«Jas Otan» қатарына көшбасшыларды тарту қажет
«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінің негізгі күн тәртібі «Жаңа Қазақстан» бағдарын құруға бағытталды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съезде толығырақ тарқатты.
Мемлекет басшысы Тұңғыш Президенттің осы күнге дейін атқарған істерін жоққа шығармауға шақырды.«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қиын тарихи кезеңде мемлекет құру жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алды. Бұл, шын мәнінде, өте ауыр міндет еді. Экономика құлдырап, инфляция шарықтап, әлеумет күйзеліске түскен. Сол кезде ол нарықтық экономиканы қалыптастыруға, жан-жақты реформаларды жүзеге асыруға кірісіп кетті. 90 жылдардың ортасында мемлекеттік шекараны заңды түрде рәсімдеу жұмысы басталды. Кейін делимитация, демаркация жұмыстары аяқталды» – деді Президент.
Сондай-ақ, съезде «Jas Otan» жастар қанатының қатарына жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тарту қажеттілігі айтылды.
«Jas Otan» нақты жұмыс істеу үшін зор әлеуетке ие. Партияның жастар қанатында бүкіл еліміз бойынша 100 мыңнан астам мүше бар. Айтарлықтай ресурс лайықты қолданылу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті қалаларда жайластырылмаған жастармен нақты жұмыс жүргізілуі тиістігін баса айтты.
«Jas Otan» қатарына пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын, жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тарту қажет. Мемлекет жастарды жұмыспен қамту, білім беру және оқыту саласында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асыруда. Алайда, әлеуметтік сұрау салу нәтижесі жастардың басым бөлігі олар жайында ештеңе де білмейтіндігін көрсетіп отыр. Мұндай ахуалды табанды түрде өзгерту қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты
https://aqmeshit-zhastary.kz