Сексенінде де сергек ардагер
1941 жылы Ұлы Отан соғысы тұтанған сәтте Зинаида Ибраева әлі 1 жасқа толмаған сәби болатын. Отты жылдарда енді ғана тәй-тәй басып, былдырлаған баласын құшағына қысып, анасы Әлима мен 4 жасар ағасы Төлебай қалады. Солбір сұрапыл соғыстан қайта оралмаған әкесі Жұмаділда Ибраевты қайта көрмесе де әкеге деген сағынышы сарқылған емес. Әкесінің көзін көргендер Зинаида апаны «алтынның сынығы», «жалғыздың тұяғы» дейді. Әкесінің соғыста жазған хатын әлі күнге сақтап жүр. Өзі де осы көктемде 80 жастың сеңгіріне шықты. Дегенмен, медицина саласының ардагері әлі де сергек.
35 жыл тіс дәрігері болған кейіпкеріміз саласынан сағасын жыраққа салған емес. Әлі күнге тіске күтім керектігін айтып, пайдалы кеңестерімен бөлісіп, редакцияға жиі бас сұғады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халқымыз. Алайда, осы мақалға аса ден қоймайтынымыз өкінішті. Бір басталса, жаныңды сырқыратып жіберетін тіс ауруы екеніне ешкімнің дауы тумас. Осындай қысылтаяң сәтте жалғыз арқа сүйейтініміз, әрине – тіс дәрігерлері.
Стоматология – тарихы тереңде жатқан медицинаның маңызды бір саласы. Міне, осы саланың сырына қанығу үшін З.Ибраева 1959 жылы №45 қазақ орта мектебін аяқтаған соң, Шымкент қаласындағы Медтехникумның «Тіс дәрігері» мамандығына оқуға түседі. Белгілі медицина саласының профессоры Жәнібек Нәлібайұлы ұстаздық еткен шәкірттің бірі – Зинаида Жұмаділдақызы аудандағы алғашқы тіс дәрігерлерінің қатарына келіп қосылады. Ең әуелі еңбек жолын 1962 жылы аудандық емханадан бастады. Сол жылдары «Әдемі» тіс емханасының білікті, тәжірибелі бас дәрігері А.Абдрахмановпен бірлесіп көптеген жұмыстарды жүргізіп, жетістіктерге жетті. Мәселен, кенттегі мектеп, балабақша ішінен «тіс дәрігері» кабинеттері ашылды.
– Өскелең ұрпақ елдің ертеңі. Өміріміздің жалғасы. Сондықтан әркімнің өз баласының денсаулығына алаңдауы орынды. Әсіресе, балаларды уақытылы дәрігердің тексеруінен өткізу маңызды. Өйткені, бүгінде балалар арасында түрлі аурулар көп. Соның бірі – тіс жегісі. Әдетте тістотық диагнозы 2-3 жасар балаларда жиі кездеседі. Оның себебі әртүрлі. Мәселен, тісті тазаламаудан, тәтті тағамдарды көп тұтынудан, бала ағзасына кальцийдің жетіспеушілігінен бала тісі жаппай құрттап жатады. Кейде аналар баласына тәтті бермесе де тістерінің бүлініп жатқанын айтады. Демек, баланың бойында кальций аз, құнарсыз тамақ жейді деген сөз. Баланың тамағына үлкен мән беріп, оны ерте жастан дұрыс тамақтану дағдысына қалыптастыру керек, – дейді медицина саласының ардагері.
Иә, бүгінде аудан бойынша 6 және 11 жас аралығындағы балалардың сүт тістерінің жаппай құрт жегіне ұшырауы жылдан-жылға көбеюде. Тістің бұлай бүлінуіне экологиялық жағдайлар, ауыз судың құрамы мен тазалығы әсер ететінін де тілге тиек етті. 35 жылдық тәжірбесі бар, өз ісіне деген сүйіспеншілігі жоғары Зинаида апа 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады. Сондай-ақ, түрлі алғыс хат, грамоталармен марапатталған.
Дүниеге 3 ұл, 3 қыз әкелген «күміс медаль» иегері, көпбалалы ана, 1965 жылы кенеттен көз жұмған ағасының 3 баласын да бауырына басады. Осылайша, 9 баланы өсіріп, құтты орындарына қондырады. Жолдасы С.Қуатбаев зейнеттегі «Милиция майоры». Үлкен ұлы бүгінгі таңда облыстық өрт сөндіру ТЖД авариялық жедел құтқару қызметі бастығының орынбасары. Қалған ұл-қыздары да бір-бір маман иесі. Екеуі шаңырақ көтерген 55 жылда түрлі қиындықтарды еңсерді. 17 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Жалғызбасты анасы Әминаның бейнетін көріп өскен Зинаида апа да еңбекке етене жақын. Әдемі қартаюдың, елге еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ