Ардагерлер киелі Түркістанда
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жалпы жұртыңды құрметтеу, ардагерлерді ардақтау, лайықты құрмет көрсету жайлы толғайды. Солардың бірі – аға буын ардагерлер үшін арнайы саяхат ұйымдастырып, еліміздегі тарихи орындарды, тарихи тұлғалардың мәңгілік тыныс тапқан жерлерін, киелі орындарды және басқа да еліміздің қалалары мен елді мекендерінің әсерлі тұстарымен таныстыру, көзбен көрсетіп, аралату бағытындағы жұмыстар дер едік.
Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен түрлі игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған тарихи, мәдени орындары бар. Сондай есімдері ел есінде сақталған көне орындар мен зиярат ететін жерлерді насихаттау бүгінгі күннің көрінісі іспеттес. Бүгінде аудан үшін еңбек еткен, қызметтік ғұмырын осы елдің гүлденіп-көркеюіне арнаған 20 зейнеткер үйден шыққан бетте аттың басын «Екі дүниенің есігі мен Ер Түріктің бесігі» саналатын киелі өлке – Түркістанға бұрды. V-VI ғасырларда ірге тасы қаланған Түркістан қаласында болып, Қ.Яссауи кесенесін аралады. Ескінің көзі болып сақталған орынға зиярат етіп, ел аузында жүрген аңыздар мен түрлі әңгімелерді мұхият тыңдады. Қасиетті орынға дұға бағыштады. Мұнан соң, жаһан жұртының демалыс орын саналған «Кереуен-Сарайын» аралады.
– Барлық ардагерлер бірлесіп, ақылдасып, ардагерлер арасында саяхат ұйымдастыруға бел будық. Бұл шешімді бір ауыздан мақұлдады. Қасиетті Түркістанның кереметін көзбен көрген қариялар бұл сапардан ерекше әсер алды. Біз балаларымыз бен немерелерімізге өңірдің киелі жерлері туралы сөз қозғау үшін әуелі өзіміз көріп алайық деп ой түйдік. Енді бұл сапарымызды «Арыстан баб», «Оқшы ата» сияқты қасиетті орындарда жалғастырсақ деп отырмыз, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбдірахманов.
Алдағы уақытта аудандағы ардақты ардагерлерді тарихи орындарға апару жалғасын таба берсін демекпін. Себебі, бұл саяхаттан адагерлер рухани серпіліп, туған өлкеге саяхат жасау арқылы айрықша әсерге бөленіп, марқайып қайтты.
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ