Гәкку-Күләш аққу-ән болып қалықтады
Күміс көмей, жезтаңдай әнші Күләш Байсейітованың туғанына биыл – 110 жыл. Тума талант иесі небәрі 24 жасында КСРО Халық әртісі атанғаны барша қазақ үшін мәртебе һәм мақтаныш. «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген халық даналығы. Жылдар жылжып өткен сайын қазақ бұлбұлының да есімі жұлдыздай жарқырай түсті. Биылғы жылы тіптен ерек. Әншінің мерейтойы еліміздің түкпір-түкіпірінде кеңінен аталып өтуде. Біздің Шиелі ауданы да салтанаттан тыс қалмады. Сейсенбі күні аудандық «Арман» мәдениет үйінде К.Байсейітованың 110 жылдығына орай «Сайра бұлбұл» атты облыстық вокалистер байқауы өтті.
Қазақ елінің мәдени әлеміне ерекше қолтаңба қалдырып, қазақ операсының туын көкке көтерген жарық жұлдыз, қоғам қайраткеріне арналған байқаудың шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып, жылы лебіз білдірді.
Қазақ елінің мәдени әлеміне ерекше қолтаңба қалдырып, қазақ операсының туын көкке көтерген жарық жұлдыз, қоғам қайраткеріне арналған байқаудың шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып, жылы лебіз білдірді.
– Қазақ халқының өнерде биік деңгейге жетуі өзіндік қолтаңбасы бар аға-апалардың арқасы. Сол секілді қазақтың киелі сахналарында «Гәккудей» әнімен, аққудай сәнімен, жібектей келбетімен жұрт назарын аударып, сахна төрін нұрландырған Күләш Байсейітова дара өнерінің арқасында елге танылды.
Адам өмірден өтіп кетсе де, өнер өлмейді. Араға қанша жыл салсақ та, Күләштің есімі елімен бірге жасап келеді. Оның қазақ өнеріне қосқан үлесі шексіз. Осы орайда өнер иесінің 110 жылдығына арналған ауқымды шара Шиелі жерінде жалғасын тауып отыр. Сондай-ақ Күләш апайдың құрметіне арналған вокалистер байқауына келген барлық өнерпаздарға сәттілік тілеймін, – деді.
Одан кейін жиналған қауым лэд-экран арқылы оның өнер жолындағы жетістіктерін тамашалады. Қазақтың ақ маңдайлысы 1912 жылы 2 мамырда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Жастайынан өнер өлкесіне қанат қағып, жезтаңдай әнші атанады. Әкесі Жасын домбыраны шебер ойнаған талантты кісі болған. Ол 1929 жылы қазақ драма театры Қызылордадан Алматыға көшіп келгенде Күләш Байсейітова осы өнер ордасына баруды мақсат етеді. Сөйтіп Алматы педагогикалық институтына түсіп, осындағы көркем өнерпаздар үйірмесінде, қалалық байқауларда ән салып көзге түседі. 1929 жылы Қазақ драма театры жанындағы музыкалық драмалық студияда оқып, 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрына қабылданады. Күләш әу баста концерттерде әншілік өнерімен танылады. Ол небәрі 22 жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі, ал 24 жасында КСРО халық әртісі атағын алды. Ол кезде мұндай марапатқа қолы жеткендер ілуде біреу ғана. Сондай-ақ, КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты атанып, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің және бірқатар басқа наградалардың иегері болды.
Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ бұлбұлының барша халықты, оның ішінде солдаттарды рухтандырар әндері радио торабынан, ел аузынан жиі естіліп, есімі баспа беттерінде көптеп жарияланды. 1941-1945 жылдары жер жүзін жайлаған аласапыранда сарбаздарды жігерлендіруден танбады. Қан майданда концерттерін өткізіп, әндерінің құдіретімен жауынгерлердің жүректерін жалындатып, рухтандырды. Өнерімен – бұлбұл үнді әнші, ерлігімен – қазақтың қайсар қызы атанған тұс осы. Төрт мүшел өмір шегіне жетпей, 45 жасында бақилық болса да, оның өмір жолы жырдың күйіндей дастан, ұлы тарих, ел есіндегі ерлік. Өрелі өнер иесіне халқының берген бағасы дөп те дәл, нық та нанымды: «Қазақ халқының бұлбұлы», «Күміс көмей, жезтаңдай әнші», «Қазақ опера өнерін дамытушы дарабоз дарын», «Опералық бейнелерді беріле де берік сомдаудың көшбасшысы», «Ұлы Отан соғысына өзіндік үлесін қосқан қайсар қыз» болып жалғаса береді.
Міне дәл осындай аты аңызға айналған өнер иесінің құрметіне ұйымдастырылған байқауға Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарынан келген талапкерлер қатысты.
Байқауға Қызылорда қаласы Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің мұғалімі және облыстық филормония әншісі «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейтова, аудандық өнер мектебінің «Ән салу» бөлімінің меңгерушісі, «Арман – Асыл» аналар ансамблінің мүшесі Гүлназ Абдразақова, Шиелі аудандық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Рысдәулет Құдайбергеновтер әділ бағасын берді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені жаңақорғандық Сұңқар Алимұса алса, І орын жерлесіміз Дәурен Беркімбаевқа бұйырды, ІІ орынға қармақшылық Ерлан Наргиз жайғасса, ІІІ орынды шиелілік Қасымхан Азамат пен Самал Жұбандықова бөліске салды.
Ш.Тілеубаев