Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Жақсылық – ең асыл қасиет

Жақсылық – ең асыл қасиет

Жарқыраған жаз да келіп жетті. Әрбір әйел заты осы мезгілде өрік, алма, жүзім, шие, таңқурай сынды жемістерден тосап әзірлейді. Себебі қыста суық тиіп, қызу көтерілгенде дәріханадағы қымбат дәріден гөрі осы табиғи жолмен жасалатын тосаптың пайдасы мол. Шиелі кентінің тұрғыны Фариза Маханова да – сондай жанның бірі.
«Адамның ең асыл қасиеті – жақсылық жасау» дейді емес пе? Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де әрқашан қайырымдылық жасаудан кенде қалып көрген емес. Айтуынша, үнемі қолда барын өзгелермен бөліскісі келетін көпшіл қасиеті ата-анасына тартыпты. Содан болса керек, талай жанның алғысы мен батасын алып жүр. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға өзінің жапқан банкілерін теп-тегін апарып береді екен.
– Жалпы қандай да бір іспен айналысқанда басқаларға еш зиянын тигізбейтін, керісінше пайдасын келтіретіндей етіп жасағанды жаным сүйеді. «Қыстың қамын жаз ойла» деген бар ғой. Бәріміз де тосап, салаттар басамыз. Міне, мен соларды көбірек етіп дайындап, көпбалалы отбасыларға үлестіріп беремін. Өйткені, барлық отбасы бірдей емес. Көп жағдайда мүмкіндік бола бермейді, – дейді ол.
Айта кетейік, Фариза Қасымжанқызының негізгі мамандығы – мұғалім. Ол кенттегі №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектепте өнегелі ұстаз. Кейіпкерімізді көргенде «Әйелдің қырық жаны бар» деген рас-ау деп қаласыз. Өйткені, өзінің үш баласынан бөлек қаншама баланы білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеп келе жатқаны көз қуантып, көңіл сүйсінтеді.
– Жаз айында көп нәрселер істеуге болады. Өйткені, ауа райы қолайлы болады. Ер адамдар егін егсе, ал әйелдер соны әрі қарай пайдаға асыру керек. Өйткені, ердің табысын бар қылатын да, жоқ қылатын да біз ғой. Кішкене кезімнен тосап қайнатуды, салат әзірлеуді үлкендерден үйрендік, одан заман дамып, мол мүмкіндіктер туғанда интернет желісінен көрдік, жасадық. Қазір қандай іспен айналысамын десек те, ғаламтор желісінде ақпарат толып тұр. Тек жалқаулық танытпасаңыз болғаны. Аллаға шүкір, тұрмыс құрғаныма 10 жыл толды. Алла берген 3 перзентім бар. Қандай да бір жақсылық жасасам, іспен айналыссам, отбасымның болашағы үшін жасаймын, – дейді Ф.Маханова.
Иә, әйелдер қауымы қытымыр қысқа дайындықты бастап кеткен. Тіпті «Қандай тосап әзірледің?» деп бір-бірімен ақылдасып, білгенімен бөлісіп жүреді. Сәйкесінше үлкен ата-апаларымыз тосаппен шай ішкенді ұнатады. Ал халық арасында банка жауып, оны сатып кәсіп түріне айналдырып, нәпақасын тауып жүрген жандар да бар. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің ондай ойы жоқ. Әйтсе де болашақта қолдан келгенше көптеп тосаптар, салаттар әзірлеп, жетім-жесір, ата-анасының қамқорлығынсыз бала мен жалғызбасты қарттарға мүмкіндік болса үлестіруді қалайды. Біз де өз кезегімізде қайырымды жанның арманына біртабан жақындауын тілейміз. Өйткені, қоғамға сондай жандар өте керек-ақ.

Фариза КЕНЖЕШОВА
---
30 маусым 2020 ж. 762 0