Көпке үлгі көпбалалы ана

– Жалпы қазақ халқы бала десе бір бүйрегі бұрып, жүрегі езіліп тұрады ғой. Мен де бала кезімде көпбалалы ана болуды армандайтынмын. Құдайға шүкір, Алланың қалауымен арманым орындалды. Бала – өмірдің мәні ғана емес, өміріңнің жалғасы, ізің. Жолдасым екеуміз бойымыздағы бар жақсы қасиетті беріп, адал азамат етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Өйткені, сол өсіріп жатқан ұрпағымыз жақсы болса, төрден орын алмаймыз ба? Әрине, бала өсіру оңай емес. Десек те балалы болудан қашпау керек, – дейді көпбалалы ана.
Алтын құрсақты асыл аналар қоғамда елеусіз қалып жатқан жоқ. Оның дәлелі ретінде, сәрсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» орай аймақтағы көпбалалы аналарды қабылдады. Аймақ басшысы аналарға ерекше ілтипат білдіріп, ақ жаулық пен сый-сияпат табыс етті. Аналардың көңілін көтеру мақсатында концерттік бағдарлама да ұйымдастырған. Олардың қатарында кейіпкеріміз Ақмарал Махмұтқызы да бар. Бұл да болса, аймақ басшысының аналарға деген құрметі деп түйдік.