Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы тұлғалар ұлықталатын жыл

Ұлы тұлғалар ұлықталатын жыл

Барыс жылы қазақ руханияты үшін елеулі жыл болмақ. Бұл орайда тұтас ұлттың ұстазына айналған Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуын, сондай-ақ заманымыздың заңғары, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын тағылымды іс-шаралармен жоғары деңгейде атап өту баршамызға ортақ парыз.

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл
Жылнама бойынша биыл ұлт тұлғаларының мерейтойлары атап өтіледі. Ең алдымен әмбебап ғалым, ұлт ұстазы, реформатор Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Айта кетейік, бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлы тұрған музей-үй мемлекет қарамағына өтпегені, тұрақты қаржыландыру көзі жоқтығы қоғамда жиі айтылатын. Алайда былтыр тұғырлы тұлғаның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл мәселе шешімін тауып, музей қала қамқорлығына өтті.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Алаш қозғалысының рухани көсемі ­Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын 2022 жылы мемлекеттік деңгейде атап өту мақсатында Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынып, жалпыреспубликалық жоспар әзірленген болатын.
Жоспарға сай мерейтой жылы аясында «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясын, ғалымның еңбектерінің толық жинағының көптомдығын әзірлеу және баспадан шығарып тарату, А.Байтұрсынұлының қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы қойылымдық-деректі фильм түсіру, қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы Ахаңның 150 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық түркологиялық конгресс өткізу, қазақ тілі мен әдебиетін үйретуге арналған «Тіл – құрал» атты арнайы танымдық, зияткерлік телебағдарлама ұйымдастыру жоспарланған. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ғалым ескерткішін елордада орнату мәселесін қарастыруда. Ұлттық банк Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық монеталар, «Қазпошта» АҚ мерейтойлық маркалар шығарады. Аталған мерейтойды ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізу туралы өтінім Ұйым хатшылығына 2020 жылы 25 қарашада ресми түрде енгізілген еді.
Айта кеткен жөн, былтыр ғалымның 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген, режиссер Мұрат Есжанның «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалы жарыққа шыққан еді. Бұдан бөлек Мәдениет және спорт министрлігі «Соңғы үкім» атты толық метражды көркем фильм түсіруді жоспарлап отыр.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл
Сонымен қатар биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады. Өздеріңіз білетіндей, былтыр жазушының ұлы Мұрат Әуезов мерейтойға орай Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы хат жазған еді. Онда 2014 жылы жарық көрген 50 томдық шығармалар жинағына енбей қалған қолжазбалары толықтырылып, академиялық 55 томдығын жаңа технологияға сай аудио нұсқа арқылы қайта шығарып, онлайн оқу мүмкіндігі қарастырылған. Әуезовтің таңдамалы шығармаларының 10 томдығы жарияланып, әлем тілдеріне аудару мәселесі көтерілді. Сондай-ақ «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына «Ұлттық» мәртебесін беру сұралды.

С.МАДИЯРОВА
10 маусым 2022 ж. 1 188 0