Мың айдан да қайырлы қадір түні

Қадір түнінде Қыдыр ата келе ме?
Халық арасында «Қадір түні Қыдыр ата аралайды» деген сөз де кеңінен таралған. Осы ақпаратқа сеніп, әлдекімдер ақ дастарқан жайып, ақ шапан жамылып келетін ақсақалды күтеді. Ал кейбіреулер тілекті Құдайдан емес, осы Қыдыр атадан да сұрап жатады. Бірақ ел аузында жүрген бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды. Әуелі Қыдыр ата дегеннің кім екеніне тоқталайықшы.
«Асыл арна» телеарнасының ресми сайты Қыдыр атаның Алланың пайғамбарларының бірі болған дейді. Құранда «Кәһф» сүресінде ол кісінің Мұса пайғамбармен арасындағы оқиға айтылады. Қыдыр пайғамбар да басқа адамдар секілді өмірден озған. Демек оны келеді деп күту – қателік. Ал «Қадір» сөзі – ұлы және орасан деген мағынаны білдіреді. Яғни Қадір түні мың айдан да қадірлі. Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады» деп игі істерге шақырған.
Сондықтан Қадір түні Қыдыр ата келеді деп дастарқан жайып, есік-терезелерді ашып, ыдыстарға су толтырудың қажеті жоқ. Иә, бұл түні көктен періштелер түседі. Бірақ олар ас-суға мұқтаж емесі мағлұм. Ал Қыдыр атаға келетін болсақ, оның Қадір түнімен ешқандай байланысы жоқ. Бұл ырым қазақ даласында ежелден пайда болған. Қазақ елі Қыдыр атаны Ұлыс күні келеді деп сенген. Өйткені, бұл сәтте күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, жер үстіне шаттық орнайды. Аңыз бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайтындықтан, сол түн «Қыдыр түні» деп аталған. Яғни Қадір түні мен Қыдыр түнінің түсінігі әртүрлі.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ