Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түні – тағдыр түні

Қадір түні – тағдыр түні

Әне-міне дегенше Рамазан айының соңына таядық. Жаратқаннан жақсылық күтіп, отыз күн ораза ұстап, құлшылыққа құлшына кірісетін исі мұсылман үшін бұл ай мың айдан да қадірлі. Ал ең маңыздысы осынау ерекше айдың ішінде қате-кемшіліктер кешіріліп, Жәбірейіл және басқа да періштелер түсетін түн Қадір түні жасырынған. Алла Тағала Қадір түнін басқа түндермен салыстырғанда ерекшелеп, оның дәрежесін көтерген. Бұл түні Жаратушы Иенің берер сыйы да мол. Сондықтан күллі мұсылман қауым бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Таң атқанша алақан жайып, дұға-тілек тілейді. Бірақ жер бетіндегі жұмыр басты пенде Қадір түнінің нақты қай уақытқа тура келетінін дөп басып айта алмайды.
Әбу Хұрайрадан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) «Түсімде Қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, жаңағы уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер» деген. Ал тағы бір хадисте Ибн Аузағи (р.а) және Суфиян ибн Ұяйнаның (р.а) риуаятында «Ант етемін, мен Қадір түні Рамазан айының жиырма жетісі екенін білемін, өйткені, Расулалла біздерге сол түні ұйықтамауды бұйырған» дейді. Міне, осы хадистерге қарап, Қадір түнін Рамазан айының соңғы 10 күнінен іздеуге болады. Алайда мұсылман қауым тек осы күні ғана дұға тілеп, жақсылық жасап, басқа күндерді босқа өткізуге болмайды. Мүмкіндік болса Рамазан айының әр күнін Қадір түні секілді қабылдап, сауапты іс жасап, тілек тілеуден жалықпай, құлшылықпен өткізсе қадір түніне дөп түсуі мүмкін. «Әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді қадір біл» дегендей Рамазанның барлық түнін игі іспен өткізіп, қадір түнінен мүлт кетпейік.

Қадір түнінде Қыдыр ата келе ме?
Халық арасында «Қадір түні Қыдыр ата аралайды» деген сөз де кеңінен таралған. Осы ақпаратқа сеніп, әлдекімдер ақ дастарқан жайып, ақ шапан жамылып келетін ақсақалды күтеді. Ал кейбіреулер тілекті Құдайдан емес, осы Қыдыр атадан да сұрап жатады. Бірақ ел аузында жүрген бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды. Әуелі Қыдыр ата дегеннің кім екеніне тоқталайықшы.
«Асыл арна» телеарнасының ресми сайты Қыдыр атаның Алланың пайғамбарларының бірі болған дейді. Құранда «Кәһф» сүресінде ол кісінің Мұса пайғамбармен арасындағы оқиға айтылады. Қыдыр пайғамбар да басқа адамдар секілді өмірден озған. Демек оны келеді деп күту – қателік. Ал «Қадір» сөзі – ұлы және орасан деген мағынаны білдіреді. Яғни Қадір түні мың айдан да қадірлі. Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады» деп игі істерге шақырған.
Сондықтан Қадір түні Қыдыр ата келеді деп дастарқан жайып, есік-терезелерді ашып, ыдыстарға су толтырудың қажеті жоқ. Иә, бұл түні көктен періштелер түседі. Бірақ олар ас-суға мұқтаж емесі мағлұм. Ал Қыдыр атаға келетін болсақ, оның Қадір түнімен ешқандай байланысы жоқ. Бұл ырым қазақ даласында ежелден пайда болған. Қазақ елі Қыдыр атаны Ұлыс күні келеді деп сенген. Өйткені бұл сәтте күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, жер үстіне шаттық орнайды. Аңыз бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайтындықтан, сол түн «Қыдыр түні» деп аталған. Яғни Қадір түні мен Қыдыр түнінің түсінігі әртүрлі.

Айбек Асанов
29 сәуір 2022 ж. 391 0