Офицердің анасы

1941 жылы дүние дидарына келген Зинаида Жұмаділдақызы медицина саласының ардагері. 1962 жылдан 1997 жылға дейін аудандық ауруханада, «Әдемі» тіс емханасында тіс дәрігері болып жұмыс істейді. 35 жылдық тәжірибесі бар, өз ісіне деген сүйіспеншілігі жоғары Зинаида апа 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Зинаида Ибраева дүниеге 3 ұл, 3 қыз әкелген «күміс медаль» иегері, көпбалалы ана, 1965 жылы кенеттен көз жұмған ағасының 3 баласын да бауырына басады. Осылайша, 9 баланы өсіріп, құтты орындарына қондырады. Жолдасы С.Қуатбаев зейнеттегі «Милиция майоры». Үлкен ұлы Бақыт Сағынбекұлы бүгінгі таңда облыстық өрт сөндіру ТЖД авариялық жедел құтқару қызметі бастығының орынбасары. Қалған ұл-қыздары да бір-бір маман иесі.
«Көргенді отбасыдан тәрбиелі ұрпақ шығар» дегендей үлкен ұлы Бақыт Сағынбекұлының қызметін қалтқысыз орындағаны үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті «өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» бөлімінің басшысы Н.Ибрагимов «Офицердің анасы» медалін табыстап, алғыс хат ұсынды. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты ана «Мен үшін бұдан асқан марапат жоқ» дейді.
Г.Әбдіханиқызы