Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмірдің иесі

Өнегелі өмірдің иесі

Бейбіт заманды орнату жолында жанын бір уыс шүберекке түйіп, қолына қару алып, ел қорғаған ерлер әрқашан құрметке лайық. Олардың ерлігі, қайсар мінезі, отансүйгіштігі бүгінгі өскелең ұрпаққа өшпес мұра. Сондай ұрпаққа үлгі тұтар өнегелі өмірдің иесі – Әлиасқар Дәуімбаев.
Ол 1914 жылы 15 мамырда қазіргі Байсын ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасынан шыққан Әлиасқар замандастары сияқты талай тауқіметті бастан өткерді. Өмір оны ерте есейтті. Ел басына қара бұлт үйірілген уақытта қолына қару ұстап, майданға аттанды. Осылайша 1941 жылдың 6 тамызында әскерге шақырылған ол, 1942 жылдың аяғына дейін Қиыр Шығыстың Спасск, Ворошилов қалаларының маңында резервте тұрды. 1943 жылдың басында Старая Руссоға жақын жерде солтүстік Батыс майданының құрамында алғаш рет соғысқа қатысты. Одан соң Белгород, Харьков, Кировград, Звенигордка, Умань қалалары мен Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакия жерлерін азат ету жолында күресті.
«Жауынгер жүрген жол» басылымына берген сұқбатында Әлиасқар Дәуімбаев: «1945 жылдың басында Венгрияның Будапешт қаласында неміс басқыншылары қоршауға алынды. Жаулар қаланы екі бөліп тұратын Дунай өзеніне барып, тығырыққа тіреліпті. Сол кезде 16-шы дивизиясының 700-ші гаубица полкінің 7-ші батареясына шұғыл түрде жау доттары мен дзоттарын жоюға бұйрық берілді. Алдыңғы шептен әлдеқайда кейін тұрсақ та, бұйрықтан кейін дереу іске кірісіп кеттік. Ол кезде 7-ші батареяда зеңбірек расчётының командирі кіші сержант қызметінде болған мен болатынмын.
Броньдар мен бетондарды тесіп өтетін фугастық снарядтармен алдын ала белгіленген нысаналарды атқылай бастадық. Жау жағада қарап қалған жоқ, есесін қайтаруда. Оқтаушының бір снарядты зеңбірек көмейіне тоғытқаны сол еді, алдарындағы 200 метрдей жердегі көше бұрылысынан өздігінен жүретін жау зеңбірегі шыға келді. Алдыңғы шептегі біздің жаяу әскер мен кейіндегі зеңбірек батареясының арасында қалып қойған өздігінен жүретін қондырғының аяқастынан шыға келуі бұларды әжептеуір-ақ састырып тастаған еді.
– Тікелей нысанаға дәлде! – дедім.
– Тікелей нысанаға дәлденді! –деген жауап естілісімен расчет коминдері атуға бұйрық берді. «Гүрс» етіп атылған зеңбірек бір секіріп, орнына қайта түскенде жаңағы зытып келе жатқан қондырғының шынжыр табаны қиылып бір орында тұрып қалғанын көрді.
– Жарайсыңдар жігіттер – осылайша әр снарядты әкелген сайын жауынгерлердің рухын көтеріп, дем беріп тұруға тырыстым. Кенет құлағының оң жақ артынан «Гүрс» етіп, жарылған снаряд даусы естілді. Сөйткенше көзі қарауытып, жер дүниенің бәрі шыр айналып жүре берді. Сол күннің ертеңіне, яғни 13 ақпан күні Будапешт қаласының неміс басқыншыларынан түгелдей азат етіліп, 130 мыңдай жау солдатының тұтқынға алынғанын дала госпиталында екі күннен соң есін жиғанда барып естідім. Снаряд жарықшағы оң қолымен мойныма, астыңғы ерніме тиіпті».
Ә.Дәуімбаевтың осы бір ғана оқиғасынан-ақ көп дүниені аңғаруымызға болады. Қиыр Шығыстың Спасск қаласынан бастап соғыс алаңында болған қалаларды тізбектеп қарасаңыз еріксіз таңдай қағасыз. Ұрпағының бейбіт өмірі үшін қарша бораған оққа қарсы қаймықпай соғысқан Әлиасқар Дәуімбаевтай ардагерлер жолы кейінгі ұрпаққа үлгі.
Әлиасқар Дәуімбаев соғыстан кейін туған ауылында ферма басқарды, Ы.Жақаев ауылында есепші болды. Ізін басатын тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Көзі тірісінде туыстарына қамқор, жора-жолдастарына сыйлы, қызметінде абыройлы бола білді.

Ерұлан ДАТКЕНОВ
10 маусым 2022 ж. 359 0