МАЙДАНГЕР МОНОЛОГЫ
Неміс-фашист армиясының генерал-фельдмаршалы Фридрих Паулюсті тұтқындау операциясына қатысқан, 100-ге қадам жасап отырған майдангер Сәрсенбек Байжанұлына арнаймын.
Отты кешіп,
оқты жұтқан мұзбалақ,
Маңдай терін сүртіп тастап бір қабат,
Есіне алып алапатты шақтарды,
Батыс жаққа сүлесоқтау тұр қарап...
«...Ана жерде арасында тау-тастың
Алғаш рет ата жаумен айқастым.
Жан алысып,
жан беріскен алапат...
Сонда көрдім сұрапылын шайқастың.
Арасында анау зәулім үйлердің
Жүрді соғыс
жүзін жауып күн, жердің.
Түйредім мен бетпе бетте қанша жау,
Қанша мәрте өзім жауға түйрелдім.
Қала іші күндіз-түні ақ тұман,
Еңкіш тартқан анау үйдің
астынан
Айдап шықтық
генаралын немістің,
Шар болаттай тас бекінген жас қыран.
Өмір деген бір бұралаң жол екен,
Қасіреті,
мұң-қайғысы мол екен.
Жертөледе жасырынған жан сақтап...
Жауыз,
малғұн Паулюс деген сол екен...
Жеңіс күнге аз уақыт қалғанда,
Жеті жерден жараланып майданда,
Емделуге госпитальға жіберді
Кегім іште,
кете бардым арманда.
Бірге өткізген қасіретті күнімді,
Шайқастарда сан бөліскен сырымды,
Госпиталға ала кеттім арқалап,
Стольников деген командирімді.
...Жеттік солай бейбіт күнге бүгінгі...»
***
Батыс жақтың таусылмайтын шатағы,
Күйзелтеді,
толғантады атаны.
Жарты тәнін алып қалған батыстың
Оғаш ісі қарт жанына батады.
Отты кешіп, оқты жұтқан мұзбалақ,
Маңдай терін сүртіп тастап бір қабат,
Тыныш өмір,
игілікті іс тілеп,
Батыс жаққа сүлесоқтау тұр қарап.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ