Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киелі жерге саяхаттап қайтты

Киелі жерге саяхаттап қайтты

Сенбі, жексенбі күндері шиелілік 20 ­ардагер мен ерекше жандар түркі халықтарының рухани астанасы – Түркістан қаласына ­сая­хат жасады. Оларды шығарып салу үшін аудан әкімінің ­орынбасары А.Жандарбеков ­арнайы келіп, қарияларға ақ жол тіледі.
Сапар барысында ардагерлер «Қожа ­Ахмет Ясауи» кесенесіне зиярат етіп, «Ұлы Дала елі» орталығы мен «Керуен ­сарай» кешенін аралады. Бұл сапардан алған әсерін ардагерлердің бірі былай жеткізді.
– Әр жыл сайын ардагерлер арасында саяхат ұйымдастырып келеді. Қасиетті Түркістанның кереметін көзбен көрген қариялар бұл сапардан ерекше әсер алды. Біз балаларымыз бен немерелерімізге өңірдің киелі жерлері туралы сөз қозғау үшін әуелі өзіміз көріп алайық деп ой түйдік. Бұл саяхат алдағы уақытта жалғасын табады деп сенеміз, – деді Б.Әшірбеков.
Жыл өткен сайын Түркістанның жаңарған келбетін көруге келген шиелілік ардагерлер аз уақыт ішінде рухани астананың жаңарып, түрлі зәулім ғимараттардың бой көтеріп, адам ­танымастай өзгергенін айтып, ерекше әсерге бөленгендерін айтты. Сондай-ақ сапарls ұйымдастырған аудан әкімдігі мен ардагерлер кеңесіне алғыстарын білдірді.
Одан бөлек жексенбі күні аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ­«Тарихы терең – Түркістан» атты шара аясында ­Ахмет Ясауи кесенесіне аудан бойынша 100 ерекше жандар саяхат жасап қайтты. Осындай тарихи маңызы бар орындарға жасалған саяхат ерекше жандардың өмірге деген құлшынысын арттыру үшін аса маңызды дейді, ұйымдастырушылар. Ал ерекше жандардың атынан алғыс білдірген Ажаркүл Биімбетованың саяхаттан алғаны әсері айрықша.
– Біз мүмкіндігі шектеулі жандар қасиетті орындарға әр жыл сайын барып зиярат етіп қайтамыз. Бұнда еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне дауа іздеген жандар келеді. Бізде таза ниетпен алақан жайып, Алладан дұға тілеп, киелі саналатын Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еттік. Бізге осындай мүмкіндік берген аудан әкіміне зор алғыс білдіреміз дейді, – Ажаркүл Биімбетова.

Ш.Тілеубаев
14 маусым 2022 ж. 551 0