Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың өкімімен Руслан Рүстемов облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Руслан Рүстемов «Facebook» парақшасында хабарлады.
«Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев сенім білдіріп, үлкен салаға жетекшілік жасауды жүктеді.Мәдениет пен өнер, спорт маған бейтаныс сала емес, 2002-2007 жылдары облыстық мәдениет басқармасы басшысының, 2016-2019 жылдары облыс әкімінің орынбасары болып қызмет еттім. Арал мен Жаңақорған арасында талай дарабоз таланттардың рухани түлеуіне тамшыдай үлесім тиген болар, сол шақты сағынатын едім, енді 15 жылдан соң ыстық ортаға оралып отырмын. Ана мен бауырындағы баланың бір-бірінен алшақтап, арадағы үзік ұзақ мерзімнен кейінгі кездесуі қалай өрбитіні секілді менің де жүректегі лүпілім кеудеме симай тұр. Бір қуанышым осы еді.
Ал, үмітім – сенім мен жауапкершілік. Екі ұшты үмітті үкілей алмасам, толысқан тәжірибем, біліктілігім, кемелдігім кері кетпей ме, мен үшін маңыздысы осы жәйт. Бұрынғы дана бабалар дәріптегендей, дарақыдан – сорақы жаман, сұмпайыдан – тұрпайы жаман, саңыраудан – меңіреу жаман дегеннен тәңір сақтасын!Бір қазанда сан саланың сыбағасы бар. Қазір шүлен тартатын заман емес, әрбір тиын таразыға түсетін, әрбір мәселе безбенге салынатын есептің уақыты. Ашықтық, жариялылық – басты борыш. Негізі ұстаным осы бағытпен жүреді. Тәртіп пен талап, жауапкершілік пен жүйелілік, жаңашылдық пен жаңғыру күн тәртібінен түспейді.
Өңір мәдениетін дамытуға, өнерді өркендетуге әлеуетті күш жұмсауға тиістіміз. Спорт та серпінді саланың бірі. Сыр спортын қанаттандыруға, әртараптануға әлеуетті күш жұмсауымыз керек. Алдымызда дүбірлі дода, сындарлы сайыстар тұр. Оған лайықтыларды, дара дарын иелері мен талантты, жүректі де білекті жерлестерімізді баптауға міндеттіміз. Сондықтан сала қызметін жаңғыртып, бірлігін сақтап, мамандар біліктілігін арттыруға барынша атсалысатын боламын.
Ұлтымыздың «Өнерліден өнеге ал, таланттыдан тәлім ал»,- деуі тегін емес. Себебі, өнер – он іспен тең, өнерпаз – он кісімен тең деген баға бар. Осындай ұғым ұжымның «ұраны» болады деп үміттенемін», – деп жазды фейсбук парақшасында жаңа басқарма басшысы Руслан Рүстемов.
https://kyzylorda-news.kz