтағы микроорганизмдерді жою керек.
Стерилизацияның кез келген түріне кіріспес бұрын, банкінің мойны сынық емес, қақпағы болуы керек. Алдымен банкілерді ас содасымен және жаңа ысқышпен жуған жөн.
– Мен әдетте банкіні бумен зарарсыздандырамын. Ол үшін сізде суды қайнатуға үлкен кәстрөл мен үстінде банкі тұратын тор керек. Мен кейде орнына шәугімді де қолданамын. Бірақ мұндайда әр банкіні жеке-жеке тазартуға тура келеді. Ал кәстрөл үлкен болған сайын бірнеше банкіні бірге дайындауға болады. Қақпақтарды қайнап жатқан судың ішіне салуға болады. Дайын банкінің сырты өте ыстық болады. Буланғаннан кейін ішінде әдетте ірі тамшылар пайда болады. Қол күйіп қалмауы үшін оны орамалмен алып, таза матаға аударып қоямын. Жалпы стерилизация жасаудың әдіс-тәсілдері көп, оны бу пешімен немесе мультиваркамен де жасауға болады, – дейді ол.
Мінекей, Гәккудің айтқан әдіс-тәсілдері қыз-келіншектердің кәдесіне жарар деген ниеттеміз.Бүгінде әйелдер қауымы қытымыр қысқа дайындықты бастап кеткен. Тіпті «Қандай тосап әзірледің?» деп бір-бірімен ақылдасып, білгенін бөлісіп жүр. Алайда тосап дайындау үшін қанттың жағдайы мәз болмай тұр.

P.S. Жасыратыны жоқ, өңірде қант тапшылығы қатты сезілуде. Ал бағасы болса айқайлап тұр. Қант қат болған соң ба, бағасына бақылау болмай тұр. Бүгінде көтерме сауда орындарындағы қанттың бағасы 680, 700 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Шекер бағасы шарықтаған соң ба, тірліктің тәттісі кеміп бара жатқандай көрінеді. Иә, дәл осылай қант тапшылығы туындайды деп кім ойлаған? Шекерге шекіскен қаланың да, ауылдың да тұрғындарының тұрмысы мәз емес. Қымбатшылық жалақысы төмен халықты қысып барады. Қант қайдасың?

Сұлушаш МАДИЯРОВА

28 маусым 2022 ж. 440 0