Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізденімпаз ұстаз

Ізденімпаз ұстаз

Ұстаз сөзі біз үшін қасиетті, қадірлі. Талай данышпанмен, небір еңбек адамы осы ұстаз алдынан өтіп, оның өнегесін бойына сіңірері хақ. Сондай ұлағатты ұстаз ретінде Айгерім ­Аралбаеваны айтуға болады.
Кейіпкеріміз аудандағы №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы қазақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Аталған мектепте 5 жылдан бері жас ұрпаққа білім беріп келеді. Айгерім Нұрадинқызы сабақ беретін пәндерін толық меңгерген, оқытудың жаңа технологияларын жетік білетін, білім ордасындағы озық тәжірибелі, жаңашыл, ізденімпаз ұстаз. Сынып жетекші ретінде де жинаған тәжірибесі мол. «Мектебімізді сау, берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегімізге тайынбай серттесуге болады. Ал сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай болашағымыз ұстаздардың қолында. Расында, әр оқушы ұстазға қарап бойын тіктеп, тәрбие алады. Осы үдеден табылатын Айгерімнің ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйетінін әріптестері ауыз толтырып айтады бүгінде.
Айгерім Аралбаева жұмыс барысында тұлғалық бағдар тәсілін қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді тәсілін, әдістерін қолданып қана қоймай, әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдай жасайды. Мұғалім мен оқушы, оқушы мен ата-ана, ата-ана мен мұғалім арасында тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында тынбай еңбектенуде. Сондай-ақ көптің алғысын арқалап та жүр. Оның оқушылары республикалық «Кемел» математикалық сайысы мен «Ақ Бота» интеллектуалдық марафонында, «Кенгуру» математикалық олимпиадасында, сонымен қатар «Пони» халықаралық жарыстарында үздіктер қатарынан түспей келеді.
Мұғалімнің білім саласында қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Санаты – «Зертеуші педагог». Сонымен қатар «Үздік оқырман – 2020» атты аудандық байқаудан ІІ дәрежелі дипломмен, «Рухани жаңғырудағы ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы: теория және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми фестивальде арнайы Алғыс хатпен марапатталған. Кәсіби байқаудың І орын иегері.
Ол қашықтан оқыту кезінде оқушылардың үнемі сабаққа қатысу тәртібін, үлгерімін, ата-аналар мен оқушылардың арасындағы психологиялық ахуалдың дұрыстығын қадағалап, мектептің педагог-психологымен тығыз байланыста жұмыс істей білген білікті маман. Айгерім Аралбаева тәжірибелі педагог, шебер сынып жетекшісі ретінде өз іс-тәжірибесін облыс, аудан деңгейінде тарату, жас ұрпаққа лайықты білім мен тәрбие беру мақсатында еңбек етуде. Олай болса ұстаздың әлі асар биігі алда.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 мамыр 2022 ж. 532 0